Тағзым • 20 Мамыр, 2024

Ераға тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

32 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұң­ғыш лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңір­­ген қайраткері, ел га­зеті «Egemen Qazaqstan»-ды басқарған Ержұман Смайыл тұрған үйдің қабырғасына (Астана қаласындағы «Самал» шағын ауданы) ескерткіш-тақта қойылды. Журналистер қауымы Ераға атап кеткен Ержұман Смайылдың ұлт журналистикасындағы орны бөлек-тұғын.

Ераға тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Салтанатты іс-шараға Пар­ла­мент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қай­раткері Сауытбек Абдрахманов, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы, ардагер журналистер, Ержұман Смайылдың отбасы, туған-туыстары қа­тыс­­ты.

Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында Сауытбек Абдрахманов сөз сөйлеп, замандас әріптесі туралы естелігін жеткізді.

в

– Ержұман ағамыз «газетчик» ұғымын жоғары биікке көтерген адам. Сол арқылы мамандықтың мәртебесін асырды. Ол прозаға да барған жоқ, басқа жанрларға да қызыққан жоқ, тіпті Ерекеңнің алғаш­қы кітабы жасы елуден ас­қан­да жарық көрді. Сонда да Ераға ерекше құрметтің иесі болды. Ұйым­дастырушылық талантымен, өзгеге болсын деген жомарт жүрегімен, басқалардың ойын ұштауымен, жастарға деген қам­қорлығымен көзге түсті. Бар өмірін журналистикаға, газеттің қара жұмысына арнаумен өтті. Сөйте жүріп, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Қызметтің биік­теріне де көтерілді. Біздің ма­мандығымыздың мәртебесін көтер­ген, журналистің реномесін арт­тырған адам ретінде Ержұман Өтешұлы біз үшін ерекше тұлға, – деді С.Абдрахманов.

Ал жампоз журналист Жарылқап Бей­сенбайұлы жастар газеті «Ле­ниншіл жасқа» қатар келгендерін, Ержұман Смайылдың келе сала өзі­нің ұйымдастырушылық қабіле­тімен, іскерлігімен ерекшеленгенін жеткізді.

– «Лениншіл жастағы» мықты аудармашылар баспа саласына ауы­сып кеткен кез еді. Ержұман келе салып бірден аударма ісіне кірісті. Тіпті мәтінді бірден «диктовка» жасай отырып, аударып тастайтын. Шаршамайтын, талмайтын Ержұман «Егеменде» де қара жұмысты атқару­шы еді. Түнімен кезекшілікте болса да таңертең жұмыста отыратын. Біз соған таңғалатынбыз, – деді Ж.Бейсенбайұлы.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Ержұман Смайылдың өте сауатты редактор болғанына тоқталды.

– Ерекеңді қазақтың сөзін, бүкіл мақал-мәтелі мен фразеологиялық тіркестердің барлығының қалай сақталуын газет арқылы қалың қа­зақ­қа жеткізіп отырған тіл зергері деп айтуға болады. Адамдық қы­рына келетін болсақ, бір сөзбен айт­­­қанда, Ержұман аға «Egemen Qazaqstan» дейтін қадірлі де қас­тер­лі қарашаңырақтың құты болды. Басшымын деп әмір беріп отырмай, бүкіл тірлікті ұйымдастыру, ұйыстыру ісінің басы-қасында жүретін. Барлық тілшінің, өзге де қызметкерлердің, «егемендік» бұрынғы ардагер аға-апаларымыздан бастап, қызмет­кер­лердің қай-қай­сының болсын көңіл қыбын тап басып, айтпай табатын. Қатал адам сияқты көрін­генімен өте мейірімді еді. Ол кісінің мейірімділігін балалары, немерелерін қалай жақсы көр­генінен білеміз. Көп жағдайда сырын сыртқа аша бермейтін сырбаз мінезді адам еді, – деген Н.Жүсіп Ерағаңның басшы мен тілшіні қатар қабылдайтын қара­пайымдылығын айрықша атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы Ержұман Смайылдың мінезді адам болғанын, сол мінезінің арқасында елге қадірлі болғанын айтты.

– Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойында қазақ журналис­ти­ка­сының корифейі Камал Смайылов «Басылым бастығына тартады» деп жазған еді. Сол сияқты «Egemen Qazaqstan» басылымы Ераға басқар­ған жылдары мінезділігімен халқына жақты, жақын болды. Егер Ерағада мінез болмаса газеттің болмысы да басқаша болар ма еді. Сон­дықтан осындай мінезді аға­мыз­ға, елге, қазақ журналистикасына еңбегі сіңген Ерағаға осындай құрмет көрсетуді заңдылық деп санаймын, – деді Ғ.Іскендерұлы.

Ескерткіш-тақтаның ашылу іс-шарасынан кейін Е.Смайылдың қызы Айжан Смайылованы сөзге тарттық.

– Анам екеуі осы үйде өмірден өткенше тұрды. Әкем редакцияны Алматыдан Астанаға бастап келіп еді. Өз саласы бойынша қандай білікті маман болғанын әріптестерінен асырып айта алмаспыз. Бірақ әке ретінде ең мейірімді адам болғанын айрықша атап өтер едім. Үйде екі ағайынды болғандықтан ағам екеумізді еш бөліп-жармай тең қарады, бірдей мейірімін төкті. Газеттің қым-қуыт, қарбаласқа толы жұмысынан кейін міндетті түрде балаларына да көңіл бөліп, біздің тәрбиемізді қаперінен шығармады. Дегенмен біз әкеміздің жолын қуа алмадық. Біріміз дәрігер, біріміз заңгер болдық. Ең бастысы, әкеміздің ешкімнің ала жібін аттамай, ешкімнің назына, көз жасына қалмай, мемлекетке де, халыққа да адал қызмет етуді үнемі айтып отыратын өсиетін ұмытқан жоқпыз, – дейді А.Смайылова.

Ескерткіш тақтаны ашу рәсі­мін сенатор Нұртөре Жүсіп пен қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов атқарды. Жи­нал­ған көпшілік қара мәрмарға қашалған Ержұман Өтешұлының бейнесі сәтті шыққанына риза болысты. Одан кейін арнайы өткізілген имани шарада мар­құм Е.Смайыл мен оның былтыр дүние­ салған жұбайының рухына құран бағышталды.