Аймақтар • 17 Мамыр, 2024

Қызды құтқарған шекарашы

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттің 2024 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен оралдық шекарашы, аға сержант Рафхат Мақашұлы Тайкенжин «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қызды құтқарған шекарашы

Өткен жылы тамыз айының 28-інде Жәнібек ауданында оқыс оқиға болған еді. Аудан орталығынан Ұзынкөл аулына бет алған балалы әйелді көлік елді мекеннің жанынан түсіріп кете барған. Күн кешкіріп, көз байлана бастаған шақ екен. Анасы соңынан еріп келе жатқан үш жасар қызы Айарудың өзінен қалып қойғанын қапелімде байқамапты. Кейін айнала жүгіріп іздегенімен, таба алмаған. Жанұшырған келіншек амалсыз полицияға хабарлаған.

Әрине, оқиға орнына полиция қыз­меткерлері жедел жетті. Болған жағ­дайдан ауыл халқы да хабардар болды. Іске төтенше жағдайлар бөлімі, шека­ра қызметі, жергілікті әкімдік түгел жұ­мылды. 200-ден аса адам түн ішінде қар­шадай қызды іздеуге кірісті.

– Түнгі сағат 12-лер шамасында маған хабар келді. Тез арада «Ройтер» атты итімді алып, Ұзынкөлге жеттім. Айарудың киімінің иісін алған соң-ақ итім ауылдан алысқа тарта берді. Осылайша, 5-6 шақырымдай ұзап шықтық. Жанымдағы серіктерімнің бәрінен алыстап, жалғыз кеттім. Сөйтіп келе жатып, бүрісіп отырған қыздың үстінен түстік. Сол күні түн салқын болатын. Айарудың қолдары қызарып кетіпті. Өзі әбден қорқып қалған. Бірден жылы киім жауып, құшағыма қысып алып, ауылға жүгірдім, – дейді сол күнгі оқиғаны есіне алған «Қайрат» шекара бөлімшесінің аға сержанты Рафхат Тайкенжин.

Кішкентай қыз анасын көргенде ғана өз-өзіне келіпті. Таңға­ла­тын жағдай – Айару ауыл маңында су жүретін терең арнаның дәл жанына келіп тоқтаған екен. Періштесі қақты деген осы шығар. Әйтпесе тас қараңғы түнде суға құлап кетсе, шынашақтай қыздың аман қалуы екіталай еді. Абырой болғанда, бір ауылды аяғынан тік тұр­ғызған оқиға таңғы сағат 4-те қуаныш­пен аяқталды.

Аға сержант Р.Тайкенжин шекара қызметінде еңбек етіп жүр. Отан алдындағы борышын Алматы қала­сын­дағы 5572 әскери бөлімде өтеген Рафхат Мақашұлы 2012 жылы қыркүйек айынан бастап Шекара қызметінің Жәнібек ауданы басқармасына жұмысқа тұрған. Ал 2016 жылдан бері қызметтік иттерді баулуға кірісіпті. Бүгінде аға нұсқаушы лауазымында жүрген шекарашы Айаруды ажалдан құтқарған еңбегін солай болуға тиіс қалыпты оқиға деп санайды.

– Қызмет барысында халыққа көмек­тесу – біздің парызымыз, әскери бо­рышымыз. Қазақстан Рес­публикасына әрдайым қызмет етемін! – дейді Р.Тайкенжин.

 

Батыс Қазақстан облысы