Сенат • 16 Мамыр, 2024

Сенатор төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылғы тасқын судан 13 мыңдай жеке тұрғын үй зардап шекті. Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды

Фото: senate.parlam.kz

Депутаттың айтуынша, Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апат қаупі жоғары аймақтарға жататындықтан сақтандыру мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Халықаралық тәжірибе көрсетікендей, табиғи және техногендік апат аймағы бар елдерде ықтимал ауқымды шығындарға байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы арнайы сақтандыру қорлары мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Шығындарды жабу үшін мемлекеттік қорлар құрылады, жетекші халықаралық қайта сақтандырушылардың міндетті қайта сақтандыру есебінен қаржының жинақталуы сақталып тұрады.

«Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан  төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек  өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен ҚР-ның Үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы 20 жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған», деді Бибигүл Жексенбай.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды. Төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау керек. Төтенше жағдай қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру керек. Одан басқа, халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуі тиіс және онда қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу мен сақтандыру ұсынылды.