Бокс • 09 Мамыр, 2024

Боксшылар еншісінде – 25 алтын!

215 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Еліміздің бас қаласында жас­тар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында жалауы желбіреген сайысқа сары құрлықтың 25 мемлекетінен 397 (267 ер, 130 әйел) спортшы қатысты. Аталған додада бокс­шыларымыз 25 алтын медаль жеңіп алды.

Боксшылар еншісінде – 25 алтын!

Суреттер Спортты дамыту дирекциясынан алынды

Жастар жасындай жарқылдады

Алдымен жастар бәсекесі туралы айт­сақ, 6 мамырда аяқталған дода өте қызықты өтті. Себебі бұл сында жас­та­рымызға әсіресе Үндістан мен Өзбекстан боксшылары бәсекелес болды. Соған қарамастан 12 салмақтың тоғызында қыз­дарымыз финалға шықты.

Алғашқы болып 52 кг салмақта рингке көтерілген Бағжан Отынбай үндістандық Нишаға 0:5 есебімен жол беріп, көңілімізді күпті еткен-ді. Алайда одан кейінгі төрт жекпе-жекте қыздарымыз жеңіске жетіп, қалың жанкүйерді қуантып тастады. 54 кг салмақ дәрежесінде Аяжан Сыдық үндістандық Таманнамнан 4:1 есебімен басым түссе, 57 кг салмақта Аяжан Ермек өзбек боксшысы Феруза Шариповаға еш мүмкіндік бермеді – 5:0. 60 кг салмақта Толғанай Қасымхан үндістандық Никита Чандты 4:1 есебімен жеңді. Ал 66 кг салмақтың жекпе-жегін көп жанкүйермен бірге біз де асыға күттік. Себебі аталған салмақта қазақтың қос қызы қолғап түйіс­тірді. Ұлдана Таубай  мен қытайлық қан­дасымыз Дина Жанатбике арасындағы бәсеке көптің көңілінен шықты. Тең дәрежеде өрбіген бәсекеде Ұлдана 4:3 есебімен жеңісті жұлып алды.

Ал 70 кг салмақта ел намысын қорғаған Мария Сидоренко Қытай сапындағы тағы бір қандасымыз Альмира Әбдірайымға 0:5 есебімен есе жіберді. Шұғыла Нәлібай 75 кг салмақта үндістандық Рудрикадан (4:1) айласын асырса, 81 кг салмақта Аружан Зейноллаева үндістандық Хушиді (4:1) жеңіп, Азия чемпионы атанды. +81 кг салмақта Панар Сейітханқызының өзбек боксшысы Собирахон Шахобиддиноваға 0:5 есебімен есесі кетті.

Бұл кеште жігіт­тердің нәтижесі төмен болды. Финалға 13 салмақ бойын­ша алты боксшымыз ғана жолдама алды. 60 кг сал­мақта Алексей Хаванцев үндістандық Сагар Жахарға еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен басым түсті. Сары құрлық до­дасына жаңа салмаққа ауысқан (67 кг) Төрехан Сабырхан бұл турнирде жа­сындай жарқырап, алдына жан сал­ған жоқ. Сондай-ақ ол доданың «Ең үздік боксшысы» атанды. Жерлесіміз финалдық айқаста Мухаммадазизбек Исмаиловты (Өзбекстан) екі мәрте нок­даунға түсіріп, күмәнсіз жеңді. Осы­лайша, ол жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанып отыр. Бір қызығы, Төрехан жасөспірімдер мен жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы туған ағасы Махмұд Сабырханның рекордын бұзды.

ва

– Финалдағы өзбек боксшысы маған өте жақсы таныс. Бұған дейін еліміздегі бірнеше турнирге қатысқан. Оқу-жаттығу жиынында да қолғап түйістіргенбіз, – деді Төрехан Сабырхан. – Айқас барысында  бапкерлер тарапынан «белсенділікті ақырындап күшейтерсің» деген тапсырма болды. Өйткені Мухаммадазизбек Исмаилов үш раунд бойы жоғары қар­қында жұдырықтаса алмайды. Бірінші раундта оның шабуылына қарымта жауап қайтарғанда ол басын бұғып, құшақтап алуға тырысты. Уақыт өте келе бейімделіп, оның да «кілтін» таптым. Жалпы, чемпионатта осы салмақта мықты саналған Қыр­ғызстан, Үндістан боксшыларын жеңіп, жақсы тәжірибе жинақтадым. Әу баста Париж олимпиадасының жолдамасы үшін іріктеу турниріне қатысқым келген. Алайда қорғаныс «шлемнің» алып тас­та­луы­­на байланысты IBA ересектер сана­тын 18 жастан 19 жасқа көтерген екен. Сондықтан Парижге барудың реті келмеді. Мұның да бір қайыры бар деп ойлаймын. Енді күзде Хорватияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарсам деймін.

Төреханның сәтті жолын Өнер Сейілхан (71 кг) Санжарәлі Бегалиев (75 кг), Ма­дияр Бек­сұлтанов (80 кг) жалғастырды. Ал 86 кг салмақта Иманғали Нұрпейіс өзбек Ах­мад­жон Исроиловке 0:5 есебімен есе жіберді.

Аталған додада «Ең үздік боксшы қыз» – Альмира Әбдірайым (Қытай), ал «Ең үздік боксшы ұл» Төрехан Сабыр­ханға (Қазақстан) бұйырды. Жарыс жеңімпаздары 1-орын – 700 АҚШ доллары, 2-орын – 400 доллар, 3-орын 200 доллар ақшалай сыйақымен марапатталды.

5 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль жеңіп алған жігіттеріміз бейресми жалпы командалық есепте 1-орын алса, 6 алтын, 3 күміс және 3 қола еншілеген қыздарымыз да тура осындай нәтижеге қол жеткізді. 25 салмақ бойынша (13 ұл, 12 қыз) 7 алтын, 3 күміс және 12 қола бұйырған Өзбекстан екінші сатыға жайғасты. 5 алтын, 9 күміс, 8 қола жеңіп алған Үндістан боксшылары үздік үштікті түйіндеді.

– 29 наурыз күні  ғана жастар коман­дасына аға жаттықтырушы болып та­ғайындалғанымды білесіздер. Уақыт ты­ғыз­дығына байланысты додаға боксшыларды толықтай дайындап үлгермедік, – деді жастар құрамасының бас жат­тықтырушысы Қайрат Сәтжанов. – Қа­теліктерімізді байқадық. Тактикалық, техникалық және күш-қуат жағынан жаттығу аз болып қалды. Болашақта осы қателіктермен жұмыс істейміз. Бүгінде жастар құрамасында күш-қуат жағынан дайындық аздау. Екіншіден, халықаралық тәжірибелері жетіспейді. Алдағы уақытта, Түркістан облысындағы «Алматау» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Сосын Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің құр­метіне ұйымдастырылатын халықаралық жарысқа қатысамыз. Одан кейін күзде өтетін әлем чемпионатында бақ сынаймыз.

 

Боксшылар жарақаттан аман

Боксшылардың физикалық жатты­ғуына жауапты маман Донатас Яну­шевичюсті сөзге тартқанымызда, ол құрама боксшыларын жылдамдық пен аяқта тез қимылдау әдістерін дамыту керек екенін айтты.

– Қазақстанға алғаш келгенде жігіт­тердің тәртіпке мән беретіні ерекше көзге түсті. Еңбек, спорттық мінез, жаттығуға деген жауапкершілік қазақ боксшыларының бойында бар. Жаттығудан тыс, ұйқы мен тамаққа да қатты көңіл аударады. Кәсіпқой бокстағы жаттығу үрдісін әуесқой боксқа да енгіздім. «Ақбұлақ», «Алматау» олим­пиадалық дайындық орталықтары бар­лық талапқа сай. Бұл да өз кезегінде алаң­сыз нәтижелі жаттығуға оң әсерін тигізеді. Дегенмен әлі көптеген жоспар бар. Жылдамдық, шыдамдылық, аяқта қимылдау, күш-қуатты одан әрі арттыру қажет, – дейді маман.

 

Айтжановтың айласы

7 мамырда 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионатының финалдық айқасы өтті. 13 салмақтың барлығында да шешуші кезеңге жолдама алған ерлер құрамасы 8 алтын медаль жеңіп алды. Қыз­дарымыз да 6 алтын, 4 күміс және 1 қо­ла медальмен көш бастады.

51 кг салмақ дәрежесінде боксшыларды таңдауда бас бапкер Мырзағали Айт­жанов «қулыққа» барған секілді. Бұ­ған дейін 54 килода өнер көрсеткен Кенже Мұратұлын 51 кг салмаққа арнайы түсіріпті. Неге? Себебі ол өзбек боксшысы Асылбек Жалиловқа қарсылық көрсететін бірден-бір боксшы екен. Отандасымыз өзбек боксшысын бұған дейін 2023 жылы «Elorda Cup» турнирінің 1/2 финалында 4:1 есебімен жеңген-ді. Бапкерлер құрған жоспар орындалды. Кенже Мұратұлы Асылбек Жалиловты 5:0 есебімен ұтты.

