Аймақтар • 19 Сәуір, 2024

Жол құрылысы жандана түсті

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Алматы облысының орта­лығы Қонаев қаласының бас жоспары бекітілгені белгілі. Аталған құжатқа сәйкес, Абай көшесі арқылы Арна мен 10-шағын ауданды жалғастыратын жол салынып жатыр. Құрылысқа жауапты мердігер – «Асар строй» жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жол құрылысы жандана түсті

Бұл көшенің ұзындығы 14,3 шақы­рымды құрайды. Алдын ала бекітіл­ген жобалық-сметалық құжатқа сай, жаңадан түсетін жол­дың бойындағы ин­женерлік желілер түгелдей ауыстырылып, жаңартылады. Оның ішінде газ құбыры мен электр желілері бар. Ал көшенің өзі 4 жолақты болмақ. Жол бо­йын­да бақ орналастыру көз­деліп, абаттандыру да қарастырылған.

Сонымен қатар шағын аудандардың ішіндегі 12 көшенің жолына ағымдағы жөндеу жасалады. Жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Қазір мұнда 39 ауыр техника мен 45 адам қызмет етіп жатыр.

«8, 10-шағын аудандарда сазды аумақтар көп болғандықтан, жолдың биіктігін көте­ріп, жартасты тастар төселіп жатыр. Бұл асфальттың отырып кетуінің алдын алады. Көше бойынан жаңбыр, қар суының кедергісіз ағып өтуі үшін арықтар немесе су арнасын салу қажет. Бұл үшін арнайы жоба әзірленіп жатыр», дейді қалалық Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Әлиев.

Бұған қоса қаладағы 10 көшеге күрделі жөндеу жұмысы жасалады.

 

Алматы облысы