Аймақтар • 29 Мамыр, 2024

Шыбындының шырайы кірді

27 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жер-жерлерде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акция­­­сына Шығыс Қазақстанның азаматтары да белсене қа­ты­сып жүр. Жалғасын тапқан науқан бұл жолы Ұлан ауда­­ны аумағындағы Шыбынды көлдің жағасында ұйым­дас­­­­­­ты­рыл­ды.

Шыбындының шырайы кірді

Бұған дейін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сібе көлінің айналасы, Ақбауыр тарихи орны қоқыстан тазартылды. Кейбір азаматтардың мәдени санасы жоғары болып, күл-қоқыс шашпай жүрсе, қап-қап қоқыс жиналмас еді. Өкініштісі, жағажайларды, көрікті табиғат аясын бос шөлмек, полиэтилен бөтелке сынды зиянды заттар басып кеткен. Мұның бәрін әдеттегі бір реттік сенбілікте тазалап алу мүмкін емес еді. Биылғы айдан айға созылып жатқан «Таза Қазақстан» акция­сы табиғаттың тазаруына шынайы септігін тигізді. Тазалық жұмыстарынан бөлек облыс аумағында мыңдаған көшет отырғызылды.

Бұл жолы Шыбынды көл аумағын тазартудың бірден бір себебі, каникул бастала сала бұл маңда жазғы оқушылар лагері ұйымдастырылады. Қалаға таяу жер болғандықтан, табиғат­­тан сая іздегендер де Шыбынды көлін бетке алады.

– «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы белсене қатысып жүрміз. Былай білінбейтін шығар, жол бойында, өзен-көлдердің жағалауында қоқыс өте көп. Соның бәрін шашатын – өзіміз. Айтарым, таби­ғатта демалдыңыз ба, қоқыс­тарыңызды алып кеті­ңіздер! Тазалықты өзімізден бастайық, – дейді экологиялық акцияларға белсене қатысып жүрген Саят Жақып.

Ұлан ауданында ұйым­дас­тырылған тазалық акциясына 50 шақты адам қатысты. Олардың ішінде студенттер, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының мүшелері, эко-белсенділер, еріктілер бар. Концерттік бағдарламалармен басталған акцияға шетелден келген спортшылар да белсене атсалысты.

– Қазақстанның, соның ішінде Шығыс Қазақстанның табиға­ты ерекше көркем. Осындай сұлу­лықты әрбіреуіміз аялай білуіміз керек. Аялау дегеніміз, оп-оңай, қолыңдағы қоқысты далаға тастама. Бар болғаны – сол. Өзім бүгінгі акцияға қатыс­қаныма қуанып тұрмын. Ұйым­дастырушыларға рахмет, – дейді Стокгольмнен келген спортшы Иоган Мартенсон.

Айта кетейік, айналдырған екі сағат ішінде спортшылар ғана 50 қап қоқыс жинап, көл айналасын айнадай тап таза етті. Іс-шара соңында ортаға үйілген қаптар арнайы орынға апарып төгілді. Ал акцияға қатысқандардың барып қай­туын Ұлан ауданы әкімдігі ұйымдастырды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы