Ұлттық спорт • 08 Мамыр, 2024

Асық ойнап озғандар

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ептілік пен дәлдікке, ширақтыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындарымыздың бірі – асық ату. Атадан балаға жалғасқан ұлттық спорттың бұл түрі бүгінде Алматы облысында кең етек алып, балалардың асық атудағы шеберліктері шыңдалып келеді. Оны жуырда асық ату мен бес асықтан өткен облыстық чемпионат анық аңғартты.

Асық ойнап озғандар

«Облыстық чемпионаттың негізгі мақсаты – өскелең ұр­паққа асық ойнауды жетік мең­гертіп, жасөспірімдердің қы­зығушылығын арттыру. Жеңім­паздар республикалық чем­пионатқа жолдама алып, ел мық­­тыларымен бақ сынасады. Бұл жарысқа қыздарымыз да қатысып, бес асықтан бә­секеге түсті. Бұрын ата-баба­мыз «бес тас» ойнаған, соны «бес асық» деп өзгерттік. Жалпы, асық пен бес асық ойнаудың бала ден­саулығына тигізер пайдасы орасан зор. Ең бастысы, смарт­фонға тәуел­діліліктен арылып, қимыл-қоз­ға­лысын арттырады», дейді Алматы облы­сының асық ату федерациясының ат­қа­рушы директоры Еркін Ра­қымбаев.

Былтыр желтоқсан айында құрылған облыстық асық ату фе­дерациясы ұйымдастырған бұл сайысқа Қонаев қала­сы мен Жамбыл, Талғар, Қа­расай, Ең­бекшіқазақ аудандары­нан ко­мандалар қатысып, бәсекелі жа­рыс­тың бел ортасынан табыл­­ған. Ал асық ойнауда қара жердің шаңын шығаратын нағыз шеберлер шығарына шек келтір­мейтін Райымбек, Кеген, Балқаш аудан­дары шет қалып отыр. Оған штат­тың бөлінбеуі қолбайлау кө­рінеді.

Сонымен асық атудан коман­далық жарыста 1-орынды Ұлттық спорт, 2-орынды Жамбыл ау­да­нының «Жасұлан» ұйымы, ал 3 және 4-орынды Қарасай ауданы мен Қонаев қаласының ойыншылары иеленді.

Жекелей жарыста Нұрали Оралбай, Жасұлан Жәнібеков, Ер­дәулет Есенкелді мергендік та­нытып, алдына қара салмады.

Бес асық жарысына қатысқан қыздар да ойын көрігін қыздыр­ды. 2014-2016 жылғы кіші жас­өспірімдер арасындағы бәсекеде 1-орынды Қарасай ауданының командасы, 2 және 3-орындарды Талғар мен Жамбыл ауданының ойыншылары ұтып алды.

Жекелеген жарыста Талшын Асланбекқызы, Балауса Мық­тыбек, Жанерке Советхан сынды шеберлер чемпионатта тамаша ойын үлгісін көрсетіп, тұғырға көтерілді.

 

Алматы облысы