Аймақтар • 11 Мамыр, 2024

Батыр есімі берілді

63 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорған әуе базасына Кеңес одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Сергей Луганскийдің есімі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды деген еді. Осы мақсатта Жетісу жерінде келелі жиын өтіп, ел азаматтары батыр рухына тағзым етті.

Батыр есімі берілді

Суреттерді түсірген – Жеңіс Ысқабай

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram-дағы жеке парақшасында бұл іс-шараның маңызына тоқталып: «Сергей Луганскийдің есімі берілген авиабаза оның туған қаласының аспанына қорған болады. Мұның символдық мәні бар. Қазақстанда батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі іс-шара – соның айқын дәлелі», деп жазды.

Ең маңыздысы – салтанатты іс-шарада Сергей Луганскийдің ерлігі ел жадына сіңді. Жетісулықтар Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 390 рет көтеріліп, 40-тан астам жаудың ұшағын құлатқан батырдың өмір тарихына қанықты. Екі мәрте әуе кемесін тікелей бағыттап, қарсыласқа соққы берген. Дәл осындай ерлік тарих парақтарында ұзақ сақталуға тиіс. Мұны жиналған көпшілік те мақұлдады.

рр

Әуелі Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен өңір әкімі Бейбіт Исабаев қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды. Содан кейін соғыс ардагерлері Төлеубай Шектібаев, Сәрсенбай Қантарбай және Ермақ Құсайыновтың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.

«Жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін сіздерге алғыс айтқым келеді. Ұлы майданға түсіп, жаудың бетін қайтарған ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің жігерлі мінездеріңіз жастарға мәңгі өнеге болады», деді Р.Жақсылықов.

Ардагерлерге ілтипат көрсеткен­нен кейін Талдықорғандағы Қазақстан Әскери-әуе күштерінің №21751 авиациялық әскери бөліміне барды. Ел алдына облыс басшысы мен Қорғаныс министрінен бөлек, тұңғыш қазақ ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров және Халық қаһарманы Айдын Айымбетов шығып, жинал­ған қауымды мерекемен құттықтады. Батырдың бюстін ашып, алдына гүл шоқтарын қойды.

Жиналғандарды құттықтаған Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов Талдықорғандағы авиабазаға Сергей Луганскийдің есімін беру жөнін­­де Президент – Жоғарғы Бас қолбас­шының биыл Атырау қала­сында өткен Құрылтайда бастама көтергенін жеткізді. Сондай-ақ бұл ұсынысқа Қарулы Күштердің жеке құрамы қолдау білдіргенін атап өтті. Әскери қызметшілердің күрделі де жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Бейбіт Исабаев батырдың ғұмыр белесіне үңіліп, құттықтау тілегін жерлестеріне жолдады. «Бүгін Кеңес одағының екі мәрте батыры, әскери ұшқыш Сергей Луганскийдің есімін беру және бюстінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Сергей Данилович – Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі үшін екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған жауынгер. Батырдың есімін иелену – әскери бөлім үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұдан былай да Отан алдындағы жауынгерлік парыздарыңызды лайықты орындап, ел қорғанысындағы еңбектеріңіздің жемісті болатынына сенемін», деді өңір басшысы.

Ал жетісулықтар ерекше қоше­метпен төріне шығарған Тоқтар Әубә­кіров сол дәуірдегі есті оқиғалардың тиегін ағытты. Су-30 ұшағымен осы Талдықорған авиабазасынан ұшқан кездерін еске алды.

«Сергей Луганский – аты аңызға айналған адам. Бала кезімде мен оны өзіме ұстаз тұттым, соның үлгісімен тәрбиелендім. Авиабазаға даңқты батыр­дың есімін берудің патриоттық, тәр­биелік маңызды зор. Сонымен қатар бұл болашақта осында қызмет ететін жас ұшқыштарға да, қазір ұшатын­дарға да екі есе жауапкершілік жүк­тейді. Өңір тұрғындарын Жеңіс күні мерекесімен тағы да құттық­таймын», деді Т.Әубәкіров.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертпен жалғасты. Сонымен қатар қала тұрғындары үшін орталық алаңда дәстүрлі сарбаз ботқасы көпшілікке ұсынылды.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар