Аймақтар • 24 Мамыр, 2024

Су тасқыны: Малынан айырылған құлсарылықтарға өтемақы төленді

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тұрғындардан келіп түскен 101 өтініш негізінде мал шығынын өтеді, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: Малынан айырылған құлсарылықтарға өтемақы төленді

Фото: diapazon.kz

Мәселен, Қосшағыл ауылдық округінде орналасқан «Қарағай» шаруа қожалығының басшысы Айтуар Мырзағалиевтің айтуынша, су тасқыны кезінде оның екі жылқысы суға батып кеткен. Ол шығынды өтеу өтінішін жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жеткізген.

«Бізге бағалау комиссиясы келіп, барлық құжаттарды зерделеді. Біраз уақыттан кейін залалды бағалау нәтижелерін хабарлады. Біз келісім бердік. Одан соң, шотымызға өтемақы аударылды», деді Айтуар Мырзағалиев.

Ал «Еркінқалиева» ЖК шаруа қожалығында су тасқыны кезінде екі сиыр мен төрт қошқар суға батып кеткен. Залалдың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрады.

«Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінгеннен кейін, су тасқыны кезінде жоғалған малым үшін залал көлемі толығымен өтелді», деді шаруа қожалығының басшысы Аида Еркінқалиева.

Өтініштерді қабылдау жалғасып жатыр. 15 жұмыс күні ішінде арнайы комиссия барлық құжаттарды қарайды, өтемақы малынан айрылған азаматтың жеке шотына аударылады.

«Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша жалпы құны 123, 8 млн теңге залал толығымен өтелді», деді Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев.