Мәселе • 11 Мамыр, 2024

Жылыту маусымына дайындықтың маңызды кезеңі

79 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Сондай-ақ елдегі егін егу науқанының барысы да күн тәртібіне қойылды.

Жылыту маусымына дайындықтың маңызды кезеңі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Тозған жылу желілері қалай жаңарады?

Энергетика министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмей, тұрақты режімде өтіпті. Ведомство басшысының айтуынша, барлық энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген. Осы жылдың 4 айында өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға артқан. Десе де, электр стансаларында бірқатар жөндеу жұмысты өткен жылдан бері аяқ­талмай қалған. Биыл 10 энергия бло­гін, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Осы кезде 1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал 2 энергия блогында, 12 қазандықта және 2 турбинада әртүрлі кезеңдерде жөндеу жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы 20,9 мың км болатын электр беру желілерін және 423 жоғары вольтты қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған.

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің ақпаратына сүйенсек, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км құрайды. Олардың орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың км ауыстыру қажет. Ең көп тозған желілер Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды об­лыстарында. Үкімет алдында 2030 жыл­ға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылу­мен жабдықтау желілерінің 221 км жөн­деуден өтеді. Жылу желілерінің «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қала белгі­лен­ген. Былтырғы қорытынды бойынша ол қала­лардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73%-ды құрайды. Енді белгіленген 12 қалаға 47,2 км жөндеу ісі жүргізіледі.

Үкімет басшысы жылу көздеріндегі технологиялық ақаулардың жиілеп кеткеніне назар аударды. Сөйтіп, министр­лер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды. «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталы­ғын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногордегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режімде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», деп ескертті О.Бектенов.

Жылу көздерін сапалы әрі уақтылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Премьер-министр Кентау, Риддер және Қызылордағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталады. Энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгерту енгізілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту көзделген.

«Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеу­ге жұмсалуға тиіс. Энергетика, Өнер­кәсіп министрліктері мен әкімдіктерге қуат көздеріндегі, жылу және электр желі­леріндегі жағдайға мұқият талдау жүр­гізіп, қосымша жөндеу жұмыстары­ның көлемін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдар­лама­лар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қазір негізінен республикалық бюджет қаражаты жұмсалуда», деген Олжас Бектенов әкімдерге Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, монополистермен жұмыс жүргізіп, қаржыландыру бойынша ең оңтайлы тетіктерді ұсынуды тапсырды.

Одан кейін, Үкіметтің жергілікті жерлердегі жұмыстарды бақылауды күшейткеніне назар аударды. «Жөндеу жұмыстарында қауіп бар. Жергілікті жерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыс­тау облысында МАЭК-тің 2-Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріспеді. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге шығып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылауға алу керек. Елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады. Ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талап бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет», деген Үкімет басшысы жұмыстың орындалу барысын жеке өзі қадағалайтынын айтты.

Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шара жоспарын 15 мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек. Өнеркәсіп, Энергетика министр­ліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақтылы қам­та­масыз ету қажет. Коммуналдық-тұр­мыс­тық көмір қорын жаз кезінде жинақ­тап алу жұмысын жандандыру керек.

Сондай-ақ әлеуметтік блок министр­ліктеріне мамандар тапшылығы бар жылу және электр энергетикасы саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері осы саладағы еңбек нарығының ағымдағы жағдайына толық талдау жүргізіп, қажет болса тиісті мамандықтарға гранттардың санын көбейтуі ләзім.

«Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротех­ник­терді, энергоаудиторларды, элект­рик­терді және басқа да мамандарды даяр­лап шығаруға тиіс. Бұған қоса, аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек. Еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің тұрақты жұмысы осыған байланысты», деді Премьер-министр.

 

Егіс науқаны қандай күйде?

Осы жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 млн га құрайды. Мемлекет басшы­сының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады. Алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың га және азықтық дақылдарды 66 мың га ұлғайту жоспарланған. Қазір елдің кейбір өңірлерінде егіс жұмысы жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге дән егілді. Ал жаппай егіс науқаны енді басталады.  Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктердің деректері бо­йынша бүгінгі күні қажетті 2,4 млн тон­на тұқымның 99%-ы бар екенін айтты. Қал­ған көлем Азық-түлік корпорациясы­ның резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Ал шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді. Биылға арналған жоспар 1,5 млн тонна минералды тыңайтқышты құрайды. Оның 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Қалған әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98%-ды құрайды. Егістіктерді химиялық өңдеу үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Бұл қолайлы фитосанитарлық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ былтыр шегірткелердің таралу аумағының кең болуына байланысты, биыл 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарланды. Аталған жұ­мыс­тарды жүргізу үшін барлық қажетті ресурс бар.

Дала жұмыстарын жүргізуге жеңіл­­­дікті дизель отынының көлемі ша­руалардың «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы берген электрондық өтінімдері негізінде дайындалды. Премьер-министрдің тапсырмасымен фермерлерге дизель отынының көлемі жылдағыдан 36 мың тоннаға артып, 376 мың тоннаға дейін ұлғайды. Оның құны литріне 250 теңге деңгейінде сақталады. Бұл нарықтық бағадан литріне 45 теңгеге немесе 15% арзан. Облыстарды тиеп-жөнелту бойынша МӨЗ-ге тіркеу кестесі бекітілді. Бүгінде 52% жөнелтілді.

Егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Форвард­тық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге көзделген. Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқа­нын сапалы жүргізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсыр­ды. «Субсидияларды бөлу бойынша бар­лық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Сізге, Айдарбек Сейпілұлы, әкімдер­мен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуге тиіс», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ отандық зауыттарда тыңайт­қыштың жетіспеуі туралы түскен шағымдар аясында Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Ал әкім­дер тыңайтқыш пен дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет.

Фитосанитарлық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткенің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмысын бақылауға алу тапсырылды. Бюджеттен шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 млрд теңге бөлінді. «Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бо­йынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуға тиіс. Туындаған мәселелерді Жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», деді Премьер-министр.