Еңбек • 15 Мамыр, 2024

75 жыл еңбектен қол үзбеген

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкбазардың артындағы сауда алаңында түрлі жеміс ағаштарының көшеттері сатыла бастаған шақ. Мамыр мерекелерінен соң бұл жер қызанақ, бұрыш, бак­ла­жан тә­різді көкөніс көшеттері мен сан алуан гүлге толып кетеді. Базар­дың орталық ғимаратынан шыққан адамның бәрі осы жермен өтеді. Керегімді алып сыртқа шығып бара жатып, көшет сатушылардан оқшауырақ отырған қарияны көзім шалып қалды. Өтіп кетіп, қайта айналып кел­дім. Алдындағы қа­ғаз қораптың іші-сыр­тына шолақ сапты топырақ қоп­сыт­қыш, шөп отағыш, шағын күрек-кетпен сияқты бақ­ша күті­мі­не таптыр­май­тын ша­ғын дү­ние­лерді қап­­татып қо­йыпты.

75 жыл еңбектен қол үзбеген

Жөн сұраса келе қария­ның 88 жаста екенін, қалаға осыдан біраз жыл бұрын Федоров ауданына қарасты Украин ауылынан көшіп келгенін, көп жыл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегенін, зейнет де­ма­лысына шыққалы темір кесіп, ұсталықты кәсіп етіп жүргенін білдік. Алдындағы жұртқа керектің бәрін қыс­тай дайындап алады да, көктемде сатуға шығарады екен.

«Әкемнің қойған аты – Ғинаят, ал жұрт Қазтай деп қана біледі. Тегім – Нұр­пейісов. Осы жасқа дейін істемеген жұмысым жоқ, шырағым. Санасаң, он сау­сағың жетпейді. Бұзау бақтым, бұқа бақтым, жылқы да ба­ғып көрдім, есепші болып істедім, трактор, автокөлік жүр­гіз­дім, гараж мең­ге­рушісі, гараж механигі, жылқы зауы­ты­ның ме­­­ханигі бол­дым. Жасым қазір 88-де, 60-та зейнетке шықтым. Сонда да әлі дамыл көрген жоқпын. Үйде отырып бірдеңе істесем кішкене көңілім жайланып қалады. Ал жатсам ауырып қаламын. Мынаның бәрін қыс бойы жасап шықтым. Бәрін саяжайға алып жатыр. Бір маусымда 500-600-і кетіп қалады. Әрқайсысын 1,5 мыңнан есептеп көр, 900 мың теңге болады. Мұның бәрі – арадан істелген өте сапалы дүниелер. Жай темір емес. Тасқа ұрсаң да жүзі майырылмайды. Мені жарты Қостанай біледі. Жұрттар әдейі іздеп келіп алады», дейді ақсақал.

Ғинаят қария қыстай ұс­талық етеді екен. Қаладағы металл қабылдау орындарынан ескі араларды сатып алады да, үйге әкеп кесіп-кесіп арамшөп отағыш жасайды. Мысалы, екі кісілік бір қол арадан 50-60 шөп отағыштың басы шығады екен. Соның бәрін ақырындап шетінен егеп, қайрап, дәнекерлеп, саптап қояды. Ал көктемде базарға шығып, маусымның жиырмасына дейін тура екі ай отырады.

«Менің тауарым «Склад­ской» базарындағы қаңыл­тырдан істеген қытайдың заттарынан анағұрлым сапалы және көп арзан. Сондықтан жұрт бағамды да, тауарымды да мақтап алады, біледі өздері. Үлкен кетпен істемеймін, ауыр нәрсе. Маған осылар жетіп жатыр. Жұрт рахметін айтып кетеді. Қолым әлі дамыл көрген жоқ, 13 жасымнан еңбекке араластым. Өзің санап көр, 75 жыл болыпты жұмыс істегеніме. Аллаға шүкір, соның арқасында ден­саулығым да кішкене жақсы. Бірақ көз қалып барады, құлақ бітті. Кәрілікке қарсы ең пайдалы дәрі – еңбек», дейді ұста.

Ғинаят қария бау-бақ­ша құралдарын тек асыл темір­­ден ғана жасайды. Сондықтан ұстаның қолынан шыққан өткір заттардың жүзі оңайлықпен мұқала қоймайды. Әсіресе  күз келіп, күн суытқанша бау-бақшадан шықпайтын зейнеткерлер мен әйел адамдарға аса қо­лайлы. Осыны білетін біраз жұрт қарт ұстаны әдейі іздеп келіп, арнайы тапсырыс беріп өздеріне керек құралдың сызбасына дейін ұстатып кетіп жатады.

«Шырағым, денсаулыққа пайдалы болған соң жүрмін. Жатсам жатып қаламын. Күнің кісіге қарамасын, күні кісіге қараған адамнан Алла теріс айналады. Әйтпесе, ақша таппай отырған шал емеспін, мемлекет зейнетақысын бе­ріп, өзі асырап жатыр. Үш балам жұмыс істейді, неме­ре­лерім бар, тәубе. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, біздің тілегіміз – сол», дейді қария.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Кітап. Қоғам. Кітапхана

Мәдениет • Бүгін, 08:41

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қоғам • Бүгін, 08:38

Менің Түгіскенім

Тарих • Бүгін, 08:36

Ақ Олимпиадалар қайда өтеді?

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 08:32