Үкімет • 09 Мамыр, 2024

Заңсыздыққа жол берілмейді

31 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте елдің ішкі нарығын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиынға Энергетика министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер комитеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы қатысты.

Заңсыздыққа жол берілмейді

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «ҚазМұнайГаз» АҚ басқар­ма төрағасы Мағзұм Мырза­ғалиев­тың айтуынша, нарықтағы жағдай тұрақты және барлық жанар-жағармай түрінің қоры жеткілікті. Көк­темгі егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизельдік отын жеткізу бірінші кезекте жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

ҰҚК Шекара қызметі ди­ректорының орынбасары Бауыржан Әбсаматов мұнай өнімдерінің көлеңкелі ағыны мен заңсыз экспортын болдырмау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, жыл басынан бері бақылау-өткізу бекеттерінде шамамен 130 мың литр көлемінде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 900-ге жуық дерегі анықталып, жолы кесілді.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігінде жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын 6 мың тонна жанар-жағармайдың заңсыз сатылуы бойын­ша 13 материал тіркелді.

Сондай-ақ кеңесте ресейлік тараппен қажет болған жағдайда жанар-жағармай жеткізу туралы Үкімет деңгейіндегі келісім бар екені атап өтілді.

Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау, оны елден заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді.