Су тасқыны • 03 Мамыр, 2024

«Аралдан» қайықпен қатынап жүр

38 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамырдың алғашқы күнінде Петропавл маңындағы Есілдің суы 8 см-ге төмендеді. Бірақ су әлі қауіпті деңгейде. Қауіпті биіктік 960 см болса, қазіргі биіктігі 1 мамырда әлі 1 249 см-де болды. Айта кетерлігі, Петропавлдың су қоймасындағы биіктік осы уақытта 10 см түсіп, су деңгейі 1 120 см дейін тартылды. Ал Сергеев су қоймасындағы су деңгейі – 949 см.

«Аралдан» қайықпен қатынап жүр

Бірінші мамырда табиғат тағы бір тосын әлек жасап, түскі сағат 14.00-ден кешкі 20.00-ге дейін үзіліссіз жауын жауды. Қаланың ішінде сай-саланы алып кеткен су Есілдің суын да біршама биіктетті. Синоптиктер 1 мамырдан бастап су тұрақты түрде тартылады деген еді, енді аспаннан беріп, өзен суын еселеп кетті.

Петропавлдың су басқан шағын аудандарының тұрғындары айға жуық өз үйін көрген жоқ. Дүние-мүлкі де су басқан үйлерінде тұр. Соған алаңдаған кейбір тұрғындар су тұрған үйлеріне барғысы келіп жүр. «Суда тұрған үйлерге әлі баруға болмайды. Ондайлардың төбесі түсіп немесе қабырғасы айырылып кетіп, адамдар жапа шегуі мүмкін. Бірақ соған қарамай, үйіне ұмтылушылар көп. Ондайдың кейбірін біз резеңке қайықпен қуып жүріп ұстадық», дейді ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.

Су басқан аудандарда әлі де 3 мың­дай үй суда тұр. Олардың тұрғын­дары­ның арасынан 906 адам эва­куациялық бекеттерде, жатақханаларда, кейбірі туыстарының үйінде немесе жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

ит

Дегенмен су көп баспаған Ойқаланың дөңіндегі кейбір үйлердің маңы құрғап, іші де кепкені көрініп тұр. Осындай үйлердің тұрғындарын әкімдіктің келісімімен ПД мен ТЖД қызметкерлері өздерімен бірге апарып жүр. Сақтық үшін суда тұрған басқа үйлерге оларды жібермеу қарастырылып жатыр. «Полиция қызметкерлері мұндай жерлерде екі ауысыммен патрульдік атқарады. Суы тартылып, маңайы кебе бастаған үйлерді патрульдік аймаққа қосып отырамыз. Қазір үйіне келген тұрғындар үй мүліктерін жайып, кептіріп жатыр. Жалпы, жағдай тыныш», дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының орынбасары Әлібек Ғабдулин.

Қызылжар ауданының аралда қал­ған Прибрежный аулы туралы бұрын жазғанбыз. Бұл ауылдың өзі дөңде орна­ласқандықтан, су тек шеткі үйлерін басқан. Ауылдың өзі қазіргі көзқараспен қарағанда, үлкен 600-ге жуық ауласы бар. Соның 200-дейіне су кіріпті. Облыс әкімі әнебір күндерде бұл ауылға тікұшақпен жетіп, жағдайын білген. Қазір бұл ауылдың тірлігі қалыпты жағдайға түсіп келеді. Алайда халық «үлкен жерге» әлі де қайықпен шығуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, Петропавлда қызмет істейтін жандарға қиын. Соның бірі – Наталья Петрова. «Бұрын жұмысқа 30-40 минутта жететін едік, қазір бір жарым сағатта жетеміз. Қайықпен арғы жағаға шыққанша соншалық уақыт кетеді. Бірақ күннен-күнге судың тартылып келе жатқанын көріп отырмыз», дейді ол.

Тағы бір Алик Мүрсәлім есімді тұрғын да өзінің күніне қайықпен екі рет өтетінін айтты. «Құтқарушыларға рахмет, олар үнемі жанымызда. Қайықтар таңғы 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін тасиды. Бір резеңке қайық төрт адамды алады, ал темір қайық бес адамды алады», дейді ол.

ТЖД бастығының орынбасары Нариман Ашамев пантонды өткел салғанын айтты. Алайда онымен адамдарды тасымалдауға рұқсат етілмейді екен. Ол тек жүк тасуға, соның ішінде малға жемшөп тасуға пайдаланылады. «Адамдарды өткізгенде барлық қауіпсіздік талабын орындаймыз. Әрбір жолаушыға құтқару жилеті беріледі. Сонымен бірге қайықта өздерін қалай ұстау керегін де айтып отырамыз. Кейде жастар қайықтың шетіне отырып, оның аударылып кету қаупін тудырады. Әсіресе осындай адамдарға қауіпсіздік нұсқамасын білдіріп отырмаса болмайды», дейді Н.Ашамаев.

Тасқынның күшті болған күндерінде аққан сеңдер ауылға тартылған электр бағандарын қиратып, жарықсыз қалдырған. Ол күндерде генераторлар әкеліп, ауылдың жартысына ғана жарық берілген еді, қазір электр бағандары жөнделіп, жарық үзіліссіз беріліп тұр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы