Аймақтар • 09 Мамыр, 2024

Қолжетімді ортаға қадам

36 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министр­лігінің ресми сайты былтыр Қызылорда облысын­да мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптас­тыру үшін 366 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімдел­гені жайлы ақпарат жариялады. Бұлардың басым бөлігі білім беру саласында болып тұр. Осы қатарда мемле­кет­тік мекемелер, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік қорғау, қызмет көрсету нысандары да бар.

Қолжетімді ортаға қадам

Коллажды жасаған – Алмас манап, «EQ»

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы дере­гінше, былтырғы 366 нысанды бейімдеу жұмыстарына бюджеттен және бюджеттен тыс көздерден 45,1 млн теңге жұмсалып, республикалық Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген. Ал биыл 374 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.

Облыста 40 автокөлік инватакси қызметін жүзеге асырып келеді. Оның 11-і кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдарға бейімделген. Инватакси қызметін қамтамасыз етуге биыл бюджеттен 124,3 млн теңге бөлініпті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысына сәйкес осы жылы «Халық банк» АҚ «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қала­ларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға құны 23 млн теңге тұратын арнайы екі инватакси көлігін сыйға тартты.

Мүгедектігі бар азаматтардың құ­қық­та­рын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақ­сарту жөніндегі Ұлттық жоспар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Amanat» партиясының Жол картасы және «Халықпен бірге» жобалары аясындағы жұмыстар нәтижесінде өңірдегі қол­жетімді ортаға қадам жасаудың көр­сет­кіші көңіл қуантады.

«Кейінгі уақытта мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар кері байланыс орнатуға назар аударып, мүгедектігі бар адам­­дардың қозғалысын жеңіл­детуге арналған пандустар жасап, стандартқа сәйкес есікті кеңейтіп, арнайы тұрақ жасақтауға көңіл бөліп отыр. Қоғамда бізді естіп, талабымызды ескеретіндер көбейгені қуантады. Мысалы, былтыр «Отбасы банк» арнайы көтергіш орнатты. Қалада пандустары бар автобустардың саны артты», дейді «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов.

Еңбек және әлеуметтік қорғау коми­те­тінің Қызылорда облысы бойынша аумақ­тық департаменті мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастырып, қол­жетімді­лікті арттыру бағы­тындағы жұмыстарды бақы­лап отыра­ды. Биылғы I тоқ­­санда мемлекет­тік басқару, ден­сау­лық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, басқа да сала­лардағы әлеуметтік инфра­құры­­лым нысандарына 47 тексеру жүргізген. Оның 32-сі профилактикалық бақылау аясында болса, 14-і прокуратура талабымен өткен. Тексеру қорытындысында анықталған бұзушылықтарды жоюға
22 ұйғарым беріліп, 3,6 млн теңгеден асатын 40 әкімшілік айыппұл салынды.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың өтінішімен Қызылорда қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөліміне мүге­дек­тігі бар адамдарды оңалту және оңалтудың жеке бағдар­ламасының протездік-ортопе­диялық көмекпен қамтамасыз ету жұмысының орындалуы­на жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның қорытындысында баланың корсетпен қамтамасыз етілмегені анықталып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, әкімшілік айыппұл салынды.

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлесті­ру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масы мәлі­метінше, былтыр 30 232 өті­ніш берушінің 29 901-і әлеуметтік оңалту шараларын алып, жоспар 99 па­йыздан асыра орындалыпты. Ал биылғы 3 айда әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 16 563 мүгедектігі бар жан­ның 12 293-і оңалтудың жеке бағ­дарламасы­на сәйкес техника­лық оңалту құралдарымен қам­тамасыз етіліп, орындалуы жа­ғ­ынан өңір республика бо­йын­ша бірінші орынға шық­ты. Осы жылға мүгедектігі бар адам­­дардың оңалтудың жеке бағдар­ла­­ма­сын орын­дауға респуб­ликалық және облыс­тық бюджеттен барлығы 6,6 млрд теңге бөлініп отыр.

Сонымен қатар санаторий-курорттық емделу қызметіне оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленген бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет ілесіп жүрушінің шығындары былтыр 1 адамға 40 АЕК болса, биыл 60 АЕК мөлшерінде өтеледі. Республика кү­ніне орай облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға 3 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Ерекше қажеттілігі бар бала­ларға қосымша оңалту қызмет­терін көрсету үшін өңірде иппотерапиямен оңалту қызметі жүзеге асырылып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Былтыр облыстық бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 200 балаға қызмет көрсетілді. Нәтижесінде, ат спорты бойынша республикалық паралимпиадалық жарыстарға қатыс­қан қызмет алушылар ке­йінгі екі жылда жүлделі орын­дарға ие болып отыр. Биыл бұ­ған 24,4 млн теңге бөлініп, мем­­­лекеттік сатып алу қоры­тын­­ды­сымен «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қоры 150 балаға қызмет көрсетеді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 2022 жылдан бас­тап мүгедектігі бар адамдар мен балаларды әлеуметтік қолдауға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Былтыр облыстық бюджеттен 9,3 млн теңге бөлі­ніп, «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен жасалған шарт негізінде мүгедектігі бар адамдар мен балалардың қатысуымен спорт жарыстары, фестивальдар ұйымдастырылып, кинозалдар мен театрға барып, музейлерді аралады, тарихи орындарға сая­хат жасады. Биыл осындай іс-шаралар үшін бюджеттен 12,8 млн теңге бөлініп отыр.

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 150 төсек-орындық «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-сында заманауи талаптарға сәйкес құрал-жабдықтармен қамтылған емдік кабинеттер, дәрі егу, уқалау, емдік денешынықтыру бөлмелері, биованна, сенсорлық кабинеттер, тренажер залы, мәжіліс залы, спорт зал, шаштараз, кітапхана, тігін, ағаш шеберханалары бар. Оңалту шаралары аясында қызмет алушы бассейн, тірек-қимыл аппараттарын қалпына келтіруге арналған түрлі құрылғылар, локо­мат аппаратын пайдаланумен қатар, өз қолымен еккен жеміс-жи­дектерді қарап, саябақта ты­ны­ғады. Былтыр орталықта оңалту іс-шараларынан өткен 1 054 адам­ның 185-інің, биылғы 3 айда қызмет алған 280 адамның 73-нің денсаулығында оң нәтиже байқалған.

Биыл облыстық мәслихат депу­тат­тарының қолдауымен мүге­дектігі бар адам­дарға оңал­­ту шараларын жүргізуге арнал­ған заманауи медициналық құ­рал-жабдықтар сатып алуға об­лыс­тық бюджеттен 270 млн тең­ге, соның ішінде «КРИСАФ» (тірек­сіз күйдегі локомоторлық тера­пияға арналған ақпараттық-бағ­дарламалар кешенін) меди­циналық құрылғысын сатып алуға 204 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қоғамдық орындарда, жаңа­дан салынып жатқан аллея, ғимараттарға айына бір мәрте рейд жұмыстарын жүргізіп тұратын «Қызылорда облыс­тық мүгедектер қоғамы» ҚБ мүшелері де кейінгі жылдары мемлекеттік мекемелер тарапынан оң көзқарас байқалып отырғанын айтады.

«Енді түрлі дәріхана, тамақ­тану орындары солардан үлгі алса екен. Олардың көпшілігіне мүгедектігі бар жандардың кіріп-шығуы әлі де қиындық тудырады. Пан­дус­тардың ыңғайсыздығы, баспалдақ қатарларының көп­тігі де біз үшін аз кедергі емес. Кәсіп­керлер арасында бұл мәсе­леге түсіністікпен қарап, біз үшін жайлы жағдай жасап отырғандар да бар. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда қазір облыста қолжетімді орта қалып­тастыру қадамдары айқын көрі­неді», дейді қоғамдық бір­лестік төрағасы С.Сиюов.

 

Қызылорда