Білім • 30 Мамыр, 2024

Мектептің мерейлі кезеңі

39 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мектепке ­де­йін­гі, орта және кәсіби білім беретін 700 мекеме оқу жылын аяқтады. Оларда оқитын 100 мыңнан артық тәрбиеленуші мен оқушы жазғы демалысқа шықты.

Мектептің мерейлі кезеңі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Протопопованың айтуына қарағанда мамырдың 24-де барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты жалпыреспубликалық сынып сағаты өтті. Сынып сағатында 2023-2024 жылдардағы оқу жылын қорытындылады. Осы күні 9 және 11-сынып оқушыларына «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбына балалықтан ересек өмірге өту туралы өзінің ойын эссе түрінде жазу ұсынылды. Ал 25 мамырда 11-сыныпты бітіретін оқушыларға арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өткізілді. «Мақсаты – ересек өмірдегі жас азаматтың болашақтағы жауапкершілігін сезіндіру. Сонымен бірге мектепте алған білімін Отан игілігіне жұмсаудың жолдарын талқылау», дейді Татьяна Николаевна.

Төртінші тоқсанды облыстың 58 мектебіндегі 33,5 мың оқушы су тасқынының себебінен алыстан оқыту форматында өткізді. Соның ішінде Қызылжар ауданының 4 және Петропавл қаласының 3 мектебіндегі жағдай ауыр болды. Сондықтан бұл мектептердің оқушылары БЖБ және ТЖБ-дан босатылды. Ал білім министрлігі облыстағы 5 мектептің 754 оқушысын емтихандардан да босатты. «Әрине, білім сапасы біздің ең басты басымдығымыз. Сондықтан барлық мектептерде 27-31 мамыр мен 26-30 тамыз аралығында Жазғы мектептер ұйымдастырылады. Бұл оқушылардың сабақты босатқан уақыттарындағы бағдарламаны игеруіне көмектеседі деп отырмыз», деді Т.Протопопова.

Биыл қай тілде білім алғанына қарамай барлық мектептердің 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл Солтүстік Қазақстан облысында 27-31 мамыр аралығында ­33 мыңнан артық оқушы қазақ тілінен емтихан тапсырады. Қазір облыста 109 қазақ, 105 аралас және 244 орыс тілінде оқытатын мектеп бар.

Биыл облыста негізгі мектеп курсын (9-сыныпты) 6 972 оқушы бітіріп, 29 мамыр мен 10 маусым аралығында 4 пәннен жазбаша емтихан тапсырады. Оның үшеуі міндетті пәндер, біреуін оқушы өзінің таңдауымен тапсырады. Соның ішінде, 29 мамырда қазақ немесе орыс тілінің қайсында оқуына байланысты сол тілде эссе жазылады. 3 маусымда математикадан бақылау, 6 маусымда орысша оқығандар қазақ тілінен, қазақша оқығандар орыс тілінен жазбаша жұмыс жазады. Қазақша оқығандарды орыс тілінен сынға салмаса да болар еді деп ойлаймыз.

Өзінің қалауынша физика, химия, биология немесе т.б. бірінен өз қалауынша тапсыратын соңғы емтиханды 9-сыныпты бітірушілер 10 маусымда тапсырады.

Ал мектеп бітіретін 3 331 оқушы 28 мамыр мен 11 маусым аралығында бес сабақтан емтихан тапсырады. Мұнда да орыс тілі мемлекеттік тілмен жағаласып, барлық жерде бірдей тапсырылады.

Облыста 11-сынып бітіретіндер арасынан 85 түлек «Алтын белгіден», 177 түлек үздік аттестаттан үміткер. 9-сынып бітіретіндер арасынан 382 оқушы да үздік аттестат алуға үміттеніп отыр. Осы негізгі мектепті бітіргендер 31 тамызға дейін өздерін 10-сыныпқа қалдыруды сұрап өтініш жазуға тиісті, ал мұндай өтініш жазғысы келмегендер колледждерге емтихансыз қабылдана алады.

Биыл жазғы Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста тасқын су кесірінен жылдағыдан кеш басталды. Оған өтініш қабылдау республиканың басқа мектептерімен қатар 6 мамырда­ бас­тал­ғанымен алты күнге артық уақыт беріліп, 20 мамырда­ аяқ­­талды. ҰБТ тапсыруға ниет білдіргендер облыста 25 ма­­мыр­да кірісіп, 12 шілдеде аяқтайды. Ал басқа облыстар ҰБТ-ны­ 5 шілдеде тәмамдайды. Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі сол, егер жазғы ҰБТ-да түлек төменгі ұпай алып қалса, онда қаңтардағы немесе наурыздағы нәтиже есепке алынады. Облыста ҰБТ тапсыру үшін екі орталық ұйымдастырылған. Оның біріншісі – Петропавл қаласында, екіншісі – Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосында.

Облыстың білім басқармасы оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу жолдарын да жоспарлап қойған. 90 күнге созылатын демалыста бұл шаралар барлық оқушының 94,2 пайызын қамтиды.

Балаларға арналған мектеп ауласында 204 және 253 бейімделген алаңдар жұмыс істейтін болады. 50 мыңға жуық оқушы 27 шатыр мен 7 киіз үйде дем алады. Балалардың тұрғылықты жерлерінде 30 ұйым мен 25 аулалық клуб жұмыс істейді. Мектеп оқушылары­ның сарайында 2 мыңдай баланы қамтыған Жазғы академия ұйымдастырылады. Қаланың сыртындағы демалыс лагерьлерінде әрбір маусымда 6 мың баладан тынығады. Қазір олар балаларды қарсы алуға дайындалып жатыр. Алғашқы келушілер 10 маусымнан қабылданады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы