Егемен Қазақстан • 03 Мамыр, 2024

«Хат қоржын»

23 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Мемлекеттік тілді меңгеру – міндет

Ата Заңымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолда­нылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген. Осы орайда, соттардың іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруге жоғарыда аталған заңның талаптарын орындауға бағытталған жұмыстар оң нәтижесін беріп отыр. Жоғарғы соттың жоспарында аудандық және оған теңестірілген соттарда мемле­кеттік тілді дамыту мәселесі қатаң бақылауға алынып, алдағы уақыт­та құ­жаттардың мемлекеттік тілдегі үлесін 100 пайызға жеткізу көзделген.

Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне көтергіміз келсе, ең әуелі оған деген сұраныс пен қажеттілікті арттыруға тиіспіз. Бүгінде тілімізге деген қажеттілік өз деңгейінде деп айта алмасақ керек. Осы себепті Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ еркін өмір сүруге болады деген көзқарастағылар қатары әлі де болса қалың. Ал талап күшейтіліп, сұраныс пен қажеттілік арттырылған жағдайда, әрбір ел азаматы, ұлты мен нәсіліне қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруді алдына міндет етіп қойып, осы жолда айтарлықтай тер төгер еді деп пайымдаймыз. Тілге деген қажеттілік қалыптастыру жоғарыдан басталып, сатылап кейінгі буын мекемелерінде жалғасса, көп кешікпей істің оң бағыт алатыны күмәнсіз.

Осы орайда Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейтуге арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шығыс құжаттарын, ілеспе хаттар мен ішкі қызмет құжаттарын, сондай-ақ барлық жұмыс жоспары мен ұйымдастырылатын іс-шараларды мемлекеттік тілде жүзеге асырып жатқанын айта кетейін. Бұл мәселенің Жоғарғы сот пен облыстық сот басшылығының бақылауында тұрғаны да істің жедел оң бағыт алуына септігін тигізгенін атап көрсеткен жөн.

Қазақ тілі – баршамыздың рухани негізіміз. Бүгінгі міндет оны барлық салада белсенді пайдаланып, қолданылу аясын кеңейтуге күш салу болуға тиіс.

Жандос ЕСЕНОВ,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінің басшысы

 

ОРАЛ

 

 

Тасқынға қарсы тұру амалдары

Қар мен жаңбыр суынан туындаған су тасқыны қаупінің алдын алу оңай емес және бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Су тасқынын басқарудың ғылыми негізделген әдістерінің бірі су ресурстарын басқару жүйелерін және су тасқынынан қорғау инфрақұрылымын құру болып саналады.

Осы ретте тасқынның алдын алуға көмектесетін бірнеше нақты іс-шараны атап өткім келеді.

Біріншісі – қорғаныс инфрақұрылымы: бөгеттер, дренаждық каналдар мен дренаж жүйелерін салу және су ағындарын тиімді басқару үшін дренаждық және дренаждық жүйелерді жақсарту.

Екіншісі – мониторинг және ескерту: су деңгейін бақылау жүйелерін ор­нату, су тасқынын болжау және ықтимал қауіптер туралы халықты ескерту.

Үшіншісі – жерді пайдалануды басқару: артық ылғалды сіңіретін табиғи су қоймаларын сақтау үшін жер ресурстарын пайдалануды бақылау.

Төртіншісі – ағындарды реттеу: судың оңтайлы деңгейін ұстап тұру және өзендер мен көлдердің толып кетуіне жол бермеу үшін су қоймаларындағы су төгінділерін басқару.

Бесіншісі – білім беру және халықты ұйымдастыру: су тасқыны, қауіпсіздік және қорғау шаралары туралы оқыту бағдарламаларын жүргізу, сондай-ақ төтенше жағдайларға тез ден қою үшін эвакуациялық жоспарларды ұйымдастыру.

Бекмұхамед БЕГАЛИЕВ,

зейнеткер

 

ШЫМКЕНТ

 

 

Ауыл спортын жандандырып едік

Кеңес дәуірінде халқымызды ауылдан ұзатпай, мәдениеттен, өркениеттен оқшау қалдырды. Соны өзіміз де бастан өткердік. Тіпті мектеп оқушылары ақысыз қара жұмыс істеді. Ауыл мен қала арасына көзге көрінбейтін өткел қойылды. Қысқасы, сол заманға бүгінгі күннің биігінен қарасам, көп нәрсеге көңілім толмайды. Ал бүгінде ауыл мен қала мәдениеті жақындай түскенін аңғарамын. Бұрын шалғымен шөп шауып, арбамен отын тасыған ауыл тұрғындарының қасында қалалықтар әлдеқайда мәдениетті көрінетін. Қазір бәрі өзгерді.

Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің: «Әр ауылдан бір азамат шығып, туған жерін көркейтуге күш салса, ауыл ажарлана түседі», деп айтқаны бар еді. Қалада кез келген спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Ал ауылда ондай жағдай болған жоқ. Ауыл балалары бойындағы қабілеті мен өнерін өздері ұштады. Кейбір талантты жастар орыс тілін білмегеннен қоғамнан шеттеп қалды. Мәселен, біз әскерде болғанда орысшаны жетік білмегендіктен қатты қиналдық. Содан намысқа тырысып, сол қиындықты жеңуге тырыстық.

Әскерден оралғаннан кейін Шалкөде ауылдық округіне қарасты Талас (Қошқар) ауылы Шоқан Уәлиханов атындағы сегіз жылдық орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Ағаштан салынған ескі мектеп. Жағдайы сын көтермейді. Спорт құралдары мүлдем жоқ. Оқушылар ескі бас киімнің ішіне шөп тығып, доп жасап ойнап жүр. Спорт алаңы да салынбаған. Бір жағынан, дене тәрбиесі пәнін ешкім сабақ деп есептемейді. Содан бірден жұмысқа кірістім. Алдымен оқушыларды ұқыптылыққа, тәртіпке үйреттім. Дене тәрбиесінде спорт киімін киюді талап еттім. Еркін күрестен спорт шебері ретінде күрес үйірмесін аштым. Балаларды дайындайтын орын болмағандықтан, мектептегі ағаш шеберханасының еденіне сабан төсеп, сонда дайындалдық. Сөйтіп, аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық.

1983 жылы мектебіміз он жылдыққа айналып, екі қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Оқушылар саны 300-ге жетті. Дегенмен мектептің спорт залы толық жабдықталған жоқ. Әріптесім Қаhарман Рақымбеков екеуміз апталап жүріп, спортзалды бір қалыпқа келтірдік. Күрес үйірмесінің жұмысын одан әрі жандандырдық. Бізге аудандағы қазақ күресінің жаттықтырушысы Бекболат Бірбаев ақыл-кеңесін беріп отырды. Аядай ғана елді мекенде ауыл спортын дамытуға жалғыз мен ғана емес, көптеген азамат үлес қосты.

Қазір ел еңсесі биік. Ауылда болсын, қалада болсын көздің жауын алар заманауи спорт кешендері жеткілікті. Жастарға спорттың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндік мол. Кейде осы спорт сарайлары біздің жас күнімізде болғанда ғой деп армандаймын. Әрине, уақытты кері қайтара алмаймыз. Ауыл – ұлттың қара шаңырағы. Бастысы, осыны ұмытпайық.

Нұрлан ӘКІМБАЙҰЛЫ,

зейнеткер ұстаз

 

Жетісу облысы