Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Шығыс Қазақстан облысында 28 елді мекенді су басу қаупі сейілді

63 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы 37 мыңнан астам тұрғыны бар 28 елді мекенді су басу қаупін сейілтті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс Қазақстан облысында 28 елді мекенді су басу қаупі сейілді

Фото: ortcom.kz

Су қоймаларында тасқын суын қабылдау үшін алдын ала бос орын дайындалып, суды өзендерге бұру мақсатында 10 бөгет салынды. Сондай-ақ суды арналар арқылы бұру іс-шаралары ұйымдастырылды. Одан бөлек, жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 10 магистральдық канал механикалық әдіспен тазаланды.

Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстігі мен батысында суару маусымына қарқынды дайындық жүріп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі ауылшаруашылық алқаптарына су беруді жақсарту үшін алты аймақта суару арналарын тазартады.

«Атап айтқанда, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының суару желілері, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы суару арналары тазартылып жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған 564 шақырымның 390 шақырымнан астамы тазартылды, сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында, БҚО және ШҚО-да 74 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған», деді Мөлдір Абдуалиева.

Елдегі су қоймалардағы жағдайға келетін болсақ:

  • Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы орта есеппен 88,5%-ға толды. Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 828 см, ол бір тәулікте 10 см-ге төмендеді.
  • Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы.
  • Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100%-ға толы.
  • Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 97%.
  • Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен - 83%.
  • Абай облысында Шүлбі су қоймасы 39%-ға толды.
  • Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толды.
  • Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 92%.

«Су қоймаларына жиналған тасқын суы одан әрі ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі», деп қосты ведомство өкілі.