Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Күміс жамбы, күміс кітап, күміс жыр

27 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арқа аспанынан күмбірлеп күміс өлең төгілді. Сонау Алатау төрінен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен 75 жас мерейтойына орай еліне келіп, еркелеп қайтты. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері ақынның ел жатқа оқитын «Шыт көйлек» секілді өлеңдерін ерекше әсермен жеткізді. Кеншілер мәдениет сарайында өткен «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты кештің шымылдығы осылай түрілді.

Күміс жамбы, күміс кітап, күміс жыр

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімдігінің қол­дауымен, мәдениет, архив және құжат­тама басқармасының ұйымдас­тыруымен өткен жыр кешінің беташар сөзін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын айтып, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын табыстап, ақынға лайықты құрмет көрсетті.

–  Сонау 70-жылдардың жуан ортасында жырсүйер қауым жатқа оқып, тыңдарманы там­санған «Шыт көйлек» атты лирикалық туындысымен әдеби ортаны елең еткізген жас ақын бүгінде қазақ поэзиясының көр­некті өкіліне айналды. Кешегі Алаш көсемдерінің алтын бе­сігі Ақтоғайда туып, ғаламға Ақ­сораңның биігінен қараған ақынның Тоқырауындай мөлдір жыр жазбауы мүмкін емес еді. Бойына ұлт ұлыларының рухы дарыған Абзал ағамыз – туған жерінің қасиетті топырағын бойы­на тұмар, жырына арқау етіп, туған елінің әнұранына айналған «Алтын бесік Ақтоғайым» әнінің сөзін жазып, перзенттік парызын адал атқарған ақын.  Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Абзал ақынның сезім сергітер жырлары Ақтоғай топырағында бүр жарып, Қара­ғандыда қанаттанып, асқақ шың­дары аспанмен тілдескен Алатауда есейіп, бүгін Арқаға ора­лып отыр. Қазыналы өлке­міз бүгін қасиетті қара өлеңнің қағба­сындай қастерлі күйге бө­леніп, жыр мерекесіне куә болып жатыр. Қуаныштарыңыз құтты бол­­сын, Арқа жұрты!, – деді құт­­­тықтауында Ерлан Бейсем­байұлы.

Кешті сән-салтанатымен жүр­гізген ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Ілияс Мұқай қара өлеңді «Таққа» отыр­­ғызып, оған «Тәж» кигізген, қоғамның ащы ақиқатын «Уытты» тілімен сынап, ұлттық поэзияның «Қаракөгін» ерттеп мінген Абзал Бөкен ақынды елдің ықыласымен ортаға алдырып, өлең сұрады. Ел ықыласына мерейі тасыған ақын тебіреніп тұрып өлеңдерін оқыды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург Иран Ғайып сый-құрметтерін көрсетіп, мерейтой иесіне арнаған өлеңдерін оқыды.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса мерейтой иесін «Алаш» алтын медалімен марапаттады.

– Абзал ағаның өлеңдерінен келісті тіркес, кемел пішін, көр­некті, көркем шеберлік, кестелі сөз шеберін көріп, өзі­міз де қатты риза болатынбыз. Біз мектеп бітірген 1979 жылы ол кісінің «Бастау» деген тұң­ғыш жинағы шықты. «Сал­бурын», «Жалғыз желкен» өлең­дерін іздеп жүріп оқыдық. «Шыт көйлек» өлеңімен даңқы қатты тарады. Шыт көйлек киген қыз­дардың бәрі шырайлы кө­рінді. Сол өлеңнен соң, шыт көй­лектің бағасы қымбаттады. Тек шыт көйлектің емес, шынайы поэзияның көркемдік деңгейі көтерілді, – деді Қазыбек Иса.

Мәртебелі меймандар ақын Ержан Алаштуғанның қол­да­уымен «Ар» баспасынан жа­қында ғана басылып шыққан, сия­сы кеппеген «Күміс кісе» кіта­бының тұсауын кесті.

Абзал ақынның сөзіне жазыл­ған әндерге де кезек берілді. Сыр­лы сазгер Қадыр Баймыр­заның «Қарағандым» әнін Нұр­жан Жасымхан шырқаса, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрет­кері, дәстүрлі әннің дүлдүлі Дәуренбек Әркенов «Аңсауды» әуелетті.

Одан кейін құттықтаулар легін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты, ақын-

дра­­матург Бақыт Беделхан, Ха­лық­­­аралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның вице-президенті Шерубай Құр­манбайұлы, Балқаштан келген жазушы Жанболат Башар жалғады. «Шыт көйлекті» шебер оқитын Шерубай Құрманбайұлы мен Абзал ақын өмірлерінде ал­ғаш рет кездесіп, өлеңді оқып берді.

Абзал Бөкен ақын ғана емес, көсемсөздің де шебері. Бір кез­дері Қарашаңырақ «Ор­та­лық­та» қызмет атқарды. «Ortalyq Qa­zaq­stan» газетінің бас редак­то­ры, белгілі публицист Ерсін Мұ­­сабек «Saryarqa aqparat» медиа­хол­­дин­гінің директоры Қай­рат Әбіл­даның құттықтау хатын табыс­тап, шапанын жапты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев әнмен шашу шашты. Жыр ме­рекесі ақынның туған жеріне ар­нап жазған «Ақтоғай – алтын бесігім» әнімен халықтық «То­қ­ы­­рауын толқындары» ән-би ансам­блі­нің орындауында түйінделді.

«Күн астынан күміс жамбы жауған» жыр кеші осылай өрнек­телді.

 

Қарағанды облысы