Жәдігер • 25 Сәуір, 2024

Бұғы бейнесі

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елеке сазындағы қазба жұмыс­тарынан табылған бұғының бұл фи­гурасы Өскемендегі тарихи-өлке­тану музейінде сақталған. Музей маман­дарының айтуынша, мұны жасаған шебер жас патшайымның заттарын безендіру үшін пайдалануы мүмкін.

Бұғы бейнесі

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Ерекше көз тартатын барельефті фигура таза алтыннан құйылған. Бұғыны шебер жатқан қалыпта бейнелепті. Аяқтары бүгілген, тұяқтары өткір, мүйізі салалы. Жануардың басы тік көтеріл­ген. Зергер аша тұяқты аңның мүсі­­нін жа­сап қана қойған жоқ, мінезін де бере білген. Кербез. Мүйіздері артқа қа­рай қисайған, басы көтеріңкі. Шағын ғана мүсіннің өзі динамикалық сипатта жасалған. Көздерін көгілдір таспен көмкерген. Көздерін ғана емес, денесі, тұяқтары да бағалы таспен зерленіпті. Алайда олар бүтін сақталмаған екен. Иығындағы тамшы тәріздес орындағы тас түп орнымен жоқ. Ал сынықтарын зерттеген мамандар көгілдір тасты лазули деп тапқан. Шағын ғана мүсінге үңіле қарасаңыз, денесінде, мойнында және бет сүйегінде ілмектер бар.

Сонымен қатар мүйізді бұғының жанынан жеті бірдей марал мүсіні табылған. Әшекей бұйым ретінде жасалған бұл мүсіндердің де аяқтары бүгілген, мойындар тік көтерілген. Дегенмен, әрбір бұғы фигурасында айырмашылық бар. Бейнеленген маралдардың да көз­дері, құлақтары түрлі-түсті тастармен көм­керілген. Бірақ бәрі бірдей сақталмаған.

Фигуралардан философиялық ой түйетін болсақ, ежелгі шебер пат­шайым­ның о дүниеде пайдаланады-ау деген жауынгерлік жабдықтарының бетін безен­діру үшін бұғы-марал фи­гу­ра­ла­рын пайдаланған. Тұяқты жануар­­лар­ды қасиет тұтса керек. Айта кетейік, біздің заманымызға дейінгі VIII ғасыр­ға жататын бұл фигуралар Шілікті жазығындағы қорғандардан да табылған.

 

Шығыс Қазақстан облысы