Экономика • 24 Мамыр, 2024

Мақталы аймаққа апаратын магистраль

55 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзбекстан іргесіне орын тепкен Дарбаза теміржол стансасынан Мақтааралға тартылатын шойын жол құрылысы өткен жылдың қараша айында басталды. Қазір жалпы ұзындығы 152 км болатын магистралдың астыңғы жол төсемдерін төсеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Жаңа теміржол желісі қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Біздің ел одан не ұтады?

Мақталы аймаққа апаратын магистраль

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жаңа стратегиялық бағыт

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға тың серпін бермек.

Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында тасымал­дан­ған жүк көлемі 30 млн тоннадан асып жығылды. Тауар бір ғана мемлекетаралық «Сарыағаш» стансасы арқылы экспортталады. Жүк ағыны ұлғайғандықтан аталған бекетте көп кеп­те­ліс болды. Жаңа жол құрылысы сол жұмыс істеп тұрған бақылау-өткізу беке­тіндегі кептелісті болдырмауға бағыт­та­лады.

Оған қоса, жаңа жол жолау­шы пойыз­да­рының жүруіне де мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, бұл жаңалық мақталы аймақтың халқын қуантып, ең­сесін көтергені рас. Өйткені елдегі мақта ғана емес, жеңсік ас – қауын мен қарбыз, әңгелек пен қияр, қызанақ негізінен осы өңірде өсіріледі. Диқан қауым өсірген өнімін нарыққа шығаруда тасымал бағасы қымбат жүк авто­көлігіне балама теміржол көлі­гінің болатынына қуанышты.

Сонымен қатар айтулы жоба оңтүстік­ке экспорттық трафикті арттырады. Бұл желі арқылы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Иранға тауарды жылдам жеткізуге болады. Сондай-ақ Дарбаза – Мақта­арал теміржол магистралі Түркістан облы­сының дамуына септігін тигізеді. Шойын жол шалғайдағы Мақтаарал мен Жетісайды елдің қалған бөлігімен байланыстырумен қатар, Парсы шығанағына қарай жаңа сауда-қатынас қақпасын ашады. Сөйтіп, елдің транзиттік әлеуетін еселеп арттырады. Бұған әуелі Қытай, одан кейін осы бағыттағы басқа елдер де мүд­делі болып отыр.

Қазір Пәкістан арқылы Үн­дістанға теміржол салу мәсе­­лесі талқыланып жатыр. Дарбаза – Мақтаарал желісінің іске қосылуы еліміздің осы стратегиялық бағыт­ты дамытуға қосқан қомақ­ты үлесі бол­мақ. Оның үстіне Өзбекстанға қарай жүк тасымалы қосымша 10-14 млн тоннаға артады. Ташкент хабын айналып өтетін бұл теміржол телімі жүктерді екі бағытта да жылдам тасымалдайды.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Ең алдымен Сырдария стансасына шығатын Ердәуіт – Мақтаарал – Өзбек­стан­ның мемлекеттік шекарасы желісі салынады. Одан кейін Жетісай филиа­лы – Өзбекстанның сол стансаға шыға­тын мемлекеттік шекарасы пайда­ла­нуға бері­ле­ді. Жалпы ұзындығы 152 км теміржол желісі салынатынын айттық. Жоба 3 400 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жұмыстың 85%-ын Қазақстан атқарады.

 

Тың нарыққа жол ашылады

Бірлескен жобаның айқын артықшы­лы­ғы – тауар айналымын кеңейту, екі ел арасындағы жүк тасымалдауды жеңілдету әрі ел­дердің транзиттік мүм­кін­дік­терін күшейту екені мәлім. Расында, Өзбекстан – Қазақ­стан­ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Көрші елден Қазақстанға көптеген тауар тасымалданады. Біз де экс­порт­таймыз. Қазір елімізден көрші мемлекетке транзит өте жоғары және алдағы уақытта тауар айналымы өсімінің үлкен болашағы бар.

Жаңа теміржол желісі жолаушылар ағынын ұлғайтып, елдің логистикасын да жақсартады. Негізі Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі көлік-логистикалық әлеуе­ті­нің арқасында артып келе жатқаны мәлім. Сондықтан басты міндет – елдер ара­сындағы сауда мен логистиканы жетіл­ді­ру. Айтылған жоба оңтүстіктегі халыққа өз жемісін береді. Өйткені отандық шағын, орта және ірі бизнес Өзбекстанның 36 миллиондық ауқымды нарығына жол ашады. Бұған дейін елдер арасында логистика нашар болғаны мәлім. Тауар қоймалары да тым аз еді. Шекаралық өткел біреу ғана болатын. Енді бауырлас елмен сауда-эко­но­микалық қатынас барынша оңалады деген ой бар. Мұны аңғарған республика билігі көлік пен логистиканы дамытуға көбірек инвестиция сала бастады.

 

Көрші елдің сарапшысы не дейді?

Екі елді байланыстыратын жаңа көлік бағыттарын салу бірін­ші кезекте Қазақстанның мүд­десі үшін жұмыс істейді, дейді «Maъno» ғылыми бастамалар орта­­лығының (Ташкент) директоры Бахтиёр Эргашев.

