Экономика • 17 Мамыр, 2024

Инвестициялық жобалардың игілігі

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің беделді инвесторлары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бас қосты. Кездесу барысында тараптар шамамен 20 млрд теңге шамасында келісімшартқа қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Инвестициялық жобалардың игілігі

Кездесуге банк, инвестициялық, өндірістік, өнеркәсіптік және құрылыс компаниялары мен жетекші сауда желілерінің өкілдері қатысты.  Отандық инвесторлар университет ғалымдарының құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы ғылыми жетістіктерімен, инновациялық жобаларымен танысты.

Еуразия университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, ENU INVEST MEETUP жобасы ғалымдардың өнертабысын таныстырумен қатар инвесторлармен ұзақмерзімді байланыс орнатуға, жаңа жобаларды үйлестіруге жол ашады.

«Біз бүгін инвесторларға ғалымдарымыздың бірегей әзірлемелерін пайдалануға мүмкіндік бердік. Бүгінде бизнестің жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге қызығушылығы артып келеді. Бұл бағытта университет компаниялармен серіктестікті кеңейтті. Біздің ғалымдар олардың сұранысы бойынша зерттеулер жүргізеді. Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері құрылды. Инвесторлар студенттер үйінің құрылысына да қызығушылық танытып отыр. Осының есесіне университет келер жылы студенттердің жатақханаға қажеттілігін толық жабады деп отырмыз», деді Е. Сыдықов кездесу барысында.

Осы күні университет басшылығы инвесторлармен құны 20 млрд теңге болатын 4 келісімшартқа қол қойған. Мысалы, келісім бойынша елдегі екі компания 3 мың орындық студенттер үйін салуға қаржы аударатын болды. Бұдан бөлек тағы екі компания университет студенттеріне жатақхана салуға қызығушылық танытқан.

Басшылық студенттерге арналған медициналық орталығы бар әлеуметтік-мәдени кешен салу бойынша «Astana clinic» компаниясымен  келісім жасады. Көп ұзамай салынып, пайдалануға берілетін емханада студенттер медициналық қызметтерді тегін алады екен. Басқосуда ENU LAB ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары көпқабатты үйлердегі дыбысты оқшаулау мәселесін шешуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларын таныстырды. Университеттің инновацияларды дамыту департаментінің директоры Әсел Жексембаева асфальтбетонның сапасын арттыруға септесетін технология турасында баяндаса, Ақпараттық технологиялар факультетінің доценті Мақпал Жартыбаева су қоймаларының тасқынға дейінгі және тасқынынан кейінгі кезеңдерін бақылауға арналған бірегей робототехникалық кешенін таныстырды.

Университеттің Ақпараттық технологиялар факультеті кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді бизнес өкілдеріне жаңа зияткерлік жүйені ұсынды. Бұл технологияның артықшылығы – өндірістік кәсіпорындарда нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізуге, қызметкерлердің қауіпсіздік нормаларын бағалауға сондай-ақ кез келген бұзушылықтар туралы дер-кезінде ескертуге мүмкіндік береді.