Аймақтар • 07 Мамыр, 2024

Зардап шеккендерге баспана салынады

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазгидромет» мәліметіне қарағанда, Есілдің суы тұрақты түрде тартылып келеді. Мұның өзі тасқынның соңғы фазаға түскенін білдіреді дейді мамандар. Мысалы, Сергеевка түбіндегі өзеннің деңгейі 57 см-ге түсіп, қауіпті деңгейден екі есеге жуық төмендеген. Ал Сергеев су қоймасындағы биіктік қазір 926 см-ге түскен. Ең биік нүктесі 1425 см еді.

Зардап шеккендерге баспана салынады

Сол сияқты Покровка, Ново­ни­кольск ауылдарының түбін­­дегі деңгей де төмен түсе бастаған. Ресеймен екі ортада орналасқан Долматов аулындағы Есілдің деңгейі 11 см-ге төмендеген. Петропавл су қоймасында Есілдің деңгейі 28 см-ге түсіп, 16 сәуірде болған 12 метрден асқан биіктіктен құл­дырап, қазір 10,8 метрдің маңайына түсті.

Қазір негізгі күш тасқын­ның зардабын жоюға жұмыл­ды­рылған. Су басқан үйлердің суын автобөшкелерге сор­ғы­зып, далаға тасудың жұ­мыс­та­ры қызу жүргізіліп жатыр. Зардап шегушілерге арналып облыс аумағында 500 үй салынады. Су басқан Ойқала, Тері зауыты, Тепличный шағын аудан­дарына барған өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов үйлері құлаудың аз-ақ алдында қалған тұрғындарға жаңадан үй салынатынын айтты. Қазір бұл аудандарда механикалық бригадалар қалпына келтіруге болмайды деп бағаланған үйлерді сүріп, орындарын тазалап жатыр.

Қазір қаланың «Солнеч­ный-2» шағын ауданында «Қа­зақстан халқына» қоры­ның бөлген қаражатына 100 үйдің құрылысы басталып кетті. Сонымен қатар осы жерге «Kaspi» АҚ – 300 үй, «Kazakhmys» корпорациясы 100 үй тұрғызбақшы. Оны салушы жергілікті 10 құрылыс компаниялары да белгіленген. «Бұл – орасан зор жұмыс. Алайда біз алдымыздағы жылыту маусымы басталғанша зардап шеккендерді жылы үйлерге кіргізуіміз керек», деді облыс әкімі.

Судан зардап шеккен шағын аудандардың бірі – «Заречный». Бұл ауданның тұр­ғындары да тегіс эвакуа­цияланған еді. Мұндағы бас бостандығынан айырылған ерлер мен әйелдер зоналары да көшірілген. Жуырда осы ауданның тұрғындарымен қала әкімі Серік Мұхамедиев кездесіп, көптеген мәселенің мән-жайына қанықты. Осын­дағы саяжайлардың бірін­де тұрып келген Ақмарал Рүстемова биыл саяжайдағы үйін кеңейтіп, екі бөлме қоспақшы болған екен. Қажетті материалдарды алып та қойған. Бірақ соның бәрі суда қалыпты. Енді ол осындай саяжайда тұрғандарға үй беру қарастырылмағанын айтып шағымданды. Бұған қала әкімінің ондайларға жауабы қысқа болды. «Мұндай мәселелерді сот арқылы ше­шу керек. Егер сотқа бас­па­насыз қалғандарыңызды дәлел­де­сеңіздер және сот үй беру туралы шешім шығарса, біз тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттіміз», деді ол.

Жұрттың бәрі зардап шеккендерге болысып, көмектесіп жатқанда алаяқтар да сұмпайы қылықтарын қоймайды. Жуыр­да жергілікті чаттардың біріне шетелдік нөмірмен пост жа­риялаған бір алаяқ зардап шеккен тұрғындарға 5 млн теңге алып бере алатынын хабарлап, сілтемесін көрсетіпті. Полиция бұған дер кезінде мән беріп, арнаулы құралдармен тексеріп, сілтемеге кірген адамның де­рек­тері алаяқтың қолына түсе­тінін және телефонына вирус кіретінін анықтады. Алаяқ бұл деректерді пайдаланып, несие ресімдеуі мүмкін екен. Сондықтан мұндай келең­сіз­дік­тен барынша абай болған жөн.

 

Солтүстік Қазақстан облысы