«Біздің елдің оңтүстікке шы­ғуын қам­та­масыз ету өте ма­ңыз­ды. Ресей мен Беларусь арқылы Еуропаға баратын жол барған сайын қиындап жатыр. Теміржол бар, бірақ Транскаспий бағыты әлі толық шешілмеген. Техникалық, саяси мәселелер де түйінін шешуді қажет етеді. Қытайдың Орталық Азия арқылы Түркияға апаратын ортаңғы дәлі­зінің жұмыс істеуі бізге байланысты», дейді
Б. Эргашев.

Еліміз үшін бұл сауда жолдарына балама – Араб теңізі мен Үнді мұхи­тын­дағы Иран порттарына шығу. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы теміржол көлігі бағыт­та­ры­ның өзара байланысын қамтамасыз ететін ағымдағы жобалар, әрине, қажет. Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне астық, азық-түлік, бұршақ дақылдары, мұнайдың айтарлықтай көлемін экспорттамақшы. Сонымен қатар араб елдерінде сатуға арналған халал өнімдерді шығару мүмкін­дігін де мұқият қарастырып жатыр. Сон­дық­тан мұның бәрі өте маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Сондай-ақ Иран порттары Шығыс Африка нарығына шығуға жол ашады. Сарапшылардың болжамы бойынша, ол жерде қазақ тағамы сұранысқа ие болады, республиканың көлік саясаты аясында бұл күтілетін шешім.

«2022 жылдың ақпан айына дейін тауар тасымалының барлығы Қара теңіз порттары арқылы қалыпты түрде жүзеге асты. Астық, азық-түлік және басқалары түгел сол бағытта ағылды. Қазір бұл мәселеде проб­лемалар бар. Сондықтан бізге Үнді мұхитына, Оңтүстік-Шығыс Азияға және Шығыс Афри­каға шығатын оңтүстік порт­тар­ға бағыт ұстау керек», дейді Б.Эргашев.

 

Орталық Азия тынысы

Жаңа теміржол жобасы Орталық Азия елдерінің ара қа­ты­­насы мен экономикасы­на қызмет етеді. Өйткені бізде әуелден Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағы порттарына шығатын «Өзен – Түрікменстанмен мемле­кет­тік шекара» теміржол магистралі бар. Ал «Дарбаза – Мақ­та­арал» жобасына да еліміз көбі­рек қызығушылық танытып отыр­ғандықтан, жолдың құры­лысына көбірек қаржы құюымыз түсінікті. Дегенмен әр ел өз қаржысына теміржол мен автожол салады. Сондықтан бұл жерде қандай да бір наразылық немесе түсініспеушілік болмауға тиіс.

Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы өзара сауда айналымы былтыр тоғыз айда 3,3 млрд долларға жетіпті. Қазақстан экспорттайтын тауарлардың ішінде сиыр еті, бидай, жартылай фабрикаттар, бидай немесе бидай-қара бидай ұны, аралас минералды тыңайтқыштар, күнбағыс майы, мыс кендері мен концентраттары, балғын немесе салқындатылған болаттан жасалған ыстықтай илек­телген жалпақ өнімдер бар.

Өткен жылдың қаңтар-қыр­күйек айларында көрші мемлекеттен импорт бұрынғыдан 4%-ға өскен. Өзбекстан біздің елге көп жағдайда автомобиль шана­ғын, ұшқын тұтандырып іштен жанатын қозғалтқыш, болаттан жа­салған жалпақ прокат, түрлі бөлшектер мен керек-жарақтарды жеткізеді. Сондай-ақ то­ңазытқыш пен мұздатқышқа арналған жаб­дықтар әкеледі. Бұлардан бөлек жеміс-жидектің де көптеген түрі өзбек елінен тасымалданады.

 

Келелі кездесу

Жуырда Қазақстанның Өзбек­стандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов көрші елдің Көлік министрі Илхом Махкамовпен жұмыс аясында кездесті. Тараптар 2023 жылдың жұмысын қорытындылады. Онда екі ел арасында теміржол және авто­мобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің өсу динамикасы байқалғаны аталып өтті. Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының жалпы көле­мі 17,2%-ға өсіп, 31,4 млн тоннаны құ­рапты. Сонымен қатар жүк тасымалы бо­йынша теміржол және автомобиль көлігінің өзекті мәселелері, Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасындағы халықаралық бағыт­тар бойынша жолау­шылар тасы­ма­лының қауіпсіздігін қамта­масыз ету талаптарының бірыңғай стандарттарын әзірлеу қажеттілігі, жаңа әуе­бай­ланыстарды ашу мәсе­лелері сөз болған.

Қорытындылай келе, сауда және тауар айналымының және транзиттік жүк тасымалының жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айна­лы­мы­ның 10 млрд долларға дейін күті­ле­тін өсімін ескере отырып, тараптар мемлекеттер арасындағы көлік инфрақұрылымын әлі де кеңейту және жетілдіру қажет деген байламға келген.