Волонтер • 25 Сәуір, 2024

Белсенді жастар күш біріктірді

25 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде елдегі еріктілер су тасқынының әлегімен күні-түні қызметте жүр. «Amanat» партиясының мүшелері мен «Жастар рухы» белсенділері де күш біріктіріп тасқыннан зардап шеккен халыққа жәрдем беріп жатыр. Қоғам жанашырлары тұрғындарды эвакуациялау, гуманитарлық көмек жинау және үлестіруге жұмылдырылды.

Белсенді жастар күш біріктірді

Республикалық волонтерлер штабы­ның алаңында жастар ұйымдары­ның жетекшілері бас қосты. Жиында «Amanat»-тың атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партияның ел аумағындағы филиалдары жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылып, белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатқанын айтқан еді. Президенттің үндеуімен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі волонтерлер су басқан қалалар мен ауылдарға аттанды. Өйткені еріктілерде өзгенің қайғысы деген ұғым жоқ. Олар гуманитарлық көмек жеткізіп, жағалауларды нығайтып, бөгет тұрғызып, құтқарушыларға ас-ауқат ұйымдастырып жатыр. Бүгінде волонтерлер қозғалысы қуатты қоғамдық күшке айналды. Бір айға жетер-жетпес уақытта 4 мың тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық керек-жарақтар, құрылыс материалдары және өзге де қажетті заттар жиналды. Ал Атырауда партияның бастамасымен ұзындығы 22 шақырымды құрайтын бөгет құрылысы аяқталып келеді. Оған 1,3 мың жұмысшы, 120 техника жұмылдырылды. Бөгетті 6 метрге дейін биіктету жұмысы басталды, – деді ол.

7 сәуірде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бастамасымен су тасқынына қарсы күрес жұмысы аясында Республикалық волонтерлер штабы құрылған еді. Оған еліміздегі ірі республикалық жастар ұйымдары мен қоғамдық қорлар қосылды. Бұл жұмысты «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты үйлестіріп жатыр.

– Ұйымдардың 50 мыңға жуық мүшесі мен волонтері зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып отыр. Құтқарушылармен тең дәрежеде көмек көрсетіп, алғы шепте жүрген жас­тар саны күн санап артып келеді. Жергі­лікті органдар мен волонтерлер бірлесе жұмыс істейді. Басты міндет – зардап шеккен барлық адамға барынша жедел көмек көрсету, – деді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Өз кезегінде заңгер Ақерке Күнғазы­қызы зардап шеккен адамдардың жоғалған құжаттарын рәсімдеуге және олардың өтемақы алу үшін өтініш беруіне көмек көрсетуді ұсынды. Айта кетейік, дәл осы мақсатта партияның «Құқықтық көмек» жобасы жалғасып жатыр. «Amanat»-тың өңірлік қоғамдық қабылдау бөлмелері Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы эвакуа­циялау пункттерінде 10 рет көшпелі қабылдау өткізді. Игі іс аясында 1 160 адам консультативтік-құқықтық көмек алды.

Осы орайда «Қазақстан Жастар конгресінің» атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев төтенше жағдай кезіндегі волонтерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу туралы бастама көтерді. Ал Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Наукен студенттік қоғамдастық Атырау қаласы­ның маңындағы жағалауды нығайту жұ­мысына белсенді атсалысып жат­қанын мәлім етті. Белсенді табиғи апат аяқталғаннан кейін волонтерлерді құм салынған қаптардан тұрғызылған уақытша бөгеттерді алып тастау жұмысына да жұмылдыру қажет.

Басқосуға «Медицина жастарының» төрағасы Абылайхан Әбдіраш, «Ассамб­лея жастарының» төрағасы Тимур Жұмырбаев, Ұлттық волонтерлік желі басшысының орынбасары Айбек Досымбетов, «Dauletten qory» қайы­рымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық, «Ауыл» ХДПП «Ауыл жастары» жастар қанатының төрағасы Дәурен Рахымбек, ҚРКФ жанындағы «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев, «Biz Birgemiz» қорының төрағасы Перизат Қайрат қатысты.