Шаруашылық • 28 Мамыр, 2024

Қырдағы қызу еңбек

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының диқандары егін қамымен күні-түні егіс даласында жүр. Қазірдің өзінде 119 мың гектарға жуық (62%) дәнді дақыл, 41 мың гектардан астам (36%) май­лы дақыл және 13,5 мың гектардай (31%) мал азықтық дақыл егілді.

Қырдағы қызу еңбек

Суретті түсірген – Рафхат ХАЛЕЛОВ

«Мұның сыртында 745 га картоп, 418 га көкөніс, 281 га бақша (15%) отыр­ғызылды. Егу жұмыстары жос­пар­ға сәйкес жүріп жатыр», дейді об­лыс­­тық Ауыл шаруашылығы басқар­ма­­сының басшысы Рүстем Зұлқашев.

Биыл Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынынан көп зардап шекті. Көктемнің жылға азық болатын бағалы біраз күні табиғат апатына қарсы күреспен өтіп кетті. Бүкіл күш тілсіз жауға қарсы жұмсалды. Су тасқынынан тікелей зардап шеккен егіс алқаптары да бар. Мысалы, өңірде 4 957 га күздік дәнді дақыл су астында қалған. Кей жерде жылыжайлар мен шаруашылық жанындағы қоймадағы тыңайтқыштар бүлін­ген. Бір тәуірі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 17 мамырда «Табиғи си­пат­тағы төтенше жағдай нәтиже­сінде жеке және заңды тұлғаларға кел­тірілген залалды өтеу қағи­да­­ларын» бекітті. Енді елімізде өсім­дік шаруашылығы бойынша су тас­қы­нынан келген шығындарға өтем­ақы төленеді. Қазір жер-жерде шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылып жатыр екен.

Жоғарыда айтқандай, мемлекет елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін көктемгі дала жұмыстарын ерекше назарға алып отыр. Сәуір айында Ақжайық өңіріне Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, кейін оның орынбасары Аманғали Бердалин сынды жауапты сала басшылары жұмыс сапарымен арнайы келіп, өңір диқандарымен жүздесті. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы баяндап, шаруалардың сұрақтарына да жа­уап берді.

Көктемгі егіс науқаны облыс басшы­лығының да ұдайы бақылауында тұр. Мамырдың 19-ы күні облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов егіс жұмыстарының барысын көзбен көріп, диқандармен бетпе-бет кездесу үшін өңірдің ең астықты өлкесі Бәй­те­рек ауданында жұмыс сапарымен бол­ды. Сапар барысында аталған ау­дан­­­ның бірқатар шаруашылығын ара­­лады. Атап айтқанда, «Гепард», «Шо­най­­­беков», «Алтын Болашақ», «Мар-Эль»­ шаруа қожалықтары және «Асан Ауыл»­ ЖШС басшыларымен кез­­десті. Нақты дала жағдайында ұжым­­мен танысып, көктемгі егістің ба­ры­­сын көрді.

Айта кетейік, бүгінде елімізде әрбір шаруаға мемлекет тарапынан көр­сетілетін қолдау түрі көп. Мысалы, суар­малы егін­шілікті дамыту үшін оған қажетті жабдықтардың құнынан 80%-ға дейін көтеріп, жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жүргізіледі. Отан­дық зауыттардан сатып алынған тыңайт­қыш құнының 60%-ы бюджет есебінен өтеледі. Шаруаларға тыңайт­қыш бағасының 40%-ын бөліп төлеу мүм­кіндігі берілген. Сондай-ақ сатып алынған элиталық және бірінші реп­ро­дукциялы тұқымдар үшін субсидия­лау үлесі де биыл ұлғай­ты­лып отыр. Қалияр Ша­дияр­ұлы осы жаңалықтың бәрін шаруаларға тү­сін­діріп, мемле­кеттің қолдауын сезінуге шақырды.

Есте болса, бұрын дәл көк­темгі егіс пен күзгі қырман уақытында жанар­май табылмай, бағасы қымбаттап кету­ші еді ғой. Ал маусым­дық жұмыс­тар­ды уақтылы жүр­гізу үшін диқан қауымы арзан­да­тылған дизель отынына мұқтаж.

«Биыл біздің облысқа Атырау мұ­най өңдеу зауытынан көктемгі да­­ла жұмыстарына 8,5 мың тон­­на арзан­­да­тылған дизель оты­ны­ бөлін­ді. Жеткізуші опера­тор­ – «Neftek Operating» ЖШС. ­1 литр жа­нар­­­­майдың бағасы – 238 тең­ге.­­ Бұл – рес­­­пуб­лика бойынша ең тө­мен­­ бағ­а­ның бірі», дейді Рүстем Мүл­­кәй­ұлы.

Шаруалар дизель отынын облыс және аудан орталықтарын­дағы өзде­рі­не ыңғайлы жанар-жағар­­­май құю бекет­терінен алып жатыр.

Биыл өңірде өсімдік шаруа­шы­лығын субсидиялау бағ­дар­ламалары үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген екен. Соның ішінде 1,4 млрд теңге суб­си­дия­лауға қарастырылған. «Бұл был­тыр­ғыдан 27%-ға артық», дейді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айт­мұ­хам­бетов.

Қазір диқандар тұқымға, ты­ңайт­­қышқа, басым дақылдар бо­йынша суб­сидиялауға өтініш беріп жатыр. Бұл далалық жұ­мыс­тар қарсаңында шаруалар үшін айналым қаражатын толық­ты­руға жақсы мүмкіндік екені сөзсіз. Суб­сидиялаудан бөлек, бюджет қара­жаты есебінен шаруа­­лардың егуге дайындаған тұқым­дарының сапа­сын тексерту үшін 29 млн теңге бөлінген. Бұл жұмысты «Қазаг­рэкс» АҚ және «Орал Жер» ЖШС зерт­ханалары атқарып жатыр.

Демеу қаржылардан бөлек, «Аг­рар­­­лық несие корпора­ция­сы» АҚ арқы­­лы «Кең дала» бағдар­ла­масы бо­йынша көктемгі дала жұ­мыс­­та­рын қар­жы­ландыруға жыл басы­­нан бері өңірде 2,4 млрд тең­ге бөлі­ніп, то­лық игерілген екен. Жал­пы, рес­пуб­лика бойынша ша­руа­лар­дың егіс жұмыстарын оңтай­лы мер­зім­де, жос­парланған меже­де өткізуін қам­тама­сыз ету үшін «Аграр­лық несие кор­по­ра­ция­сы» АҚ ар­қ­ылы Батыс Қазақ­стан об­лы­­сына қосымша 7,0 млрд тең­ге (5%-бен) бөлінген. Кепілдік мәсе­­ле­сінде де едәуір жеңілдік бар, яғни «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несиенің 85%-ына кепіл бо­ла­ды.

 

Батыс Қазақстан облысы