Тәрбие • 29 Мамыр, 2024

Бағбан балақайлар

73 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқушыларды еңбекке баулудың әдемі әдісі – бірлесе жұмыс істеп, нәтижесін бірге көру. Себебі еңбектің түбі береке екенін қолмен ұстап, жүрекпен сезбей іс өнбейді. Қараңызшы, бастауыш сынып оқушылары жылыжайға егін егіп, қызығын өздері көріп отыр. Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ аулындағы № 30 орта мектеп оқушыларының көктемдік көкөністері көп ұзамай жеміс береді.

Бағбан балақайлар

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

Қазір салатқа арналған көк шөп­­­­тер өсіп, оны оқушылар мек­теп асханасындағы аспаз апай­ларына апарып берген. Қияр да алдағы күндері өнім бере бастайды. Олар арамшөбін тазартып, ұстаздарымен бірге жылыжай жұмыстарын дамытып жатыр.

Облыс орталығының іргесінде орна­ласқан Ынтымақ аулы былтыр осы мектеп ашылғанда мәре-сәре болған. Балалары қалаға қатынап оқитын ата-аналар алаңы басылған еді. Заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамта­ма­сыз етілген. Ынтымақтың негізгі мәр­тебесі саяжай болғандықтан, білім мекемесінің жанынан шағын жылыжай да соғылған. Жылыжай бір жағынан биология пәнінің зертханалық-тәжірибелік алаңы болса, екіншіден оқушыларды еңбекке баулудың тамаша әдісі ретінде қарастырылған. Яки балалар өз қолымен өсірген өнімді өздері тұтына алады.

Жалпы алаңы 72 шаршы метрлік 4 ша­­­ғын жылыжай балаларға қуаныш сый­­­лайды. Мектеп басшылығы осыған орай «Green school – Жасыл мектеп» жоба­сын бастауға шешім қабылдаған. Жылы­жай – балаларды бір­лесе еңбек етуге әдеттендірудің тиімді тә­сілі. Сон­дық­тан мұғалімдер арнайы уа­қыт бөліп, оқу­шы­лармен сабақтан тыс жұ­мыс істейді.

Кішкентай оқушылар әуелі қыс соңында көкөніс тұқымын арнайы қорапқа отырғызып, кейін өскен көшеттерін топыраққа отырғызған. Көктемнің басында басталған игілікті іс жаз басталмай жеміс береді деп отыр. Қазір мұнда қияр, қызанақ, рукола, көк бұрыш, ақжелкен, шалғам жайқалып өсіп келеді. Мысалы, шағын шаршы метрде отырғызылған 60 түп қиярдан шамамен 100 кг тарта қияр алуға болады дейді жылыжайды баптаушылар. Ал асханалық көк шөптерді бір маусымда екі рет өсіруге болады.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, төрт бөлек шағын жылы­жайдың әрқайсысын күтіп-бап­тайтын мектептің еріктілер тобы бел­гіленген. Мәселен, біреуі мектепке даярлық тобының балалары мен педа­гогтерінің күтіміне берілсе, екіншісін 3–4 сынып оқушылары жаратылыстану пәнінде пайдаланып, күтіміне жауаптылық алған. Ал үшін­ші­сін үлкен сыныптар, төртіншісін «Тілдер бірлестігі», яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің мұғалімдері баптап өсіреді. Бұл – жасыл алаң биология пәнінің тәжірибелік-зерттеу сабақтары үшін таптырмас орын. Биология пәнінің мұғалімі Сымбат Тілеуқабылова өсімдіктерді тұқымынан өсіру, өсімдіктердің селекциялық маңызы сияқты тақырыптарды өткен­де оқушылар жылыжайдағы көк өскіндердің жай-күйін көзбен көріп, қолмен ұстап, білімді бойларына жақсы сіңіретінін айтады. Пәннің зертханалық жұмыстарын осы жылыжай аумағында өткізу оқушылар үшін аса қызықты. Мәселен, биологияға қызығушылығы ерекше оқушылар­дың бірі 7 «ә» сынып оқушысы Данияр Баққажы көкөністерді күтіп-баптауға жиі келеді.

«Біз бұл жылыжайда бір жағынан жермен жұмыс істеуді үйренсек, екінші жағынан өз тәжірибеміздің негізінде дарынды балаларға арналған ғылыми жобалар жарысына қатыссақ деген жос­парымыз бар. Арнайы күнделік бастап, топырақтың құнарлылығын жақсарту, өсімдіктердің климатқа төзімділігі, қанша уақытта қалай өсетіндігі, басқа да жағдайы туралы тұрақты түрде жазба түсіріп отырамыз. Мұндай жазбаларды шағын ғылыми жобалар жасау кезінде қолдануға болады. Қазір қияр пісіп жатыр, оны жинап, мектеп асханасына апарамыз, онда бізге витамині мол салат жасап береді», дейді Д.Баққажы

Мектеп директоры Сәуле Үсенованың айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы бес жылға жоспарланған. Келесі жылы демеушілер тарту арқылы жылыжай аумағын кеңейту межеленіп отыр.

«Мектеп қызметі бағыттарының бірі – оқушыларға экологиялық тәрбие беру, оларды еңбекке баулу. Жылыжай ісі жаратылыстану пәнін меңгеруде пайдалы болуымен қатар, балаларды еңбекпен тәрбиелеуге де үлес қосып отыр. Осындай жобалардың арқасында бала өзі отырған кабинет пен партаға ғана емес, мектептің ішіне де, сыртына да, ауласына да, жалпы тұтас табиғатқа қамқорлықпен қарауды үйренеді. Бұл балалардың бойында жас­тайынан азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады», дейді ол.

Жалпы, Ынтымақ аулындағы №30 ор­та­ мектеп биылғы оқу жылының үшінші тоқсанында ашылған болатын. Мектеп 1200 орынға арналған. Қазір мұнда 800-ден астам оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында оқушылар қатары толығады деп күтіліп отыр. Мектеп ауласына қазір 70 түп ағаш отырғызылған, соның 30-ы декоративті, 40-ғы – жеміс ағашы.

Айтпақшы, осы жылыжай ісін дамы­туға қатысқан оқушылардың бір бөлігі жазғы демалыспен қамтылады. Белсенді болған әр балаға осындай мүмкіндік бе­ріл­мек. Биыл өңірде 1–10 сынып оқу­шы­ларының 102,7 мыңы немесе 85 па­­йызы жазғы сауықтырумен қамтылмақ.

Осы ретте айта кетейік, облыста түр­лі іс-шараға қатысып, белсенділік таныт­қан және білім байқауларынан жүлделі бол­ған әрбір оқушы жазда тегін дема­ла­ды. Сол мақсатта қала сыртындағы 10 ла­­герьдің 9-ы жұмыс істейді. Ал Ескелді ау­да­­нында орналасқан «Айналайын» бала­лар үйінің лагерінде күрделі жөндеу бас­талған.

«Әрбір оқушының еңбегі ескеріледі. Осы жылы жазғы демалыс кезінде облыстағы 1–10 сыныптарындағы 121 166 оқушының 103 мыңға жуығы демалыспен қамтылады. Оның ішінде әлеуметтік осал отбасынан шыққан 8277 бала жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қала сыртындағы лагерьлерге, 93 223-і мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын 308 лагерьде, 1200-і Текелі қаласындағы спорттық лагерьде демалады. Сонымен қатар 19 820 бала туристік саяхаттар­мен, 18 998 бала интеллектуалды шың­­даумен, 46 507 оқушы еңбекпен, 32 700 бала шығармашылық үйірме­ле­рі­мен қам­ты­л­ады. Оған қоса республика­лық бюджет қаражаты мен «Қазақстан халқына» қо­ры­ның есебінен де балалар демалысы ұйым­дас­тырылады», дейді облыстық білім бас­қармасының басшысы Марат Сүлей­­менов.

Қазір өңірде түрлі ғылыми жоба қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатыр. Әсіресе осындай ауылдық жерлерде түрлі жоба жүзеге асып, ауыл балаларының білім деңгейі артып отыр. Алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендердегі оқушыларға арналған жаңа жобалар іске асады.

 

Талдықорған