Руханият • 26 Сәуір, 2024

Ақиқаттың алдаспаны

162 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Сарабдал сыншы Сағат Әшімбаевпен жақын араласқан соң, кездескенде не қызметіне бара қалғанымда ағыл-тегіл кеңесін айтып, әңгімеміз көбіне әдебиет төңірегінде өрбуші еді. Бұл мақаламда сол кездесулерде айтылған әңгімелердің соқталысы мен болған оқиғалардың құндысын боямасыз ұсынуды жөн көрдім.

Ақиқаттың алдаспаны

«Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенімде Сағат ағаға барып едім, сәл көңілсіздеу отыр екен. «Аға, сізде ешқандай бұйымтайым жоқ, тек газеттің секретариатында болған соң, өзіңіз көппен бірге түскен суреттерді жинастырып, керегі болып қалар деп әкеліп отырмын», дедім. Суреттерді алып қарап, әп-сәтте көңілденіп: «Бәрекелді, мұның өте дұрыс тірлік екен» деп алып, бір сілкініп, мәре-сәре болып қалдық. Жағдай сұрауына орай жауап қайтарған болып отырмын. Содан ол әдебиет туралы әңгіменің тиегін ағытты дерсің. Көкірек көзім ашылып, көңілім көк дөненнен де жүйткіп әріге кетті... Осындай ағынан жарыла айтары бар ағаңның болғанына не жетсін!

Сағат ағаның ерекше бір айтқаны: «Мынандай фотоларды жинастырып жүруің­ді құптаймын. Бұлар уақыты кел­генде тарихтан сыр шертер құнды дүние­лер болары сөзсіз» дегені. Содан Сәкеңнің кеңесімен 1982–1987 жылдары «Қазақ әде­биеті» газетінде секретариатта жұмыс істеп жүргенде жарияланған, редакция қор­жынына түскен фотоларды жинап жүр­дім. Кейінірек жинақталған фотолар­ды сол кездегі Ақпарат министрінің орын­басары, жазушы Әлібек Асқарға көр­сетіп едім, кабинетіндегі үстелге сыймай, одан еденге жайып тастап таңдағаны. Ке­йін Әлекеңнің ұйытқы болуымен «Жазу­шы­лар әлемі» атты фотоальбом жарық көрді.

Содан қалған көптеген фото бар еді. Сатирик Шона Смаханұлының қырыққа жуық фотосын Алматыдағы Ш.Смаханұлы атындағы мектепке табыстадым. Ақын Хамит Ерғалиевтің фотоларын баласы Ма­ратқа, қаламгерлер Сейтжан Ома­ров­тікін баласы Нұрайға, Қалижан Бек­хо­жиндікін баласы Ерланға бердім. Қал­ған фотоларды тағы бір іріктедім де, Аста­на қалалық Жазушылар одағының жетек­шісі Дәулеткерей Кәпұлына аманат­та­дым. Ақселеу Сейдімбектікін інісі Асыл­ханға, Сафуан Шаймерденовтікін інісі Сайын Есмағиға табыстадым. Алма­ты­да­ғы Жазушылар одағына барып, сол кез­дегі одақ төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның кабинетінде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтікін музей директоры Әділғазы Қайырбековке, ал қаламгерлер Мұзафар Әлімбаев, Бауыр­жан Момышұлы, Бердібек Соқ­пақ­баев, Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Асқар Сүлейменов, Ғаббас Қабышев, Жа­ра­с­қан Әбдірашев, Мұхтар Шаханов, Рол­лан Сейсенбаев, Софы Сматаев, Бек­сұлтан Нұржекеев, Аян Нысанәлінің фотола­рын тиісті адамдарына табыстап, тағы да көптеген фотоны Жазушылар ода­ғы­на деп, Бақыт ініме қалдырып кеттім.

Міне, Сағат Әшімбаевтың көре­ген­дікпен айтқан бір ауыз кеңесінің арқа­сында осындай игі жұмысқа қолұшын бергенім бар.

 

30 мамыр 1984 жыл

Сағат ағаның қызмет бөлмесінде үнсіз тымырайып отырмын. Бұл кісідей ағынан жарылар ақкөңіл, ініге қамқор азаматтың әңгімесін тыңдаудан әсте жалықпайсың. Әр сөзінде өмірді ұғындырғысы, кейін өкінбейтін іс істеу керектігін айтып, өмір құбылысын философиялық тұрғыдан түсіндіре, қалтарыс, ықпыл-жықпылдарды ашып көрсеткісі келеді. Нешеме цитата, фактімен сөйлегенде бос сөз жоқ-ау. Сәкең маған жақын інісі болғандығымнан шығар, шешіле сөйлеп, өз өкінішін алдыға тарта көңілге қонар біраз құпиясын ақтарды. «Істер істі 30 бен 40 тың арасында тындыру керек. Қанда бар қасиет пе, қазақтың небір азаматтары осы 40-қа дейін бітіретінін бітіріп, одан кейін тыныш жүреді. Ал орыс халқы, суық жақтікі болған соң ба, кешірек қалпына келіп, 40 пен 50-дің арасында ісіне белсене кіріседі екен...» деген-ді.

«Айтарым, міне, мен 37-демін, 2-3 кі­табым бар – бітіргенім шамалы, 5-6 жы­лым­ның бос кеткеніне, біраз нәрседен қалыс қалып қалғаныма өкінемін... Біз уақыт өтіп бара жатыр деп ойлаймыз, тіп­тен олай емес қой. Күн батты, күн шық­ты дейміз – нағыз қателік осыдан бас­талады, негізінде Күн бір орнында тұр­ған нәрсе, айналатын Жер екенін біле тұра мойындағымыз келмейді, сол сияқ­ты уақыт өтпейді, ол бір қалыпта тұра береді, тек өтетін біз, біздің өміріміз... Иә, Берік, айтар ақылым – көп ізден, ең­бек­тен. Әлгі талант деген нәрсе шартты ұғым – бұның бәрі еңбекке байланысты. Ең­бек болғанда да жүйелі еңбек. Бізге жетіс­пейтіні – теориялық білім, көп азамат осы­дан ақсап жатыр. Білімсіз ештеңе жасай алмайсың. Мәселен, кезінде Блокті білім­сіз деп есептеген, ал негізінде Блоктің білімі ұшан-теңіз болған. Білімсіз, ничего подоб­ного, ешнәрсе бітпейді. Керемет туындылар тек білімнің жемісі деп есептеу керек. Сондықтан үздіксіз ізденіс, білім өте қажет. Мәселен, адамды негізінен ұстап тұрған үш нәрсе ғой. Алдымен, зат алмасу, бұл болмаса адам өледі. Келесі  көңіл, қуану, қайғыру сияқтылар – адамға қажет нәр­селер. Ал үшіншісі – ақпарат, білім. Бұл болмаса адам тоқырауға ұшырап, бір ор­нында қалып кетеді екен...

Негізі, теориялық білім қажет дедік қой, ана сендердегі Оралхан Бөкеевтің жеткен жері, көп нәрсесін 40-қа дейін бітіріп, енді өзін өзі қайталап қалып жүр. Оның білу­ге ден қойып, «Кейінгі кезде тарихи-та­нымдық дүниелерді оқуға ден қойып жүр­мін» дегені – білермендіктің белгісі. Әрі қарай қалай болады – оны да көре жатармыз.

Ең бастысы, қатарластарыңнан қалып қоймау. Бізден кейінгі келе жатқан буын  сендерсіңдер, сол бір шоғыр жұлдыздан өз орныңды ала білу үшін әрекет, тек әрекет керек. Көріну керек, танылу керек», деп Сағат ағамыз бір сағаттан аса әңгіме шертіп айызымды қандырды. Көкірек көзіміз ашылып, ұлағатты ғұламаның дәрісін тыңдағандай сергек шықтық. Уақыт тар болмаса, тыңдауға біз бармыз. Ол кісімен аралас-құралас болғанымның пайдасы көп тиді, кейін кітап алып оқитын болдым.

Сағат ағаның әңгімесі біраз сер­піл­тіп, бір мезет болса да санаға сәуле тү­сір­гендей... Мысалға, сол сәуленің әсерінен, міне, күнделік жазып, оқитын кітап­та­рымды реттеп отырмын. Ұзағынан сүйін­дір­сін.

 

17 тамыз 1984 жыл

Үйге Сағат Әшімбаев пен Төлен Қау­пынбаев ағаларды жеңгелеріммен шақы­рып, қонақ еттім. Жасы үлкен сыйлы аға­ларым болғандықтан сәл абыржып, ыңғай­сызданғаным бар. Ыңғайсызданып отырғаным, үлкендермен шүйіркелесу оңай емес. Сәкең әңгімеге бір кіріссе, тоқтата қою қиын. Сөзінің дені маған шын көңілімен ағалық ақыл айту болып келеді. Әріге кетсе де, әйтеуір иіп әкеп маған тірейді. Өкініші көп, енді оны мен сияқты інілерінің қайталамауын тілейді. Иә, магнитофон қосып жазып алар ма еді, әттең. Өмір, күрес, жағдай, әрекет туралы айтқандарын тыңдау былай тұрсын, әр бөлігін бөлек-бөлек жазып алып, тұмар қылуға жарайды. Ал Төлен ағаны тереңінен, жаңа бір қырынан танығандаймын. Иә, Сағат аға айтпақшы, жолы болмай жүр. Жан-жақты са­уатты. Өмірден көргені көп, түйгені мол. Маған айтары: ырду-дырдудан аулақ бол, біз кезінде көсіліп жүріп көп нәрсені ұмыт қалдырыппыз. Тек оқу, жазу керек екен...

Сағат аға түйіп айтты: «Бар нәрсе күйіп бара жатса да, өз мақсатыңнан айны­ма, қо­лыңда қаламсап, алдыңда қағаз – соны ға­на біл... жаз, жаз да әкел, өзім-ақ шығара­мын...»

Әңгіме арасында өзінің де прозаға ауыспақ ниеті барын айтып қалды. Нарын­қол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рауан Әріпов Сәкеңді біреулерге «біздің Сағат сатиригіміз» деп таныстырыпты... Сәкең осыны айтып күліп, маған: «Так что, сын мен сатира көп жағдайда туысады, нысанасы бір, критерийлері үндеседі. Беліңе сатира атты сын садақты ілген екенсің, тоқтама, қазіргің дұрыс, бірақ тоқмейілсіме, Сүйіндік бабаңның әруағы қолдасын», деп бата берді.

Төлен ағаның үйіндегі жеңгей ақ­жарқын, қарапайым әңгімені келістіріп айтады екен. Жеңгейдің: «Дұрыс көңілмен шақыратындар осылай жұмаға шақырады. Орта­ша сараңдар сенбінің кешіне, тіпті сараңдар жексенбіге шақырады... Аға­ларың отырғанда көңілді отыр, сөйлеп отыр. Үндемеу – өнер емес деп келеді де, үйге барған соң, артық кеттің деп сөгеді...» дегені есімде қалыпты.

Ал жазушы емес пе, Шәрбану жеңгей әліптің артын бағып, табиғат берген тұйықтық болу керек, сөзге көп араласпайды. Араласса дөп айтады, әріден тартып түйіп айтады. Жеңгейдің: «Берік қайным, білуімше, ел жағынан Сәкең екеуің аталас екенсіңдер. «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақтан» деген тіркесті ел-жұртың бекер айтпаған, ағаң да сүйкеудің шебері, сен де құралақан емес екенсің. Негізі сын мен сатираның тегі бір емес пе, екеуіңе сол қасиет қонған. Ұзағынан сүйіндірсін. Ал, келін шырақ, өзің де көріп жүрген шығарсың, бұлардың бабын табу оңай емес...» деп келініне қарата менің жаныма майдай жаққан сөздерді тоғытқанына да риза болдым.

Сағат аға: «Ұзақ ғұмыр берсе екен... Ойдағыларым он тарау, ойыма оралып сап түзей қалса, қапаланамын, қажыр-қайратым жетеріне сенімдімін. Бірақ уақыт шіркін қуырып барады. Өзім жетім өскенім жетеді, балаларымның басына бермесін. Қазіргі жастарға жының келеді – ішіп-жеу, бәсеке, ырың-жырың, басқа түк жоқ. Баяғыда Плеханов айтқан екен: «Социализм бәрін жеңеді, тек мещанстводан түбі жеңіледі» деп. Қарап отырсаң, соған келе жатырмыз. Күннің өзі теңізден қоректенеді екен...»

