Қазақстан • 30 Сәуір, 2024

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетті

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1 миллионнан астам жұмыртқа мен 1,1 тонна құс еті жөнелтілді. Өнім тұрғындардың қажеттіліктеріне, сондай-ақ табиғи апат салдарын жоюға атсалысып жатқан еріктілер мен әскери қызметкерлердің тамақтануын ұйымдастыру үшін жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетті

Фото: ҚР жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы

«Ауқымды апаттың алғашқы күнінен бастап біздің қауымдастық зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Тұрғындардың қажеттіліктері үшін 1 миллионнан астам жұмыртқа мен 1,1 тоннадан астам құс етін жібердік. Гуманитарлық көмек жергілікті пункттерге жеткізіледі», деді қауымдастық президенті Қайрат Майышев.

Гуманитарлық көмек Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Маңғыстау облыстарына жөнелтілді. Сондай-ақ бірлестік мүшелері өңірлерге азық-түлік өнімдерімен қатар тұрмыстық тауарлар, жүк техникалары мен бірінші қажеттілік тауарларын да жөнелтеді. Мәселен, Қостанай облысындағы «Жас қанат 2006» серіктестігі электр генераторларын, етік, төсек-орын мен шатырларды жөнелтті.

«Қазгер құс», «Ақкөл құс», «ПТФ Есильская» және «Орал құс фабрикасы» серіктестіктері ауыр техника – КамАЗ, жүк тиегіш, тракторлар бөлді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары – «Якорск құс фабрикасы» және «Адель Құс» тасқын су  салдарын жоюға жұмылдырылған әскерилерге ас ұйымдастырса, «Алекри» серіктестігі зардап шеккендерді кәсіпорынның жатақханасына орналастырды.

«Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша, біз жұмысымызды тоқтатпаймыз, барлық құс өсіруші компанияларды су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына көмектесуге шақырамыз», деп қосты Қайрат Майышев.

 

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, 

ЕҰУ студенті