Заң • 26 Сәуір, 2024

Үш адамның өмірін қиған автобус апаты: Алматы соты үкім шығарды

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылдың желтоқсан айында Алматыда №47-ші автобус жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал туындап, нәтижесінде автобус апатқа ұшырап еді. Қайғылы оқиға салдарынан 3 адам көз жұмды. Сот аталған іс бойынша кінәлі деп танылған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz.

Үш адамның өмірін қиған автобус апаты: Алматы соты үкім шығарды

Фото: Ашық дереккөзден

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 351-бабының 3-бөлігі және 293-бабының 1-бөлігі бойынша Дархан Ахметжановқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

32 жастағы Д.Ахметжановқа абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзу (ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі, 351-бап 3-бөлігі) бойынша айып тағылды. Бүгін істің нүктесі қойылды. 

«Қайғылы оқиға Алматыда 2023 жылдың желтоқсанында болды, Д.Ахметжанов әйел адам басқарған автобусқа мініп, жол ақысын төлеу туралы заңды талабына агрессиямен жауап берген. Жанжал кезінде Д.Ахметжанов автобусты рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап етіп, жүргізушінің бас тартуынан кейін оның бетінен екі рет ұрған. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан автобус жол жиегінде тұрған адамдарды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмып, тағы бір адам зардап шекті. Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында.

Д.Ахметжанов абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды.

Сондай-ақ жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндіріледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сот процесінде айыпталушы өзінің кінәсін бұзақылық бабы шеңберінде ғана мойындады.

Жоғарғы Сот бұл процесті әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн көрсетті. 

пп

(Фото: Жоғарғы Сот)