Туризм • 30 Мамыр, 2024

Көзді арбаған Зеңгіркөл

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі бірер жылда Орал қаласының іргесіндегі Бортау ауылы маңында ерекше түсті тұнық көл халықтың назарын өзіне аударып тұр. Қазақтар «Зеңгіркөл» деп атап жүрген бұл жерге қала тұрғындары ғана емес, өңірге жолы түскен меймандар да арнайы келеді екен.

Көзді арбаған Зеңгіркөл

Суретті түсірген – Айболат ШАМҰРАТҰЛЫ

Еліміздің мемлекеттік туының түсін еске салатын ерекше көл Орал қаласында 1976 жылдан бері қызмет етіп тұрған әк зауытының өндіріс аумағында орналасқан. Яғни көлдің өзі табиғи бор қазып алынған қазан шұңқырлардың түбінен пайда болған. Бұл жерге келетін жолды екінің бірі біле бермейді, ешқандай сілтеме белгі орнатылмаған.

– Зеңгіркөл қазірдің өзінде Орал қаласының танымал бренд­терінің біріне айналып үлгерді. Қалаға келген туристер көргісі келетін нысанның бірі – осы. Жақында Қостанай қаласынан келген саяхатшы Амандық Әмір­хамзин да осы жерді арнайы көріп кетті. Өкінішке қарай, бұл жер келушілерге лайық­тал­маған, жол жоқ. Тиісті орындар осындай жаңалыққа тез бейім­деліп, шұғыл шешім шы­ғарып, келушілерге жағдай жасап, жергілікті туризмнің да­муына үлес қосқаны жөн болар еді, – дейді өлкетанушы, Батыс Қазақстан облысы туристер қауымдастығының директоры Айболат Құрымбаев.

Зеңгіркөлді көрген халық оның көркемдігін Мальдив аралдарына, Исландияның әйгілі көгіл­дір бастауларына, ақ борлы шат­қалдарды Памуккалеге теңеп жатады. Шынында да айнала ап­пақ борлы сай-сала, шатқал түбін­дегі ерекше түсті тұнық көл көр­ген жанға керемет әсер сыйлайды.

Осы орайда «Батыс Қазақстан Құрылыс материалдарының корпорациясы» акционерлік қоғамы құрамындағы Орал әк зауытының директоры Рамазан Нұрлиевке жолығып, Зеңгіркөл туралы сұ­раған едік.

– Иә, халық қызығып көріп, суреттерін таратып жүрген ерекше көл біздің қолданыстағы карье­р, бор алып жатқан ашық кен орны ғой. Келушілер көбейіп жатқанын байқап жүрміз. Қазір күніне шамамен 200-дей адам келеді. Біз алғашында келушілерге ыңғайлы болуына жолды реттеп, көл жағалауына саты-тепшектер орнатып, халыққа жағдай жасап қойғымыз келіп еді. Бірақ заңгеріміз олай болмайтынын айтты. Карьердің негізгі міндеті – кен өндіру. Біздің жарғымызда солай жазылған. Егер халыққа қызмет көрсету керек болса, онда құжаттарды өзгерту керек болады. Оның үстіне өндіріс аймағында ауыр техника жүреді. Судың кей жері терең. Қауіпсіздік шараларын сақтамаса, болмайды. Қазір көл маңына күзет қойдық. Бірақ халықтың келуін тоқтата алар емеспіз. Шынымды айтсам, қазір өзіміздің басымыз қа­тып отыр, – дейді Рамазан Тасболатұлы.

Бір қызығы, Зеңгіркөлдегі су мөлшері Жайық өзенінің деңгейімен байланысты екен. Өйткені өңірде қуаңшылық болып, Жайық суы тапшы болған жылдары бұл жерде де су бол­маған. Зеңгіркөлдің ерекше түсті суы былтыр көктемде көрініп, жаз аяғына қарай кеуіп қалыпты. Ал биыл өзеннің арнасы толық, өңірде сай-сала суға толы. Содан да болар, Зеңгіркөлдің де суы мол көрінеді.

– Көл суының ерекше түсі оның табанындағы бор жынысына байланысты. Дәл осындай түсті көлдер Дендер маңындағы ашық карьер орындарында жиі кездеседі. Егер қажеттілік туса, біз судың құрамын зерттеп, адамға келетін зиян-зардап бар ма, жоқ па, анықтап бере аламыз, – дейді география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов.

Айболат Құрымбаев АҚШ-қа барған сапарында ақша бан­кнотын басып шығаратын фабри­каны аралап көргенін еске алып, шетелде кез келген өндіріс мекемесі туризм саласына ыңғай­ластырылатынын, бізге де сол үрдістен үлгі алу қажеттігін айтады. Шынында да әдемі суретімен көзді арбаған Зеңгіркөл әзірге иесіз, қамқоршысыз құлазып тұр. Өкінішті-ақ.

 

Батыс Қазақстан облысы