Үкімет • 15 Мамыр, 2024

Тосыннан келетін апаттың алдын алу маңызды

107 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту және өрт шығу қаупі бар кезеңге дайындық мәселесі талқыланды. Сонымен қатар еліміздегі су тасқынына қатысты ахуал да сөз болды.

Тосыннан келетін апаттың алдын алу маңызды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қалыпты өмірге қайта оралу

Вице-премьер Қанат Бозымбаев елдегі су тасқыны жағдайы тұрақтанып жатқаны туралы айтты. Десе де, осы аптада Атырау облысында су тасқынының шарықтау шегі болады деген болжам бар. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор мен Махамбет кентіндегі су бекеттеріндегі қауіпті белгілерден асып түсті. Қазір өңірде аумаққа топырақ үю, құм толтырылған қапшықтарды төсеу, су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елдің сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режімі сақталып отыр. Ақтөбе облысындағы екі елді мекенде әлі де көлік қатынасы жоқ. Тұрғындар азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Су басқан аймақтардан 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мың бала эвакуацияланды. Бүгінде 55,6 мың адам өз үйлеріне оралды. Енді эвакуациялау бекеттерінде 5 мыңға жуық азамат қалды.

Су тасқыны салдарынан 12 908 тұрғын үйді су басты. Үш өңірде әлі 264 үй су астында қалып отыр. Сондай-ақ 18 025 саяжай үйі бар 25 921 жер учаскесін де су су басқан.

Бүгінде 20 600 отбасы 100 АЕК мөл­шерінде бір реттік төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрады. 680 отбасына 362 млн теңге көлемінде келтірілген материалдық шығын өтелді. 568 отбасы 710 млн теңгеге тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Өңірлерде келтірілген залалды бағалау және өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.

Үкімет басшысы тиісті құрылымдарға тасқынға қарсы жұмыстарды жалғас­тыру­ды тапсырды. Әсіресе Жайық өзеніндегі қауіп­ті деңгейден асып кеткен Индербор және Махамбет елді мекендеріндегі жағдай­ды бақылауға алу керек. «Эвакуациялық бекеттер кез келген уақытта адамдар­ды қабылдауға дайын болуға тиіс. Күштер мен құралдар да сақадай сай тұруы керек. Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін», деді О.Бектенов.

Ақтөбе облысында екі елді мекенде әлі күнге көлік қатынасы жоқ. Онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектің болуын мұқият бақылауға алу қажет. Электр жарығынсыз отырған ауылдарда жөндеу жұмыстарын тездету керек. «Сондай-ақ су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шара белгіленген мерзімде іске асырылуы ләзім. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек», деді Премьер-министр.

 

Туристік аймақтарда  қолайлы жағдай жасау қажет

Президенттің өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, бұқаралық туризмді дамыту мен инвестор тартуда әлеуеті жоғары бірқатар өңірдің басшысы баяндама жасады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бо­йынша туризм саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Елімізге 9,2 млн шетелдік келді, сондай-ақ отандық туристер саны 9,6 млн адамнан асты. Туристерге 230 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, қазына 450 млрд теңге салық түсімімен толықты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 53%-ға артып, 787 млрд теңгені құрады. Ал биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша салаға салынған инвестиция 3 есеге өсіп, 177 млрд теңгеге жетті.

Десе де, Олжас Бектенов инвестиция тарту деңгейінің төмендеуі тіркелген, туристік әлеуеті толық іске асырылмаған бірқатар өңірді атады. Бұл – Атырау, Қара­ғанды, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақ­стан және Жетісу облыстары. Әкімдерге инфра­құрылым мәселелерін кешенді түр­де шешіп, қызмет көрсету сапасын түбе­гейлі жақсартуды тапсырды. Бүгінде 82 ел­дің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, 29 елге 108 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы жүзеге асырылады.

Премьер-министр мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалатынын айтты. Өз кезегінде бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдалануды және қолайлы бағамен сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі керек. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты. Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады.

«Ол үшін Көлік министрлігі инфра­құры­лымды қайта қарап, әлеуетті инвес­торларды тарту үшін жағдай жасауға тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көру керек. Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті болып табылады. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы Көлік, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктерге демалыс аймақтарындағы инфрақұрылым жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, пойыздар санын көбейтіп, авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді тапсырды.

 

Өртке қарсы күрес байыпталды

Сонымен қатар Үкімет отырысында тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің өрт шығу қаупі бар кезеңге дайындығы күн тәртібіне шықты. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жағдай туралы баяндады. Бұрын ірі өрт орын алған Абай, Павлодар, Қостанай облыстарының әкімдері өңірде жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары туралы есеп берді.

