Білім • 28 Мамыр, 2024

Ғылыми ынтымақтастық

105 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ветеринарлық және мал шаруашылығы факультетінің базасында университет басшылығы мен Қытай Халық Республикасы делегациясының іскерлік кездесуі өтті.

Ғылыми ынтымақтастық

Фото: edunews.kz

Кездесудің мақсаты – Био­ло­гиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан – Қытай бірлескен зертханасында Қазақ агро­техникалық зерттеу университеті мен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты арасындағы ортақ зертхана бойынша өзара ынтымақтастықты талқылап, бірлесіп өсіретін ауылшаруа­шылық өнімдерінің саудасын өрістету.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық зерттеу университеті мен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты арасындағы өзара тиімді ын­ты­мақтастықты ерекше атап өткіміз ке­леді. Университетімізде биологиялық қауіпсіздік бойынша Қытай – Қазақстан бірлескен зертханасын аштық. Хар­бин ветеринарлық институтының профес­сорлары – докторанттарымыздың ғылы­ми жетекшілері. Қытай мен Қазақстан үшін өзекті «Жануарлардың трансшека­ра­лық ауруларының алдын алу және бақы­лау бойынша бірлескен зерттеулер» халықаралық жобалары, «Бір белдеу, бір жол» технологиялық ынтымақтастық платформасын құру жүзеге асырылып жатыр. Біздің университет пен Харбин ветеринарлық ғылыми-зерттеу инсти­­ту­­ты екі ел президенттерінің ғылым мен ­бі­лім саласындағы ынтымақтастықты дамы­туға бағытталған саясатын жүзеге асыру мақсатында бірлескен халықаралық іс-шараларды табысты жүзеге асырады деп сенеміз. Біз оқу орындарымыздың арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарды бірлесіп тал­қылауға дайынбыз», деді Қазақ агро­техникалық зерттеу университетінің операциялық қызмет бойынша проректоры Сапархан Омаров.

Қытай Халық Республикасының Ғылым және технологиялар вице-ми­нистрі Чэнь Цзячанның айтуынша, екі ел ара­сындағы қатынастар қарқынды дамып жатыр, әсіресе ауыл шаруашы­лығы са­ласы бойынша.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне жолым түскеніне қуанып отырмын. Зама­науи корпустарыңыз көз тартады. Екі ел басшыларының тиімді саясатының арқасында Қытай – Қазақстан арасын­дағы қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. ҚХР басшысы Си Цзиньпин­нің «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен Қазақстан­мен арадағы іскерлік, сауда-саттық сын­ды маңызды жобалар қолға алынды. Соның бірі – С.Сей­фуллин атын­дағы Қаз­АТЗУ мен Қытай ауылшаруашы­­лық ғылымдары ака­де­миясының Хар­­бин ветеринарлық ғы­лыми-зерттеу инс­титуты арасындағы іс­керлік байланыс­. Биологиялық қауіп­сіз­дік жөніндегі Қазақстан – Қытай бір­лес­кен зертханасының ашылуы – осы ба­ғыт­тағы жұмысымыздың жемісі. Мен ­Ғы­лым және технологиялар вице-министрі болғандықтан, ауыл шаруашылығы ­саласына байланысты басымдықтар­­дың болашағына зор үмітпен әрі сенім­мен қараймын», деді ол.

Шетелдік делегация мүшелеріне Био­логиялық қауіпсіздік бойынша бір­лескен Қытай – Қазақстан зертханасы таныстырылды. Сондай-ақ жануарлар мен құстардың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау, жем мен сүтке зоотехникалық талдау жасау мақсатында Қазақстан – Қытай бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы құрылды. Бұл зертханада докторанттар мен магистранттар диссертация тақырыбы бойынша эксперименттік зерттеулерін жүзеге асырады. Соны­мен қатар мұнда студенттер бекітіл­ген дипломдық жұмыс тақырыптары аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Таныстырылымнан кейін сөз алған Қытай Халық Республикасы Ғы­лым және технологиялар министрлігі Халықаралық ынтымақтастық депар­таментінің директоры Ван Сяо Сейфул­лин университе­ті­нің ғалымдарын Қытай­дағы білім ­ор­да­ларынан тәжірибеден өтуге, студент­тер мен магистранттарды дуаль­дық оқуға шақырды.