Ұлттық спорт • 27 Мамыр, 2024

Жылқы мен қазақ – егіз ұғым

84 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған, Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар» деп жырлапты Қадыр Мырза-Әлі. Расында, қазақ жылқы десе, ішкен асын жерге қоятыны жасырын емес. Кейінгі жылдары мемлекет бұл салаға ерекше назар аударып отыр. Соның нәтижесінде Ұлы далада еркін тебіндеген жылқылардың саны артып келеді.

Жылқы мен қазақ – егіз ұғым

Фото: prosports.kz

Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заң жобасы қабылданды. Бұл дер кезінде қолға алынған заңнама деп айтуға толық негіз бар. Өйткені қазіргі таңда елімізде асыл тұқымды тұлпарлардың саны күрт азайған.

Заң жобасын талқылау кезінде депутат Айдарбек Қожаназаров аталған мәселеге назар аударып, Қостанай тұқымын мысалға келтірді. Әйгілі сәйгүліктің тұқымын осыдан 70 жылдай бұрын ғылыми зерттеудің нәтижесінде өсіріп-өндірген еді. Асыл тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау 2014 жылы тоқтатылғаннан кейін Қостанай тұлпары күрт азайды.

«1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 пайызды құраған. Алайда, бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген», деді А.Қожаназаров.

Жаңа заң жобасында қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған субсидия қарастырылған. Атап айтқанда, асыл тұқымды орталықтарға шетелден спорттық бағытта арналған айғырлар сатып алуға, асыл тұқымды биелерді өсіруге қаржы беріледі. Сондай-ақ оларды күтіп-баптауға да қолдау жасалынбақ.

Жылқыға мемлекеттің ерекше көңіл бөлуіне бірнеше себеп бар.

Біріншіден, жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Қамбар ата ұрпағын ең алғаш қолға үйреткен қазақтар екені мәлім. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген, дауға түспейтін факт. Мәселен, еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін көрсетті.

Кей ғалымдар иен далада еркін жүйткіген сәйгүліктерді қазақтардың қолға үйреткенін мойындағысы келмей, Ботай қорғанынан табылған жылқылар жабайы деген пікір ұстанған еді. Алайда ДНҚ зерттеулер қазақ даласынан табылған сүйектер үй жылқысына тиесілі екенін дәлелдеді. Сондай-ақ тісіндегі темір іздері ауыздық салынғанының белгісі екенін көрсетті. Бұған қорғаннан табылған тезектердің бір орында көң болып қатқанын қосыңыз. Сол секілді қазба жұмыстарында табылған ыдыстардан жылқы сүті анықталған. Демек, ботайлықтар бие байлап, қымыз ішкен деген сөз.

Осылайша, «Science» журналына шыққан академиялық зерттеу ең алғаш рет Ботай мәдениетінің өкілдері жылқыны қолға үйреткенін бұлтартпасыз мәлімет деп дәлелдеді. Алан Оутрам бастаған ғалымдар осы зерттеуде Ботай мәдениетінің өкілдері біздің заманымыздан бұрынғы 3500 жылдары бие байлап, қымыз ішіп, жүйрік баптағанын айтады.

Сәйгүлік мінген ата-бабамыз жауға шапқанда қарсыластары тізесі дірілдей, тым-тырақай қашқаны белгілі. Тіпті, «ежелгі гректер Кентавр туралы аңызды қазанатпен атойлаған сақтарды көргенде шығарған» деген пікір бар. Бұл сөздің рас-өтірігін білмедік, бірақ әлемдік өркениетке атқа міну мәдениетін сыйлаған, жылқы шаруашылығына үйреткен Ұлы даланы мекендеген ата-бабамыз екені – ғылыми айғақтармен дәлелденген дерек.

Екіншіден, Қамбар ата тұқымының саны мен сапасына ерекше назар аудару қажет. Ауыл шаруашылығы докторы, профессор Игорь Нечаевтың 1999 жылы жариялаған мақаласына сүйенсек, 1916 жылы Қазақ даласында 4,6 миллион бас жылқы жайылып жүріпті. Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, азаттыққа қол жеткізген тұста 1,6 миллион тұлпар қалған екен. Өкінішке қарай, 2001 жылға дейін Қамбар ата ұрпағы біртіндеп азайып, милионнан кеміп кеткен еді. Бірақ содан кейін жылқылар саны көбейе бастады. Мысалы, 2012 жылы тәуелсіздік алған тұстағы деңгейге теңескен. Былтыр Алтай мен Еділдің арасында 3,8 миллион тұлпар тебіндепті.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметіне сүйенсек, шартарапта 57 миллион жылқы жайылып жүр. Соның 10,6 миллионы АҚШ-қа тиесілі. Мексика да тұлпары көп ел саналады. Онда Қамбар атаның 6,4 миллион ұрпағы бар. Бразилияда да жылқылар жетерлік (5,7 миллион). Сол секілді Моңғолия мен Қытай да ер қанатын көптеп өсіретін елдер қатарында. Кейінгі жылдары Қазақстан бұл тізімге қосылды. Тізімдегі алғашқы үштікті қуып жете алмасақ та, жылқы саны жөнінен көрші елдерден кем түсіп тұрғанымыз жоқ.

Әйтсе де, жылқы қолға үйреткен халықтың мемлекетінде төрт түліктің аталған түрі әлемде көп болуға тиіс. Жаратқан қазаққа жерді аямай берген екен. Құдайға шүкір, Алтай мен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-ғайыр атырап бос жатыр. Басқа елдер секілді жылқыны шеттен әкеп, жерсіндірудің қажеті жоқ. Қолға үйретілгелі жылқы малы қазақпен бірге өмір сүріп келеді. Оның үстіне, асыл тұқымды жылқылар да Ұлы далаға жат емес.

Үшіншіден, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде ежелден жылқы жануардың орны ерекше. Мінсе – көлік, жесе – ас.

Бұдан бөлек, ат спортына қатысты түрлі ұлттық ойынымыз бар. Бәйге мен көкпар десе, делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. Теңге ілу, жамбы ату секілді сайыстардың орны бір төбе.

Жамбыл жерінде туған, төрткүл дүниенің төрт бұрышын түгендеген Абсенттің жеңісті жылнамасы баршаға аян. Құланның құрым кері өзі қатысқан жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес.

Арғымақ Абсент Олимпиадада да топ жарып, толағай табыстарға қол жеткізді. Сонау 1958 жылы ат үйрету шебері Сергей Филатов Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде Құланның құрым керін байқап қалып, өзі баптауға кіріседі. Сөйтіп, екі жылдан кейін, яғни 1960 жылы Рим Олимпиадасында оза шауып, КСРО қоржынын алтын медальмен толықтырды. Содан кейінгі төрт жылдықтың дүбірлі бәсекелерде бір күміс, екі қола жүлдені жеңіп алды.

Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ат спортынан Олимпиадада жүлде алған емес. Қамбар ата ұрпағын спорттық мақсатта қолдануға жете көңіл бөлмей отырғанымызды көрсетеді бұл. Әйтпесе, Құлагер мен Шалқұйрықтың тұқымы қалмады деп айтуға ауыз бармайды. Алысқа бармай-ақ қоялық. Адай жылқысы бүгінде халықаралық сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде алғаш рет «Ұлы Дала Жорығы» атты марафон-бәйге өткізілді. Он екі күнге созылған сайыста Адай жылқысын баптап мінген маңғыстаулық шабандоздар көмбеге бірінші келді. Былтыр өткен екінші «Ұлы Дала Жорығы» бәйгесінде Адай жылқысы жекелей сында шашасына шаң жұқтырған жоқ. Сөйтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Дегенмен, бұл марафонда топтық есепте Жетісу облысының шабандоздары жеңіс тұғырынан көрінді.

Естеріңізде болса, алғашқы марафон-бәйгеден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне барған сапарында Адай жылқысының асыл тұқымды екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, сондай-ақ оның санын, өсімін молайтуды жедел қолға алуды тапсырған еді.

«Халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше. Қазақтың Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Қазақы Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады! Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын», деген еді Қ.Тоқаев сол кезде.

Президент тапсырмасының нәтижесінде Адай жылқылары ғылыми тұрғыда дербес тұқым ретінде танылды. Сөйтіп, былтыр жаңа жыл ауысар тұста Ұлттық зияткерлік меншік институты бірнеше тұқымға патент берді.

Ұлттық рухты нығайтатын, халықты біріктіретін сайыс биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы «Ұлы Дала Жорығы» көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Павлодардан басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 19 команда Астанаға дейінгі 500 шақырым қашықтықты еңсеруге тиіс. Командалар мәреден бәрі бір уақытта аттанбайтынын ескерген жөн. Әрқайсы өзіне берілген мерзімде жолға шығады. Ақырында көмбеге келген уақыты бойынша жеңімпаз анықталады.

Осылайша, биылғы өткен тартысты сайыста Жетісу облысының өкілдері топ жарды. Мәре сызығын екінші болып кескен маңғыстаулық шабандоздар жүлделі екінші орынды иеленді. Алматы қаласының командасы көмбеге үшінші жетті.

«Ұлы дала жорығының» биылғы жеңімпаздары алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында өтетін халықаралық сайысқа қатысатын болды. Оған әлемнің 15 елінен команда қатысуға тілек білдірген. Енді қазақ жылқылары өз мықтылығы мен жүйріктігін халықаралық спорттық жарыстарда дәледейді.

Төртіншіден, жылқы еті – қазақ үшін жеңсік астың бірі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 605 мың тонна ет өндіріледі. Соның ішінде 77 мың тоннасы жылқыға тиесілі. Бір қызығы, Ұлы далада Қамбар ата тұқымы миллиондап саналса да, шалғай шетелдерден жылқы етін тасымалдайды екенбіз. Мысалы, былтыр елімізге 3 мың тоннаға жуық ет импортталған.

Біз жылқы етін сатып алатын елдердің қатарында Аргентина, Уругвай секілді мемлекеттер бар. Ұлы даланың құнарлы шөбін жеп қоң байлаған жылқы жетіп жатқанда, сонау Латын Америкасынан жал-жая тасымалдаудың себебін кім білсін?

Кейбіреулер шетелде жылқы еті арзан екенін алға тартады. Бірақ джунглиде жайылып, Амазонкадан су ішкен жылқының қазысы табан шыға қоюы екіталай. Ендеше, Қазақстанда асыл тұқымды сәйгүліктер санын көбейтіп қана қоймай ет қорын да молайту керек-ақ.

 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ

Соңғы жаңалықтар