Аймақтар • 29 Сәуір, 2024

Құлсары қаласының 12 мыңға жуық тұрғыны үйіне оралды

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласын тасқын судан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Соған қарамастан 12 мыңға жуық адам үйіне оралды.

Құлсары қаласының 12 мыңға жуық тұрғыны үйіне оралды

Фото: ҚР ТЖМ

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәліметіне сүйенсек, Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындардың арасында үйі суға кетпеген тұрғындар да бар.

«Қазір Құлсары тұрғындарының басым бөлігі оралды. Олардың ішінде тұрғын үйі суға кетпеген, бірақ, эвакуация жарияланған уақытта қаладан кетіп қалған азаматтар да бар. Осылайша, 12 мыңға жуық адам өз үйіне оралды. Тұрғындардың кейбірі ағайын-туыстарының үйіне орналасты. Әлі де эвакуациялық пункттерде, жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан адамдар бар. Тұрғындар үйіне дезинфекциялау жұмысын жүргізіп, қалпына келтіруді қолға алдық», деді Жұмабек Қаражанов.

Облыстық жедел штаб ұсынған мәліметке қарағанда, Жылыой ауданынан 36 мыңға жуық адам эвакуацияланған.

«Қазір Маңғыстау облысындағы эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан құлсарылық тұрғындардың саны – 1800 адам. «Теңіз» қалашығындағы жатақханаларда 600-ге жуық тұрғын қалып отыр. Ал Құлсары қаласындағы эвакуациялық пунктте 170 адам орналасқан», деді облыстық жедел штаб өкілдері.