Төлен аға: «Сағат философтардан цитата келтіріп, философиялық түйіндер айтып отыр. Негізі, сол философияны жат­танды түрде емес, әріден, тереңінен, негі­зін білген болса, кез келген мәселені, мы­салы, бағанағы айтқан әйел дауы, өлім, тағы басқаларды талдап түсіндіру оңайға тү­сер еді. Бізде осы жағы жетіспей ме деп қор­қамын...» деп кідіргенінде, Сәкең: «Дұ­рыс­ айтасыз», деп сәл бөгеліп үндемей қалды.

Иә, мұндай кісілерді таңды таңға ұрып тыңдай бергің-ақ келеді. Олардың айтқан аталы сөздері кеудеме өзгеше шырақ жағып, еріксіз ерекше ойға қалдырды.

 

* * *

Ауылдан келіп, жазушылыққа жаңа­­дан араласа бастаған Тұрсынжан Шапай­дың жазған материалдарына риза болған Сағат аға «Жазушы» баспасына өзі барып танысыпты. Тұрсекеңнің айтуы бойынша ол оқиға былай болыпты. Мен кезекшілікте жүріп Тұрсынжанға «Қазақ әдебиеті» газетіне материалының шығып бара жатқанын айтамын. Ертесінде Тұрсекең киоскіге ерте барып, газет алады. Бұл жұма күні болса керек. Содан дүйсенбіде Тұрсынжан жұмысында отырғанда Сағат Әшімбаев кіріп келіп, көптің көзінше: «Осында Тұрсынжан деген қайсысың?» дейді. Сәкеңді суретінен танитын Тұрсекең орнынан лып етіп тұрып: «Менмін», дейді. Сөйтсе, Сәкең баспаның бас редакторы Мұхтар Мағауинмен әңгімелесіп отырып, «Қазақ әдебиеті» газетіне бір өте тәуір сын мақала шыққаны сөз бола қалғанда, Мұхаң: «Ол мақаланың авторы Шапаев бізде қызмет істейді...» деп қалады. Содан Сәкеңнің осы бөлмеге келген беті екен. Мақаласына ризашылығын білдіріп: «Інім екенсің, хабарласып маған келерсің, кең отырып әңгімелесеміз», деп жөніне кетіпті.

Бұл эпизодты тілге тиек етіп отыр­ғаным, Сағат Әшімбаев қашанда баспасөз бетіндегі елеулі материалдарды қалт жібер­мей, ал ондағы елді елең еткізер мақа­ла атаулыны құныға оқып, ал ол жарияланым көңіл төрінен орын алса, соның авторын іздеп тауып, ризашылығын білдіретін. Яғни сарабдал сыншының талант атаулыны талабынан танып, мүмкіндік болғанша онымен сұхбаттасып, ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоралғылы пікірін білдіруді дағдыға айналдырғаны тағылымды дүние болса керек. Өз басым ондай тәлімді қарекеттердің бірнешеуінің куәгері болғаным бар.

Талантты қаламгер жөнінде ықыласы айрықша еді. «Талантты адам қынсыз қылыш сияқты» немесе «Талантты жазушы көргенін де, көрмегенін де жасыра алмайды» деген қанатты сөздері шығармашылыққа шынайы көзқарас тұрғысынан айтылғаны анық.

Сарабдал сыншы шығармашылық ор­таға имене енген таланттың айналасы­на ықпал-әсерін былайша бедерлейді: «Әде­­биет­ке өзгеше бір талантты жазу­шы­­ның келуі, оның қаламынан жақсы шы­­ғарманың тууы ұлттық игілік, табыс екен­­дігіне сөз жоқ. Ал ол сонымен бірге бел­­гілі бір дәрежеде өміршең өнердің өне­­гесін ала келеді. Яғни басқа жұрт соған қа­рап бо­йын түзейді, жазудың қиын­ды­ғын сезінеді. Шынайы таланттың келуі та­за­лыққа, адалдыққа жол ашып, хал­ту­ра­­ның жолын бөгейді. Белгілі мәтелге салып­ айтсақ, кемел талант кемесі келгенде хал­тураның қалтыраған қайығы судан шығады».

 

* * *

Бірде қызмет орнына барып едім, келгенімді құп көріп, біраз әңгіменің бетін қайырып барып: «Шығып жүрген сати­ралық әңгімелерің дұрыс. Ал не бітірдің, бар жазған әңгімелеріңнің жалпы саны қанша?» деп сұрақты төтесінен қойғаны. Қосыңқырап, 70-тен асты дегенім де: «Аз, қысқа әңгіменің классигі Антон Чехов 700-дей әңгіме жазыпты, Бунин сараптай келе оның 48-ін ғана мықты, еш уақытта құнын жоймайды депті.

Ал қазақ әдебиетінің клас­сигі Ғабит Мү­сі­репов 5 томдық таңдамалы шығар­маларын баспадан шығар­ған­да, сыншылар қауымы оны­сын қомсынды. Азсынды. «Мұх­тар Әуезовтікі – 20 том, Сәбит Мұқановтікі – 12 том. Сіздікі – 5-ақ том. Бұл қалай? Болмайды, Ғабе. Құры­­ғанда 10 том­ды­ғыңыз­ды да­йындаңыз» деп жана­шыр­­лық таныт­ты. Міне, қызық. Екі-үш жыл­дан соң жа­рық­тық Ғабең 5 томын сұрып­тап, 3 томға түсірді. Таңғалғандарға сөз зер­гері былай деп жа­уап берген екен: «Осы 3 томымның ішіндегі екі-үш әңгіме жиыр­ма жылдан соң оқыла ма, оқылмай ма? Білмеймін».

Әркімге әрқилы көзқарас тудыратын, алайда күллі әлем жаппай оқып жатқан жапондық Мураками кезекті бір сұхбатында: «Жазғандарыңды өзің өлгеннен соң, отыз жылдан кейін қайта басып шығарса, классик сол. Ал енді көзің тіріде жазғандарыңды оқитын жан табылмаса не болғаны» деп жазыпты...» деп айтқан салмақты сөзі күні бүгінге дейін көкейімде сақтаулы қалыпты.

 

* * *

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихымызда орны ерекше екені белгілі. Сол оқиғадан кейін Сағат аға мені ша­қы­рып, бір тапсырма беріп отырып: «Өт­кен­­д­егі Қазақстанға басшы болып келген Кол­­биннің Жазушылар одағында болған кез­десуіне қатысқан шығарсың?» деп қалды. Мен ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүргендіктен, «қатысқан шығарсың?» деген сұрағына бас изедім.

...Сәкең тұнжырап біраз отырды да,­ жиында сөз сөйлеген айбынды ақын Жұ­бан Молдағалиевтің: «Мен қазақтың ұлын қорлап, қызын қарға отырғызып, ша­­шынан сүйреп жатқанын көргенше, соғыста өлуім керек еді!..» деген сөзін ны­ғарлай қайталап: «Жұбағаңа құлдық! Бұдан былай Жұбағаңа бас иіп, заманға кетер ана семсер де өрелі сөзі тарих тас­пасында өшпестей болып қаларына сенімдімін!» дегенінде, менің ойыма сол оқиғаға байланысты беделді де елге таны­мал азаматтарымыздың: «Бұдан асқан оң­бағандық жоқ! Біз масқара бол­дық, ұл­ты­­мыз масқара болды! Мына бұза­қы­лыққа қатысқан оңбағандарды атып тас­таса да, артық болмайды!» «Бұл – біздің кінәміз. Біз оңбаған ұрпақ тәрбиелеппіз. Жексұрындарды аямау керек!» деген кесірлі сөздері ойыма оралып тұнжырап, төмен қарадым.

Сәкеңнің Жұбан Молдағалиевтің қаһарлы сөзін тілге тиек ете айтқан қысқа да нұсқа сөзінен арлы адамның бүкіл қайраткерлік болмысы сезілгендей... Күн­делігіндегі: «17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шы­ғар­мын. Ал оны ұмытқан жерде барың­нан жоғың жақсы» деп жазылған сөздері жан күйзелісінің көрінісі болса керек.

Ал сол Желтоқсан көтерілісінің бүкіл көрінісінен хабар берер телетаспаның түсірілуіне байланысты шет-жағасы бұған дейін айтылып келген, қауіпті де қатерлі операция туралы жайтты тағы бір мәрте еске түсірелік.

