Тағзым • 11 Мамыр, 2024

Курскіде қан кешкен

68 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Майдангерлердің 9 мамырға арнал­ған шеру сапындағыларға күн салып қарап отыратыны кеше ғана сияқты еді. Сәлден кейін қаз-қа­тар тізіліп барып, соғыстан қайт­пай қалған қаруластарының есі­мі қашалған тасты аялай сипап, жанарлары жасаурап тұра­тын. Бүгінде Сыр өңірінде соғыс соқпағын басып өткен осы қарт май­дангерлердің төртеуі ғана қа­лыпты. Солардың бірі – Әбдірахман Бәйтіков.

Курскіде қан кешкен

Бүгінде облыс орталығындағы ауқымды ауданның біріне ай­нал­ған теміржолдың арғы бетін­де осыдан бір ғасыр бұрын ша­руалардың басын қосқан «Кооператор» деген ұйым болыпты. Әбдірахман Бәйтіков кейіннен осы аттас ұжымшар, артынша «Коммунизм» кеңшары аталған осы маңайда өмірге келді. Әкесі Бәйтік пен анасы Әмзәнің жалғызы еді. Бірақ жалғыз екенмін деп жанаярлыққа салынбады. Елдің баласымен бірдей тірліктің жалына жармасып өсті. Бала күнінен қой да бақты, егін де орды. Тірлікке бейім әкесі өз еңбегімен біраз малдың басын қосып еді, қуғынға түсті. Еті тірілеу бір ағайындарының арқасында Өзбекстан жаққа жылыстап кетіп, ол жақты да бұлардың біраз жыл мекен еткені бар.

Елге оралғаннан кейін 1938 жылы әкесі дүние салып, науқас анасының бар сүйенері 14 жастағы Әбдірахман болып қалды. Кішкентайынан еңбекпен өскен бозбала бұған да мойымады. Жазда пішен шауып, онысын қазіргі Ескі базар маңындағы малдыларға апарып сатты. Қыста да қарап отырмай, анасы екеуіне жетерлік ішіп-жемін тауып жүрді. Талапты бозбала 1942 жылы мектеп бітіріп, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнына түскен еді. Осы жерде оқып жүріп, 18 жасқа толар-толмаста майданға аттанды.

Майдангер үшін соғыс соқпағы Ашғабад қаласынан басталды. Осы қалада кіші командирлер даярлайтын курсты бітірмей жатып Курск шайқасына түсті. «Әскери техникалар соғысы» аталып кеткен қанқасапқа қатысқан екі миллионға жуық адамның бірі танкіге қарсы зеңбірек атқышы Әбдірахман Бәйтіков болатын.

Қидаласқан қан майданның бар­лық сәті есте қала бермейді. Бірақ кейінгілерге естелік айтқан қарияның есінен 1943 жылдың тамызы шыққан емес. «Көпке дейін сол күндер түсіме кіріп жүрді. Таң алдында жау шабуылы басталды. Мұнда келгелі оқ даусына құлағымыз да үйреніп қалған. Ертеңгі күнді аман көрсек деген үмітпен ұрысқа кірістік. Осы соғыста қолымнан жараландым. Сүйек аман болғанмен, снаряд жарқыншағы тамырды қиып кетіпті», дейді қария.

Осы жарақат жиырмаға да толмаған жас жігітті госпитальға түсірді. Қолына ота жасалғанымен, орны бітпей біраз уақытқа дейін қиналғанын ұмытпайды. Сөйтсе, жарықшақ дал-дұлын шығарған гимнастеркасының жеңі жарамен бірге тігіліп кеткен екен. Тағы ота жасап, әлгіні алып тастағаннан кейін ғана жаны жай тапты. Госпитальдан шыққан жаралы сарбаз 1943 жылдың желтоқсанында комиссияға түсіп, ондағылар II топ мүгедегін елге қайтарды.

Елге келген соң соғыстан титықтаған шаруашылықты тіктеуге кірісті. Өзі туып-өскен ауылда қой бақты, кейіннен ша­руа­шылықтың есеп-қисабын жүргізді. Ша­маданға ақшаны толтырып алып, Телікөлді жағалай қонған қойшыларды атпен аралап, айлық таратқан кезі болды. Сонда көңіліне «осы ақшаға әлдекімнің көзі түседі-ау» деген күмән кірмепті. Бүгінгідей байлығы бол­маса да, жұрттың бойын­да ынсап, ұят бар кез екен ғой ол бір. 1957 жылы «Қызыл егін­ші» ұжымшарын­да тұратын Кеңескүл Әбуо­ваны шаңы­рағына түсіріп, жаңа отау тігілді. Бүгінде екеуінен өрбіген 6 ұл, 4 қыздан немере, шөбере сүйіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын Кеңескүлі дүниеден өткенде жанынан жарты жұрт көшіп кеткендей құлазып қалғаны бар. Бірақ жан-жағын қаумалаған балалары қайғысын сейілтті.

Біз барғанда шаңырақтағы ұлы Болат Бәйтіков суреттерді іріктеп отыр екен. «Әкеміздің ғасырлық тойын атап өтсек деген ой бар. Соған төрге ілуге лайық фото іздеп жатырмыз», дейді майдангердің ұлы. Осы күні көруі нашарлап, құлағы да ауыр еститін майдангер әкесі туралы біраз деректі бізге осы ұлы берді.

«Әкем өзгенің жылтырағына көз сатпай, бар нәрсеге еңбекпен жетуге үйретті. Біреудің сыртынан сөз айтпайтын мінезі де біз үшін үлкен мектеп болды», дейді ол.

Соғыстың соңғы сарбаздарының бірі саналатын Әбдірахман ақсақалдың бар тілегі – бір кездері өзі қорғаған ел мен жердің тыныштығы.

 

ҚЫЗЫЛОРДА