Аймақтар • 31 Мамыр, 2024

Жол ережесі бұзылмағаны абзал

35 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаздың шығуымен жол жүру ережесін бұзу да арта түседі. Қыстыгүні немесе күзгі, көк­темгі қатқақта көлігін қат­ты жүргізе алмайтын кейбір есерлер тақыр жерде көлігінің тақымын жазуға тырысады. Әсіресе ішімдік татып алған­дар көлік тізгінін еркіне жібе­реді. Жуырда сондай бір жүр­гізуші «Челябі – Новосібір» тас­жолының Солтүстік Қазақстан аумағындағы учаскесінде поли­цияның «тоқта» деген белгісінен қашып, құтты кинодағыдай қуғын тудырды.

Жол ережесі бұзылмағаны абзал

Полицейлер де кез келген көлікті тоқтата бермейді ғой, мынаның жол­дың бойында қатты жылдамдықпен бұ­ралаңдап келе жатқанын көрген соң, тоқтатпақ болған. Есер жүргізуші тоқ­таудың орнына жылдамдығын одан әрі үдетіп, қалаға қарай зымырай береді. Патрульдік экипаждағылар оның қы­лығын қала маңындағы әріптестеріне хабарлап, қуғынға бірнеше машинаның қатысуына тура келеді. Қалаға кіріп алған соң, қашқын жылдамдығын ірік­пей, бұрылыстардың біріне кіріп, жасырынып қалуға тырысқан. Алайда дабылдарын сарнатқан полицейлер оны Партизан мен Жұмабаев көше­лерінің қиылысында екі жақтан ке­ліп тоқтатып, біреуді соғып немесе өзі­нің арандап қалуынан құтқарды. Күт­кендегідей ол ішімдік татып алған болып шықты. Енді ол жылдамдықты асырғанына және ішімдік татып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Осындайлардың кесірінен осы жылдың 4 айында екі рет жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның сал­дарынан 8 адам зардап шекті», дейді жер­гі­лік­ті полиция қызметі басқармасы бас­тығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Александр Розбах.

Жас емес, жасамыс адамдардың өзі де мас болып, өзіне де, өзгеге де қауіп­ті екенін біле тұра рөлге отыра­тын фактілер де кездеседі. Мы­салы, Қызылжар ауданының 62 жас­тағы тұрғыны өзінің «ВАЗ-2106» авто­көлігімен «Челябі – Новосібір» тасжолының бойында келе жатқанда жол тәртібі сақшыларының көзіне түседі. «Тоқта» деген белгіні бұл да еле­мей, жылдамдығын үдетіп, алға тарта береді. Соңына түскен патруль­дік экипажды адастырмақ болып, бір кезде трассаға қосылатын жай жол­ға бұрылып кетеді. Ол жолдың бо­йын жуырда су жырып, арық болып қалған екен. Алайда жүргізуші тақ­тай тасталған тар жолақтан аман өтіп кетеді. Жай жолға түскен соң, мені қумайды десе керек, жүрісін әрі қарай үдетіп, жақын ауылдардың біріне тар­тады. Алайда жол сақшылары оған жетіп алып, күшпен тоқтатуға мәжбүр болады. Сөйтсе... жүргізуші удай мас болып шығады. Тіпті көліктен де өз аяғымен түсе алмайды. Мұндай адам­ның қылмыскер екені сөзсіз: ол не өзін, не біреуді арандатады.

Аудандық ПБ бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуы­на қарағанда, қазір ол 20 тәулікке әкім­шілік қамауға алынған. Өзі бұрын жүр­гізуші куәлігінен де айырылған екен, қазір көліктің руліне отыруға құқы жоқ. Бірақ соған қарамай даңғыл жол­дың бойында емін-еркін жүре берген.

Жүргізуші жол ережесін бұзбай, ешқандай көлікке де, жүргіншіге де қауіп төндірмей жүре берсе, ондайды полиция ұстамайды. Мысалы, «Volkswagen» көлігі бар 37 жастағы Петропавл тұрғыны бірнеше жылдан бері жүргізуші куәлігінсіз жүріп келген. Алайда «шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады» дегендей, ол бір­де бағдаршамның қызыл жарығына жүріп кеткенде тоқтатылып, куәлігі талап етілгенде, өзі осылай мақтаныпты. Осындай да пәруайсыз жүргізуші­лер қала көшелерінде болып тұрады. Оның көлігі автотұраққа қойылып, өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Биыл 10 мамырдан бастап өңір­де «Құқықтық тәртіп» жедел-про­филактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Әзірге жылдамдықты асырудың 184, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 12 фактісі анық­талды, сондай-ақ 18 мас жүргізуші ұс­талды. Бұдан бөлек, электрлі самокат­тарды жүргізушілер де басты назарда. Олар жаяу жүргіншілер өткелдері­нен өтерде самокаттан түспейді, артына біреуді мінгізіп те алады. Ал тәртіп бойынша өткелдерден өткенде электрлі самокаттарды рульден ұстап, жаяу өту қажет, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Тро­туарлармен жүргенде жаяу жүр­гіншілерге кедергі келтірмей, жыл­дамдықты сағатына 6 шақырымнан асыр­май жүруге ғана рұқсат етіледі. Бірақ ондайды елеп жатқандар сирек. Жалпы, «Құқықтық тәртіп» іс-шара­сының алғашқы күндерінде облыс поли­цейлері 1400-ден аса түрлі бұзушылықты анықтады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы