Шаруашылық • 24 Сәуір, 2024

Кетпен ұстағанға керегі – су

56 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарадала өңірінде көк­темгі дала жұмыстары қарқын ала бастады. Төс­кейіне төрт түлігін өргізіп, бау-бақшасын жайқалтып отырған өңір ша­руаларының ерен еңбегі еселеніп келеді. Қысты ең­серіп, ерте көктемнен жер жырту, тұқым себу, суару сынды кезек күттірмес жұ­мыс­тар жүзеге асырылып жа­тыр. Алайда то­сыннан туын­даған кедергілер де жоқ емес.

Кетпен ұстағанға керегі – су

Шаруаның айтқанына құлақ түрді

Көктемнің әр күнін тиімді пайдалануға бел шеше кіріс­кен шаруалардың тыныс-тір­шілігімен танысуды мақсат еткен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кетпен ауылдық округіне келіп, ша­руашылық иегерлердің жай-күйімен танысты. Толғандырып жүрген түйткілді мәселелерін тыңдады.

Көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері ауданда 163 гектар күздік бидайдың 44 гектары, 10 365 гектар көп жылдық шөп­тің 1 503 гектар жеріне ылғал жа­бу жұмыстары жүргізілген.

1 547 гектар жазғы масақты да­қыл­дарының 76 гектар жері алдын ала суғарылса, 141 гектар жер жыртылып, 10 гектар жаздық арпа себілген. Жүгерінің 70 гектар жері алдын ала суғарылғаны туралы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев мәлімдеді.

Топырағы құнарлы аймақта кезінде 20 мың гектарға жуық­тайтын егістік жер болса, қазір көлемі кеміп кеткен. Басты себебі – су тапшылығы.

Кезінде қолданыста болған 294 ұңғыманың бүгінде 91-і ғана жарамды күйде. Істен шыққан ұң­ғымалар түгелдей жөнделсе, қа­ра жердің құнары артып, пай­да­ланылмай жатқан ал­қап­тар игерілер еді дейді өңір тұр­ғын­дары. Шаруашылық ие­лері тау­лы аймақтағы елді мекен­дерге тоспа салу мәселесі сан мәр­те кө­те­рілгенімен, әлі күнге ше­шім таппай келе жатқанын алға тарт­ты. Аудандағы 7 тоспаның апат­­ты жағ­дайда екені де айтылды. «Қазсушар» мекемесі тең­гері­мін­дегі 5 тоспа көшкен жұрттың күйін кешіп тұр.

«Биыл Шошанай, Сүмбе, Қырғызсай, Ават ауылдарына тос­па салу мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін 82 млн теңге бөлу жос­парланған. Бірақ бұдан Шо­шанай аулы шет қалып қойды. Сондай-ақ Қарадала массивіндегі мал­шылардың малын суаратын 54 суат істен шығып, аптап ыс­тықта мал-жанның су таппай, ерні кеберситінін жоққа шы­ғаруға болмас. Сондықтан бүгінде жалпы ұзындығы 197 шақырым суатты жөндеудің маңызы зор. Оған бюджеттен 126 млн теңге сұраныс жасалғанмен, қа­ражат қарастырылмады», деді аудан әкімінің орынбасары Дастан Сұлтанмұратұлы.

Ақтам аулының тұрғыны, «Шухрат» шаруа қожалығының төр­ағасы Рехимжан Измахунов тау­дан келетін судың төменге жет­­пей, топыраққа сіңіп кететінін айтады.

«Қарамағымда 30 гектар егіс­тік бар, онда көп жылдық шөп, беде, жүгері, көкөніс өсірі­леді. Алайда аптап ыстықта су тап­пай қи­наламыз. Бұл – бәріміз­дің ортақ проблемамыз», дейді ол.

Ал Кіші Дихан аулының шаруагері Болат Қуанбаев су тапшылығынан бұрын игерген 450 гектар жер көлемнен 100 гек­тар ғана жер қалғанын айтты. Шарын аулының тұрғыны, «Сауыт» шаруа қожалығының иесі Серік Оразалиев тұқым мен тыңайтқыш мә­селесін көтерді. Сон­дай-ақ науқан ке­зінде бөлі­нетін жанар-жағармайды сақ­тай­тын арнайы орынның жоқ­тығы да қауіп тудырып отыр­ғаны ортаға салынды.

Кей азаматтар көптеген ауыл­да мәдениет үйінен мән кетіп, кейбірі құлауға шақ тұрғанын, мектеп мәселелерін де баса айтса, қандастарымыз мал басын кө­бей­туде жер тапшылығын тілге тиек етті.

Өңір басшысы Марат Сұлтан­ғазиев шаруалардың жанай­қайын жіті назарға алатынын, тоспаларды тазарту, су желілерін жаңарту, ұңғымалар мен суат көздерін ашу сынды сан жылғы қордаланып қалған мәселенің түйінін тарқатуда жауапты ма­ман­дар ширақ қимылдап, сер­гек­тік таныту қажеттігін тапсырды.

 

Ел ырысын еселегендер

Келелі кездесуден кейін өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Қарадала өңіріндегі бірқатар нысан жұмысымен танысты. Ал­дымен ат басын «Қалжат Агро» ЖШС-ға бұрды. Бүгінде се­ріктестік 147 гектарға жаңбыр­латып суару әдісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, құрылғыларды орнатуды бастап кеткен.

сч

30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, мал шаруашылығын дамытып отырған «AFM Expert Kazakhstan» ЖШС-ның да қар­қыны күшті. Жылына 1 300 тонна қызанақ өндіретін заманауи тех­нологияға негізделген «TOMATIK» жылыжай кешені мен жылына 200 тонна балық өн­­діруді мақсат еткен «TENGRY FISH» ЖШС аудан эконо­мика­сының дамуына орасан үлес қосып келеді.

Асылтұқымды ірі қара өсі­ру­мен қатар, бау-бақшасын жай­қалтып отырған «А.Тимур» шаруа қожалығы да кәсібін дөң­ге­леткен көшбасылар санатынан. Мемлекеттік қолдауға ие бо­лып, ісін ілгерілетіп отырған серік­тестік басшылары алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын арт­тырып, аудан экономикасын көтеруде белсенділік танытатындарын бүкпесіз жеткізді.

 

Апатты жағдайдағы он нысан

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова ауыл тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, онда өт­кен жылдың қорытындысы бо­йынша ауданның әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсет­кіштері баян­далды.

Былтыр ауданда инвестиция көлемі 22 млрд 756 млн теңгеге жетіп, көрсеткіш тиісті мерзіммен салыстырғанда 1 млрд 873 млн тең­геге артқан. Ал өнеркәсіп көрсеткіші керісінше кеміген, 24 млрд 518 млн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, алдағы жылмен салыстырғанда 6 млрд 662 млн теңгеге азайған. Өнеркәсіп са­ласында 1300 адам жұмыс істейтін 2 ірі кәсіпорын бар. Биыл 27 млрд 315 млн теңгеге өнім өнді­ріледі деп болжанып отыр. Аграр­лық секторда 53 млрд 776 млн теңге ауылшаруашылық өнімі өн­діріліп, тиісті мерзіммен салыс­тырғанда 2 млрд 990 млн теңгеге көбейген.

Ауданда су үнемдеу технологиясы, оның ішінде тамшылатып суғару әдісі бойынша 4 ша­руашылық, атап айтқанда «Шабдалы», «Чунджа Фруктс», «Тиірмен Агро» және «Алма Про­декс» ЖШС-да қол­данылып жатыр. Биыл су үнемдеу техноло­гиясын 7 мың гектар жерге жеткізу бойынша барлық ауылға жоспар бөлініп бе­рілген. Нәтижесінде, 120 шаруа қожалығы 4 461 гектар жерге суды үнемдеу әдісін қол­дануға ниет білдірген. Кет­пен ауылдық округі бойын­ша 16 гек­тар жерге шаруа қожалық­тарынан тамшылатып суғару әдісін қолдануға өтінім түскен.

Өткен жылы минералды тыңайт­қыштар бойынша аудан­дағы 224 шаруа құрылымдары 2 945 тонна аммиакты селитра, аммофос, нитроаммофос пен кар­бомид алған. Алайда Кетпен ауыл­ды минералды ты­ңайтқыш сатып алмаған.

«Мал шаруашылығы саласына тоқталсақ, ауданда осы жылдың қаңтарында 234 989 бас ұсақ мал, 12 577 бас жылқы және 79 723 бас ірі қара тіркелген. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша 203 тұлғадан 1 млрд 710 млн теңгеге өтінім қабылданды. 141 ауылшаруашылық тауар өн­дірушісі 1 млрд 157 млн теңге несие алды. Аталған бағдар­ла­маның арқасында ауыл шаруа­шылығы техникасы паркі 25,6 пайызға жаңарды», дейді аудан әкімі Бота Елеусізова.

Өңірде кәсіпкерлік те қа­натын кең жая түскен. Салада 5 603 субъекті тір­келіп, онда 9 мыңға жуық адам ең­бек етеді. Аудандық «Шарын» кре­диттік серіктестігі» «Кең дала», «Іс­кер», «Агро Бизнес» жобалары ар­­қылы жыл басынан бері 11 кәсіп­кер­ге 123 млн теңге несие берген.

«Жоспар бойынша ауданның барлық елді мекені газдандырылады. Аудан орталығы Шон­жының 53,8 пайызы табиғи газға қосылды. Қазіргі проблемалық мәселенің бірі – Шонжы ау­лындағы 30 көпқабатты тұрғын үйге блокты модульдық қазандық (БМҚ) жобасын сатып алуға қаражат бөлу қажеттілігі. Сон­дай-ақ биыл Шарын, Тасқа­расу және Бахар ауылдарында құ­рылыс-монтаж жұмыстары аяқталады деп жос­парланып отыр», деді аудан әкімі.

 

Алматы облысы