Таным • 30 Мамыр, 2024

Ер мінезі

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениетпен бірге жан отарланады, мінез өзгереді. Жаһандану үрдісі еркін жайылған уақытта ғаламтор арқылы кез келген ел өнері қолжетімді. Бақсақ, қоғамдағы жастардың мінезі әртүрлі. Шетел әндерін үзбей тыңдап, киносына құныққан ұлдар қоңыр мінез бен арынды айбаттан ауытқып, дарақылыққа бейім бола бастағандай.

Ер мінезі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Нағыз қазақ ерінің мінезі қандай еді? Ең бірінші, біз – түркі халқымыз. «Ба­тыр түрік» атанған елдің Мөде, Аттила, Шыңғыс хан, Әмір Темір сынды даңқты перзенттері әлемге аян. Мах­мұд Қашқаридың «Түрік тілдерінің лұғатында» бүй дейді: «Ұлы Тәңір айтады, менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын!» Ер түріктің қара ша­ңырағына қоныс тепкен қазақ жұр­ты – араб-парсыланудан алыс, нағыз түрікке тән болмысын сақтаған бірегей жұрт.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасында қазақ ерінің прототипі Кебек пен Есен батыр арқылы нақышты көрініс табады. Еңлік алдында ерегісе тізе қосқан қос батыр тасыса да, ақылдан аттамайды.

«Шын батыр уәдесінде ұдай тұрар!

Кездесіп қирар кезің тұрған шығар.

Бой беріп сабыры мен ақылына,

Келер деп кезін тосып әрі шыдар»,

дейді әрі сұлу, әрі есті Еңлік. Қыз тоқтамынан соң, қос батыр оңаша қалса да шекіспейді. Серттен атта­май, арға тұрады. Есен батыр: «Жоқ, мен қыздың сөзін мақұл көрдім. Егесіп аруа­ғымды кішірейтпеймін», деп жөніне кетеді. Қос батырдың диалогінен болмысы бұзылмаған қазақ жігітінің апайтөс ірілігі, «ұсақтық батырлықпен егіз емес» дейтін алыптығы анық сурет­теледі.

Ал «Қараш-қараш» оқиғасындағы Бақтығұл болмысы – кескекті ердің сойы, ұлттық ұланның бірегей прототипі. Кесек балуан денелі, иықты, кеуделі кел­ген, сөзге жоқ, төзімді, қырағы мерген, адал, еңбе­кқор, рухы таза ол әулет кегі үшін шамырқанып атқа қонады. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп арығын білдірмей тың жортып, азбан байдың аяқ алысын аңдып, ақыры қапысын тауып көздегеніне жетеді. Әділетсіздікке жаны қас, қамқор әке, адал жар Бақтығұл бейнесін таныған сайын, нағыз қазақты көргендей мейірің қанып, бой шымырлайды.

Кейінгі уақытта «сүйдім, күйдім» деп көзге жас алар жасық мінез немесе жанашырлық пен жұқа мейірбандық жібін ұғына алмас дөкірлік өршіп тұр­ғандай. Сөзінің құйрығы жоқ жалаңдық, әп дегенге ашуланшақтық сынды төменшік мінез ерге тән емес. Жанды тәрбиелеу қажет десек, сол жанды тәрбиелеп, таным қалыптастырар бірегей жол – рухы биік кітаптар, ұлттық қайнарға толы жинақтар дер едік.

Соңғы жаңалықтар