Көрме • 29 Мамыр, 2024

АҚШ-та асық ойнаған...

15 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-та қазақ этномұражай-көрмесі ашылып, шетте жүрген барша жерлесіміз ұлттық мұраларды көзбен көріп, қолмен ұстады. Мәдени іс-шараны Нью-Йорктегі кәсіпкер қазақ азаматы Назар Әли Бименов ұйымдастырған. Көрме енді Бруклин ауданында тұрақты өтіп тұрмақ. Ал бұл жолы алғашқы күні адам көп жиналатындықтан, ұйымдастырушылар этномұражайдың ашылу салтанатын Бруклиндегі саябақта өткізген.

АҚШ-та асық ойнаған...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Игі бастаманы қолға алып, көрмені ұй­­ым­­дастырған, өз қар­­­­жысына елімізден экс­по­нат­тарды алдырған – Назар Әли Бименов. Кәсіпкер қазақтың бай мәдениетін бүкіл Америкаға таныстырғысы келеді.

«Нью-Йорк қаласында енді тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Қазір керекті іс-шаралар ат­қа­ры­лып жатыр. Ал АҚШ-ты ара­лап, өңір-өңірге арнап өз ша­руа­шылығымнан екі спринтер кө­лігін бөлдім. Яғни жылжымалы-көшпелі мұражай болады. Қазір этно­мұражай қорында қазақтың салт-дәстүріне қатысты, тұр­мыс тіршілігінде қолданған көптеген жәдігер жиналған. Ер­тоқым, қамшы, садақ, ас­тау, кесе, қымыз пісетін күбі бар. Тіпті XIX ғасырдағы кел­сап­ты да алдырдық», дейді ұйым­дастырушы.

«Көрмеге келген жастар өз­дері білмейтін заттардың атын сұ­рап жатыр. Мұнда біраз жә­дігер жиналған. Көне аспаптар да бар. Жетіген, қо­быз... Осын­да туған қазақ балалар: «Мы­намен қалай ойнайды?», деп асықтарды да, қызықтап көріп, ойнап жатыр. Сондықтан бұл мақтануға тұрарлық іс деп ойлаймын», дейді Нью-Йорк тұрғыны Нә­сіп Хазиева.

Этномұражай алдағы уа­қыт­та да жаңа жәдігерлермен то­лық­тырылмақ. Мәселен, көрмеде су­ве­нир киіз үй тұр, болашақта ел­ден алты қанатты шын қазақ үйді алдырту жос­пары бар.