Қоғам • 23 Мамыр, 2024

Қазақстанның фармацевтика саласында 80-нен астам отандық өндіруші жұмыс істейді

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Фармацевтика саласының жай-күйі мен даму келешегі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысына дайындық аясында «СК-Фармация» ЖШС басшылығымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның фармацевтика саласында 80-нен астам отандық өндіруші жұмыс істейді

Фото: А.Байжұманов

Сенат комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде фармацевтика экономикадағы көшбасшы саланың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстанның фармацевтика саласында 80-нен астам отандық өндіруші жұмыс істейді, олардың көпшілігі 900-ден астам дәрілік препарат түрін өндіріп келеді. Медициналық кәсіпорындар мыңнан астам медициналық бұйымдар мен жабдықтар шығарады. Алайда, проблемалар да бар. Бүгінгі таңда ең маңызды міндеттердің бірі – дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар өндірісін дамыту», деді сенатор.

Депутаттар халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ фармацевтика саласын дамыту келешегіне байланысты проблемалық мәселелерді кездесуге қатысушылармен бірлесіп талқылады.

Жиын барысында денсаулық сақтау саласындағы жағдайды жақсартуға және фармацевтика өнеркәсібін одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстың негізгі басымдықтары анықталды. Инновацияларды ынталандыру, отандық өндірушілерді қолдау, сондай-ақ медициналық өнімдердің сапасын бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.