54 кг салмақта Нұрсұлтан Алтынбекке финалдан гөрі, жартылай финалдық айқас өте ауыр тиді. Себебі өзбек боксшысы тө­белесуді жақсы көреді екен. Нұрсұлтан финалдық жекпе-жекте моңғолиялық Оюн-Ердене Енхсайханнан айласын асырды. Нұрсұлтан осымен екінші рет 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында топ жарды.

67 кг салмақта келешегінен зор үміт күттіретін боксшының бірі – Елнұр Сүйінбай. Қарсыластары мықты. Десе де, шеберлігі, айла-тәсілінің арқасында топ жарды. Ол финалда 2023 жылғы жастар арасында Азия чемпионатының қола жүл­дегері Прит Маликті 5:0 есебімен жеңді.

71 кг салмақта Сабыржан Аққалықов пен тәжік Довуд Макхамов арасындағы жекпе-жек өте керемет өтті. Әсіресе Са­быржан нағыз қазақ боксын көрсетті. Керек жерінде соққы жасап, өзін жан-жақты көрсете білді. Есеп – 5:0, біздің жігіттің пайдасына шешілді.

Диас Молжігітов (75 кг) те жарады. Жеңісті намыстың арқасында жұлып алды. Ол болашағынан зор үміт күттіретін бокс­шы екенін дәлелдей алды. Жерлесіміз жастар арасында әлем чемпионы, өзбек боксшысы Жавохир Умматалиевті 5:2 есебімен ұтты.

Талай жарыста жүлде алып жүрген ел чемпионы Ерасыл Жақпековке жартылай финал ауыр соққан еді. Өйткені Өзбекстан өкілінің жастар арасында әлем чемпионы деген атағы бар еді. Басынан жарақат алды. Оны тіккізіп, финалға шық­қан Ауғанстанның жалғыз өкілі Гаис Ализададан қиналмай басым түсті.

 

Жалоловты нокдаунға жіберді

Өзбектің мақтанышы бокстан Олим­пиада, әлем чемпионы Баходир Жалолов қазақ бокс жанкүйерлеріне жақын таныс. Біздің Қамшыбек Қоңқабаевпен 8-9 мәрте ринг төрінде кездескен. Сол Баходирдің туған інісі Самандар Жалолов Астанада нокдаунға түсіп, жекпе-жекті ерте аяқ­тады. Оны сабасына түсірген – Темірлан Мұқатаев. 86 кг салмақта өнер көрсеткен Темірлан былтыр ел Спартакиадасында көзге түскен еді. Сол сында 19 жасында небір тәжірибелі боксшылардан басым түсіп, чемпион атанғанын өз көзімізбен көрдік. Биыл да, міне, ел намысын абыроймен қорғады.

92 кг салмақта Бекнұр Батырбектің қарсыласы кездесуден бас тартып, жеңіс жекпе-жексіз Бекнұрға бұйырды. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Бекнұр ұлттық құраманың мүшесі емес. Былтырғы Спартакиадада үштікке де кірмеген. Өткен оқу-жаттығу жиынында жеңгені бар, жеңілгені бар, барлығын іріктеп, ақыры таңдау осы Бекнұр Батырбекке түсіпті. Дұрыс таңдау жасаған секілді, жерлесіміз бапкерлердің сенімін ақтай білді.

 

Жеңілгенді жер көтереді

Ал ерлер арасында финалдық айқасты бастап берген 48 кг салмақтағы Ернар Қарап 2022 жылғы жастар арасында әлем чемпионы Суреш Вишванашпен жұдырықтасты. Бұл жерде Үндістан боксшысының жерлесімізге қарағанда сәл басымдығы бар екені көрініп-ақ тұрды. 57 кг салмақта Ерболат Сабыр екі раунд таза жеңіп тұрса да, өкінішке қарай, қабағындағы жарақатына байланысты жол берді. 60 кг салмақта Руслан Күзеубаевтың қарсыласы бойы ұзын әрі шеберлігі сәл жоғары болды. Әттеген-айы, жеңіс кілтін таба алмады. 63,5 кг салмақта Ерасыл Таңқай финалға дейін өте жақсы өнер көрсетіп келді. Жартылай финалда көп күш жұмсап қойған секілді. Финалда Өзбекстан өкілі Абдуллох Мадаминовқа есе жіберді. +92 кг салмақта Аманат Сабырғали жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Бұған дейін екі боксшы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалы мен былтыр 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалында кездескен.

– Боксшыларымызға көңіліміз толды. Өйткені әрқайсысының өзіндік шама-шарқы бар. Финалға дейін жеткеннің өзі – көрсеткіш. Барлық салмақта алтын бұйырмады. Алдын-ала шамамен тоғыз алтынды жоспарлап едік. Өкінішке қарай, 57 кг салмақта дәрігердің әлде төрешінің қателігі дейміз бе, жеңісті үнді бокс­шысына «сыйлады». Мұндай жайттар Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойын­дарында да болады. Бірақ бір боксшы үшін жарысты тоқтатып, спортшыларды шеттетудің ақыры жақсылыққа апармайды. Өзге спортшыларымызға кесірі тимесін деп кейде барлығына көнуге тура келеді. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Келеңсіз жағдайлар болады. Оған дайын болдық. Бірақ жігіттердің ешқайсысына өкпеміз жоқ, – деді құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

 

6 алтын, 4 күміс, 1 қола

Қазақ қыздары арасында ринг тө­ріне бірінші болып Гүлнар Тұрапбай кө­теріліп, 2022 жылғы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық қарсыласы Таманнаны 4:1 есебімен жеңіп, көңілімізді бір көтеріп тас­тап еді.  Алайда одан кейінгі үш жекпе-жекте қыздарымыз – Анита Адишева (52 кг),  Элина Базарова (54 кг), Анель Сақыш (57 кг) бірінен соң бірі жеңіліп, көңілімізді күпті етті. Бір кездесуден кейін Анар Тұр­сынбек (63 кг) те алдыңғылардың кебін киді.  Әйткенмен, Шахназ Исаева (60 кг), Ақ­нар Ишанова (66 кг), Жасмин Қизатова (70 кг), Диана Мағауияева (81 кг), Елдана Талипова (+81) қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальды салып берді.

22 жасқа дейінгі боксшылар арасында өткен Азия чемпионатында (ерлер мен қыздар) құрама қыз-жігіттері 14 алтын, 9 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Үн­дістан боксшылары 7 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншілесе, 4 алтын, 6 күміс және 10 қола медальмен Өзбекстан үздік үштік­ті түйіндеді.

 

Төрешілерге де үлкен сынақ

– Қазақстанда бұған дейін 2016 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылған еді. 2023 жылы жастар және жасөспірімдердің Азия чемпионатын қабылдадық. Енді міне 22 жасқа дейінгі және жастар арасында Азия чемпионатын өткізу мәртебесіне ие болдық, – деді Азия бокс қауымдастығынының вице-президенті Азиз Қожамбетов. – Бүгінге дейін Азия құрлығында ересектер, 22 жасқа дейінгі, жастар мен жасөспірімдер, мектеп оқушылары арасындағы турнирлер болып бөлініп келген еді. Енді 22 жасқа дейінгілермен бірге жастар қосылды. Жасөспірімдер мен мектеп оқу­шыларының жарысы да бірігеді. Осыған байланысты додаға қатысушы елдер мен спортшылардың саны артты. 2022 жылы Ташкентте 22 жасқа дейінгілер арасында өткен додаға 12 елден 109 спортшы қатысса, 2023 жылы Таиландта 32 елден 243 боксшы жүлдеге таласты. Биыл жастармен қоса алғанда 50 салмақта жүлде сарапқа салынды. Нәтижесінде, Астанаға рекордтық көрсеткіш 25 мемлекеттен 397 (267 ер, 130 әйел) үміткер бас қосты. Екіншіден, дода 11 күнге жалғасты. Үшіншіден, 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты тек спортшыларға ғана емес, төрешілерге де үлкен сынақ болды. Мысалы, Қазақстаннан бес төреші өз деңгейін өсіру үшін, емтихан тапсырды. Гватемала, Алжир, Куба, Еуропаның бірнеше елінен арнайы төреші келді. Бұлардың бір бөлігі Олимпиадада да қазылық етеді.

Осылайша, 11 күнге созылған сары құрлық додасында 50 салмақ дәрежесінде Қазақстан 25 алтын, 13 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды.  Ал 12 алтын, 14 күміс 17 қола бұйырған Үндістан екінші сатыға жайғасса, 11 алтын, 9 күміс және 22 қола медальмен Өзбекстан үздік үштікті түйіндеді.