Мәселе • 16 Мамыр, 2024

Шегіртке таралып кетпеуі керек

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлерде шегірткенің таралуына жол бермеу және фитосанитарлық іс-шаралар жүргізу үшін жедел жұмыс комиссиялары құрылады. Мұндай шешім вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қабылданды.

Шегіртке таралып кетпеуі керек

Фото: freepik.com

Мамыр-маусым айлары – жерді шегірткеге қарсы өңдеу үшін ең қолайлы мерзім. Дәл осы уақытта шегіртке жұмырт­қалары көбейеді.

«Болжамымыз бойынша шегірт­кеге қарсы іс-шаралар температура +25-30 градусқа дейін көтеріліп, жернәсілдердің жап­пай көбейетін сәтінде,  елдің оңтүстігі мен ба­тысында 20 мамырдан, солтүстігі мен шығы­сында және орталығында 30 мамырдан бас­тап қолға алынады. Зиянкестермен күре­су үшін 2,46 млн га аумақты өңдеуге арнал­ған пестицидтер қоры сатып алынды. Бар­лығы 2,5 млн га қажет. Қазірдің өзінде 1,9 млн га аумақты химиялық өңдеу бо­­йын­ша қызметтерге шарт жасалды. Қал­­ғаны бойынша конкурстық рәсім­дер жал­ғасып жатыр. Өңдеу техникасы ай­мақ­тарда орналасқан, пестицидтер қажет бол­ған жағдайда сақтау қоймаларынан жет­кі­зіледі. Тиісті жұмыстарды бастау үшін жер­нәсілдердің жаппай өсу және даму кезе­ңінің басталуын күтеміз», деді Ауыл ша­руашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Түркістан облысы 16 сәуірден бас­тап бірінші болып аса қауіпті Марокко ше­гірт­кесінен тазартуды бастады. Өңделе­тін жалпы ауданы – 272 мың га. Бүгінгі таң­да жоспарланған аумақтың 88% өңдел­ді. Бұл – 240,3 мың га алқап. Химия­лық өң­­деу жер­ден (101 бірлік) және әуеден (6 бір­лік) ар­найы техникамен жүргізіле­ді. Қол­даны­латын препараттар, «Пилар­кинг в.к.» (14,3 мың га), «Тиаметрин с.к.» (189,8 мың га), «Карат супер к.э.» (18,2 мың га), «Ацет 200 р.н» (18 мың га).

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кеңесте барлық өңір мониторингтік іс-шаралар үшін техниканы белсенді қолдануға тиіс екенін атап өтті.

Зиянкестермен күресте жернәсілдердің орналасқан жерін уақытында әрі нақты тауып, жою – өте маңызды. Шегірткенің болжамды таралу ауқымын (2,5 млн га) ескере отырып, мониторинг дәстүрлі әдістерден бөлек, дрондардың көмегімен де жүргізіледі. Тәжірибе көрсеткендей, дрондарды қолдану зиянкестерді бақы­лау шараларын 5-10 есе жылдамдатады. Сондықтан әкімдіктерге мүмкіндігінше дернәсілдердің орналасқан жерін анықтау үшін дрондарды пайдалану ұсынылады.

Шекара маңындағы шегірткеге қатыс­ты жағдай үнемі қадағаланып отырады. Шекаралас елдердің ауыл шаруашылығы салалары арасында мониторинг жос­парлары жасалды. Атап айтқанда, өзбекстандық және ресейлік мамандармен бірлескен зерттеулер жүргізіліп жатыр.

«Бұл жұмыстардан күтетін жалғыз нәтижеміз – шегірткелердің таралып кетпеуі. Сондықтан бір апта ішінде шегірткеге қарсы жедел жұмыс үшін менің басшылығыммен Үкіметте орталық комиссия және облыстарда әкім орынбасарлары жетекшілік ететін өңірлік комиссияларды құрамыз. Біз қалыптасқан тәсілдерге сүйенбей, аумақтарды мұқият зерттеу және жерді өңдеу үшін барлық қажетті ресурсты, әсіресе адам ресурсын қосамыз. Еңбек биржасынан адамдарды тартыңыздар. Ертеңнен бас­тап барлық АШМ басшылары қажетті іс-шараларды бақылау үшін шегірткенің таралу қаупі жоғары аймақтарға барады. Шегірткенің таралу қаупі толығымен жойылғанға дейін әр апта сайын жергілікті жағдайды бақылап, барлық өңірді тыңдайтын боламын», деді вице-премьер. 

Соңғы жаңалықтар