Аймақтар • 23 Сәуір, 2024

Жайық бойында 473 шақырым қорғаныс бөгеті салынды

46 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында Жайық өзенінің бойында 473 км қорғаныс бөгеті салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жайық бойында 473 шақырым қорғаныс бөгеті салынды

Фото: government

Атырау облысында Жайық өзеніндегі судың көтерілуіне және Иреклі су қоймасынан келетін судың артуына байланысты жағалауды нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бүгінгі таңда Жайық өзенінің бойында ұзындығы 520 км-нің 473 км-не қорғаныс бөгеті салынды, 22 сәуірдегі жағдай бойынша 15 мыңнан астам адам, 1,5 бірлік техника жұмысқа тартылды. Жұмыстар Индер, Махамбет, Исатай аудандарында және Атырау қаласында жүргізіліп жатыр», деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар Жайық өзені суының Каспий теңізіне құйылуын жеделдету мақсатында су түбін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Су түбін тазарту және кеңейту жұмыстарына 5 арнайы техника жұмылдырылды. Жылыой ауданының Құлсары қаласында соңғы тәулікте 16 үйде электрмен, 300 үйде газбен жабдықтау қалпына келтірілді, дезинфекциялық жұмыстар әлі де жалғасады.

Өткен тәулікте 80-нен астам үйде дезинфекциялау жүргізілді. Біржолғы материалдық көмек алуға 3398 өтініш қабылданды. Төлемдер 3201 отбасына берілді.