Тағзым • 10 Мамыр, 2024

Майдангер мерейі

43 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуропадан тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыс кеңес одағын шарпыған жылдары Қостанай облысынан 73 500 адам майданға аттаныпты. Өңірдің әрбір бесінші азаматы соғысқа кеткен. Оралмағандары, із-түзсіз кеткені қаншама. Ал аман-есен елге қайтып келгендерден көзі тірі 16-ақ соғыс ардагері қалыпты. Солардың бірі – 99 жастағы қарт майдангер, журналист, ақын Қасымхан Алдабергенов.

Майдангер мерейі

Өнегелі өмірінің ғасырлық белесіне аяқ басқан қария әлі де тың. Кешегі отты жылдардың естелігі күні бүгінге дейін жадында. Соғыс басталғанда ауыл­дың ер азаматтары майданға кетіп, шаруа­шылықтың бар ауыртпалығын әйелдер мен кәмелетке толмаған жас балалар көтереді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жұмылып жұдырық болып, жеңіс үшін еңбек етеді.

«Сонда 15-16 жастағы баламыз. Шөп шаптық. Жас тайыншаны үйретіп, тыр­маға жегіп алып, шөп тырмаладық, мая салдық. Ауылдан 75 шақырым жерде Бре­ды деген станса бар, сол жерге өгіз арбамен астық тасыдық. Ол кезде соғысқа ат керек пе, арба керек пе, киім-кешек керек пе, ешкім бір ауыз сөз айтпайтын, әскерге ат керек десе, жалғыз атын жетектетіп қоя беретін. Бәрі майдан үшін қызмет істеді», дейді қарт майдангер.

Қасымхан ата әскер қатарына 17 жасында, 1943 жылы 10 қаңтарда алынды. Алдымен Златоусттағы 6 айлық пуле­метшілер училищесінде атуға ма­шық­танады. Кейін жаңа құрылған 14-әуе десанты бригадасына қабылданды. Жиыр­маға толмаған жас десантшы жау тылында жиі болып, талай рет ажалмен бетпе-бет келді. Жеңіс жақындаған тұста майданның алдыңғы шебінде шайқасты. 

«Будапешт қолдан-қолға өтіп жатқан кез. Болотон деген үлкен көл бар. Бізді сол жерде қорғаныста тұрған немістің танк дивизиясына апарып салды. Қира­маған дүние жоқ, айналамыз түгел – түтін, жалын, жанып жатқан техника. Менің қолымда пулемет, қасымдағы жігіттің қолында – ПТР. Өзі екі иығына екі адам мінгендей, еңгезердей қарулы жігіт еді. Ұмытпасам, осы Шымкент жақтан, есімі Төкен болуы керек. ПТР-дің сал­мағы 9 кило, дискісі бар. Онысы иығы­нан түспейтін. Сол жігіт келіп қал­ған жау танкісін атып еді, әлгі танк бір орында тұрып қалды да, бұрқ ете қал­д­ы. Танкіден шығып үлгергендерді мен пулеметпен қарсы аламын. Қырқып сала­ды. Сол сәтте Төкен молдасоқынып оты­ра қалды да, екі қолын көтеріп билей бастады. Танк жанып жатыр. Бізге де оқ жауып жатыр ғой. От пен оқтың ішін­де отырсаң да, керемет қуаныш болады екен. Өлім мен өмірдің арпалысы ғой енді. Үл­кен жеңістің бір ұшқыны еді – бұл. Міне, ғажап! Осы шайқастан кейін Төкенге «Қы­зыл Жұлдыз» ордені берілді. Содан бүкіл Мажарстанды көктей өтіп, Дунайға келіп тірелдік. Сол жерде ІІ Ук­раина майданынан біздің 100-дивизияны алдыңғы шепке салды. Осылайша, біз 1945 жылдың көкте­мін Вена қаласында қарсы алдық. Фашистер оңайлықпен берілгісі келмеді. Ар жақтан одақтас күштер көмекке келген соң ғана жаудың беті қайтты. Біз сол жерде Аме­­рика әскерімен қауыштық. Аустрияны азат еткеннен кейін, бір ай жаяу жүріп оты­рып, қайтадан Будапешттің түбіне оралып, сол жерде тұрдық», дейді Қасымхан ата.

Будапешт маңындағы Болотон өзені бойында қорғаныста тұрған немістің 11-танк дивизиясымен болған қанды шайқас қарт жауынгердің әлі есінде. Алғы шептегі шайқастан кейін шаршап, түнемелде окоп қазбай жайдақ жер­ге жата кеткен қанды көйлек қаруластарының көбі көз алдында мерт болады.

«Бір ағаштың бауырына тоқтадық. Командир ешқандай шылым шегу, от жағу болмасын, тездетіп окоп қа­зып алыңдар деп бұйырды. Өзімізге сар­шұнақтың іні сияқты тіп-тік окоп қазып алдық. Бірсыпырасы жерге жата кеткен бойы ұйықтап қалды. Түн ортасында жаудың ірі калибрлі пулеметі оқ жаудырды, сол түні окопта жатқандар ғана аман қалдық», дейді майдангер.

Қасымхан қария соғыс өтінде жүрген майдангер үшін елден келген хаттан ыстық ештеңе жоқ дейді. Жастайынан өлеңге құмартып өскен жауынгер хатты өлеңмен жазыпты. Оның майданның екінші бір түпкірінде жүрген туған аға­сына жазған хаты інілік сағынышқа толы.

«Мен ол кісіні бапа дейтін едім, «Ба­пам тірі қалды ма, жоқ па» деп ойлай­мын. «Інім тірі қалды ма» деп ол ойлайды. Бір күні хат келді. Ол хаттың жауа­бын: «Бапа, саған айрықша арнап жаздым хат, Хатыңда алып қалғаннан соң, болып шат. Көптен бері хабарыңды біле алмай жүруші едім, оң мен солға алаңдап. Міне, бүгін, өз қолыңмен жазған хат, Жатыр алда, оқып шықтым қат-қабат, Көзім көріп, өзіңменен сөйлесіп, Қалғандай боп, өсті бойда күш-қуат. Қуанғаннан төбем көкке жеткендей, Жүрек тулап, көңілге нұр сепкендей, Көптен бері ой шырмаған уайым, Бір-ақ сәтте бойдан шығып кеткендей. Енді, бапа, хат арқылы қатынас, Үзілмесін, аман болсын, ғазиз бас, Осыменен інің сөзін аяқтап, Сағынғаннан сығып алды көзден жас», деп өлеңмен жаздым», дейді қарт десант.

Майдангер жеті жарым жыл әскери бо­ры­шын өтеп, елге 50-жылдары ғана орал­ды. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйді. 30 жыл ұстаздық етті. Алғаш математика пәні­нен сабақ берсе, кейін қазақ тілі мен әде­биетінің мұғалімі болды. Аудандық газет­те қызмет етті. Облыстық айтыс­тар­ға қатысып, Омар Шипин, Нұрқан Ахмет­бе­ков сынды саңлақ ақындармен сөз қа­ғыс­тырды. Тағылымды кітаптар жаз­ды. Ға­сырмен құрдас қарт жауынгер қолы­на қара домбырасын алып, анда-санда қан­­­­ды көй­лек жолдастарын еске алып, өлең­­­мен жа­зылған майдан хаттарын әнге қосады.

1959-1979 жылдар аралығында Қоста­най өңірінде алты рет ақындар айтысы өткен екен. Жетіқара ауданында ауыл мұғалімі болып жүрген Қасымхан Алдабергенов осы айтыстардың төрт дүркін жеңімпазы атанады. Ақын туралы, айтыс өнері туралы сол кездегі одақтың бас басылымы «Правда» газеті де жазады.

1980 жылы майдангер Қостанай облы­сы­ның атынан Алматы төрінде өткен ІІ республикалық айтысқа қатысады. Сол айтыс­та қазақ поэзиясының абызы Әбділ­да Тәжібаевтың өзі өнеріне риза болып, иығына шапан жауып, қолына домбыра ұстатыпты. Ол айтыс «Жыр-шашу» жинағына енді.

Кезінде Қасымхан атамызды қазақ теледидары төрт рет Алматыға қалап шақыртып, «Халықтар қазынасы» циклінен ұлы Абайдың «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын жырлатқанын да айта кеткен ләзім. Ол хабардың ара-арасында майдангердің төл туындылары да орындалды.

Сүйегі асыл абыз кеуде қария жүзге таяп қалса да әлі тың. Жады мықты, көңілі сер­­гек, көңілі сайрап тұр. Шақырған жерден қал­май, жастармен кездесіп, кеудедегі қаз­ы­­налы көмбесін ақтарудан ешқашан шар­­шаған емес. Мұндай кездесулерде қарт десантшы тілерсектен қан кешкен қаһар­лы күндерін әңгіме еткеннен гөрі, өңір ру­ханиятының шежіресін ағытып, кезінде Тобыл өңірінде дәстүрлі мектепке айналған жыр­шылық, термешілік өнердің көрнекті өкілдері хақында сыр ақтарғанды жөн көреді.

 

Қостанай облысы