Алаңда болып жатқан шеруді видео­ға ­жазып алуды сол кездегі Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тара­ту жөніндегі мемлекеттік коми­теті төрағасының орынбасары Сағат Әшімбаев (сол кезде комитет төрағасы Мәс­кеу­ қаласында жүргендіктен) тәжіри­белі оператор Рубикжан Яхинге тапсы­рады да, түсірген таспасын өзіне тікелей әкелуді ескертеді. Қызметкер тапсырманы тиянақты түрде орындап, таспаны әкеп тапсырады. Содан Сәкең оператор әкелген таспаны дереу көшіртіп алады да, түпнұсқаны бөлмесінде тұрған темір сейфтің ішіне емес, оның сырт бөлігіндегі жоғары орналасқан табанына желімдеп тас­тайды. Ертесіне қауіпсіздік органдарының қызметкерлері келіп тас­­паны сұрағанда, оларға көшірмесін ұсынады. Ал біз көріп жүрген Желтоқсан көтерілісі жөніндегі көрсетілімдер – сол тиісті орындардың «қы­рағы көздерінен» «сұрыпталып» барып рұқсат етілген көріністер екен. Ал ана таспаның түпнұсқасы сол күйінде қала берген. Яғни Сәкең оны бір күні сенімді інісі, спорт комментаторы Рабат Жәнібековке тапсырады. Ағасының бұл құпия ісіне аса жауаптылықпен қараған Ра­бат таспаны Алматы маңындағы Өжет аулындағы танысының үйіне апарып, еш­кімге көрсетпеген қалпы жерге көміп тас­тайды да, араға бес жылдай уақыт өт­кенде Сағат Әшімбаевтың өзіне табыс­тайды. Ол таспаның содан кейінгі жағдайын Сә­кең­нің жұбайы Шәрбану Бейсеновадан біл­генімізде: «Кейінгі кезде таспаның толық нұсқасын көруге ұмтылып едік, одан бері техникалар нешеме өзгеріп, оны көрсететін аппараттардың реті болмай тұр. Таспаны сол күйінде Алматыдан Астанаға көшкенде құнды дүниенің бірегейі ретінде өзімізбен бірге ала келгенмін. Алдағы уақытта оны Телерадио орталығының мұрағатына тапсырайық деп шештік», деді.

Міне, азаматтық, міне, көрегендік...

Ал әдебиет әлеміндегі «Сын мұ­раты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құш­тар­лық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» пен «Азаматтыққа адалдық» атты кітаптары – Сағат Әшім­баевтың әдеби-эстетикалық әлемі – туын­дыларының аты мен затынан көрініп тұрғандай тереңдік пен кемелдіктің, азаматтық пен адамгершіліктің әлемі. Ол – сыншы мұратының, талантқа тағзымның, парасатқа құштарлықтың, шындыққа сүйіспеншіліктің, ақиқатқа іңкәрліктің әлемі, шындықты жазып қою ғана емес, күнделікті өмірде ұлт мүддесін айтып та, айтысып та қорғаған қайраткер.

Негізінде қазақтың философиялық сыны тарихындағы ерен тұлға Сағат Әшім­­баев өз кезеңінде белгілі тележурналист, ұшқыр ойлы көсемсөзші де бола білді. Алғашқы «Жүректен қозғайық» бағ­дар­ла­­масы оның тележүргізуші ретін­дегі қо­ғамның кертартпа мәселелерін ашық айт­қан ойлы да өнегелі бастамасы ғана еді. Ал ата­жұрттан тыс жерлерде тұратын қан­дас­­та­рымыздың арасында болып, түсіріп қайтқан «Қауышу» атты жаз­басын да қа­лың көпшілік тұшына қабыл­даса, келесі «Парыз бен қарыз» бағдар­ла­ма­сында қа­зақ­ халқының жүрегін жаулап, одан да көп аудиторияның назарын аударды. Бұл жо­ба аясында алғаш рет ұлттық біре­гей­лік­ті ояту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен жас ұрпаққа пат­риоттық тәрбие беру мә­­­се­лелері тал­қыланды. Бұл хабардың қо­ғам­­­дық сананың қалыптасып, ұйқыдағы ой­­дың оянуына, ұлттық сана-сезімнің сіл­кі­­ніс­­ке келуіне айрықша серпіліс әкел­гені айд­ан анық.

Түйіндеп айтсақ, ағыл-тегіл ақыл­шы­мыз, әрқашан талантқа қамқор Сағат Әшімбаев өзінің суреткерлік биік тұғы­рымен, азаматтық берік ұстанымымен қазақ әдебиетінің тұтас бір буынының көркемдік көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал еткені сөзсіз.

 

Берік САДЫР,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024