Өткен жылы өрт 116 мың гектардан астам орман қорын шарпыды. Материалдық шығын келтірілген экологиялық залалды есептемегенде 160 млрд теңгеден асты. Облыс әкімдіктері Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге материалдық-те­х­никалық жарақтандыру, ЖЖМ резервін ны­ғайту, минералдандырылған жолақ­тар құру, әуе кемелерін тарту мәселе­лерін қамтитын табиғи өрттердің алдын алу жос­парын бекітті. Сонымен қатар орман ша­­руашылығы мекемелерімен қосымша 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізіліп, ор­ман күзетінің 1,3 мың қызметкері оқы­тыл­ды. Ірі өрттермен күресу үшін әр өңірде күштер мен құралдар тобы дайындалды.

Премьер-министр өткен жылы ірі орман өрттерін сөндіру кезінде ТЖМ әуе кемелері жеткіліксіз болғандықтан, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тікұшақ­тары тартылғанын айтты. Қазір Қазавиа­құтқару авиациясының 19 ұшағы тұрақты дайындық режімінде болса, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Әуеден барлау үшін 120 дрон бар.

Үкімет жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгеден асатын Орман шаруашы­лықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жос­парды іске асырып жатыр. Нәтижесінде, өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің табиғатты қорғау ұйымдары үшін 9 млрд теңгеге 25 өрт сөндіру машинасы, 51 шағын орман өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік көлік, 655 бірлік өрт сөндіру техникасын, ал жергілікті атқарушы органдар 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру машинасын, 127 трактор, 76 патрульдік көлік сатып алды. Бұған дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай қаржы бөлінбеген.

Бәрібір қолда бар техниканың тозу па­йызы жоғары күйінде қалып отыр. Онда өрт сөндіру машиналары 72%, тракторлар 50%, патрульдік көліктер 55%-ды құрайды. Биыл кешенді жоспар шеңберінде материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджетен – 3,8 млрд теңге, ал ведомствоның табиғат­ты қорғау ұйымдарына түрлі қаржы көзінен 15,4 млрд теңге бөлінді.

Биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақ­шылық болады деп күтілмек. Әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Осыған байланысты Премьер-министр өрт қаупінің жоғары екен­і­не тоқталып, алдын ала дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек. Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерваты­ның аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты.

«Орман және табиғатты қорғау мекемелерін өрт сөндіру техникаларымен жарақтандыру қарқыны мардымсыз. Біз бұған өткен жылы көз жеткіздік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттардың тапшылығы орман қоры мен даланы әуеден толық тексеруге мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда мұндай аппараттарды жасап шығаратындар бар. Заманауи техникалар мен табиғи өрттерді сөндіретін құралдардың болмауы қызыл жалынмен күресте шұғыл шаралар қабылдауға кедергі келтіреді. Бұл мәселенің барлығы кешенді шешімдер мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді», деді О.Бектенов. Сөйтіп, орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологияларды енгізуді тапсырды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік орман қоры­ның 2%-ы ғана орман өртін ерте анықтау жү­йе­сі­мен қамтылған. «Бурабай» ұлттық паркі­нің аумағында қолданысқа енгізілген смарт-жүйенің арқасында кейінгі жылда­ры ондағы өрт оқиғасы айтарлықтай қыс­қар­ды және өртке қарсы шұғыл әрекет ету жұ­мыс­тары күшейтілді. Бұл тәжірибені басқа да табиғи парктер мен резерваттарда қолдану керек.

Премьер-министр ведомстволар мен өңірлердің басшыларына бірқатар тапсырма берді:

  • Әкімдіктер елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы ерікті құры­лым­дарды ұйымдастыру жұмыс­тарын жалғас­тыруы қажет. Сонымен қатар орман шаруа­шылығы мекемелері күнделікті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұрын орын алған өрттердің тәжіри­бе­сін ескере отырып, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қоюға тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, өрт сөндіру көліктерімен және тікұшақтармен су алу үшін су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет.
  • Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкім­діктерге табиғи өрттерге қарсы шұғыл әре­кет ету бойынша көрші елдердің шекара маңындағы аумақтарының тиісті қыз­мет­­терімен өзара іс-қимылды күшейту ләзім.
  • Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тиісті оқу-жаттығулар өткізуі керек.
  • Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдегі орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуға тиіс.