Су тасқыны • 18 Сәуір, 2024

3 мыңға жуық саяжайды су басты

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресейдегі Ерікті (Иреклі) су қоймасынан құлаған мол су жолда Ор мен Орынборды жайпап өтіп, Қазақстан аумағына кірді. 17 сәуір күні Жайық өзенінің Бәйтерек ауданы Январцев аулы тұсындағы гидробекетінде соңғы тәулікте су деңгейі 16 см-ге көтерілгенін көрсетті. Қазір өзен арнасымен секундына 3 мың текше метр су өтіп жатыр.

3 мыңға жуық саяжайды су басты

Фото: minber.kz

Су тасқыны басталғалы бері Орал қаласы тұсында Жайықтың деңгейі 6,5 метрге көтерілді. Жайық, Шаған, Деркөл өзен­де­рінің тасуынан су жайылмасында орналасқан 2 994 саяжай үйі су ішінде қалды.

Бұл күндері Орал қаласында, Жайық бойындағы елді мекендерде 7 мыңға жуық адам күні-түні жағалауды бекітіп, қапшық төсеп, қорғаныс бөгеттерін салып жатыр. Кейінгі дерекке қарағанда, 13 732 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың ішінде 5 703 бала, мүмкіндігі шектеулі 19 адам бар. Эвакуациялық бекеттерде 2 300 адам орналасқан. Оның да тең жарымы – балалар. Ал 11 432 адам уақытша туыстарының үйін паналаған. 4 915 үй жа­нуары қауіпсіз жерге айдалды.

Өңірдегі апаттан құтқару жұмыстарына 6 507 адам, 1 201 техника, 196 су сору құралы, 101 қайық, 3 тікұшақ қатысып жатыр. Еліміздің 7 өңірінен келген құтқарушылар, әскери бөлім сарбаздары мен еріктілер жұмыла жұмыс істеп жатыр. Облыс бо­йынша барлығы 1 020 мың текше метр еріген қар суы сорылды, 844 мың дана қапшық, 5 857 мың тонна инертті материал төселді.

Жалпы, өңірде елді мекендерді тасқын су наурыздың 27-сінен баса бастады. Көптеген жол бүлінді. Қазірдің өзінде су шайып кеткен 24 жол полиция мен төтенше қызмет өкілдерінің бақылауында тұр. 9 елді мекенге үш аптадан бері көлік қатынасы жоқ. Бірақ ол жердегі тұрғындарға азық-түлік жеткізу, қажетті заттармен қамту ұйымдастырылған. Жағдай – толық бақылауда.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриалдық-инновациялық да­му басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев өңірде су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік резерв қорынан, шетел мен өзге өңірлерден келген гуманитарлық көмек таратылып жатқанын айтты. Сонымен қатар жергілікті нарықта әлеуметтік азық-түлік бағасы өсіп кетпеуі де қатаң қадағаланып отыр.

17 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 779 см-ге дейін жетті. Өткен жылы тасқынның ең жоғары деңгейі 557 см болған еді. 850 см болған кезде өзен арнасынан асады, бұл – қауіпті деңгей.

Ал Ресей шекарасына жа­қын елді мекендер тұсында су деңгейі 17 сәуірдің таңында күрт көтерілді. Бұл – жоғарыдан келе жатқан тасқын ел іргесіне жетті деген сөз. Таңғы сағат 8.00-де Бәй­терек ауданына қарасты Январ­цев аулындағы гидробекетте су деңгейі бір тәулікте 16 см-ге көтерілгенін көрсетті. Қазіргі таңда Январцев ауылдық округі аума­ғын­да 9 шақырымдай бөгет тұр­ғы­зылған. Оның 5 шақырымы – Январцев аулында, 2 шақырымы – Спартакта, қалғаны – Кирсанов пен Красноармейск қоныстары тұсында.

– Мұндай кезде бөгеттің биіктігі мен ені үлкен рөл атқарады. 200-дей ауыл тұр­ғы­ны мен бізге көмекке келген 65 сарбаздың жәрдемімен Январцевтің өзінде құм салынған 14 мың қап дайындалды. Енді жаңадан келген 10 мың қапты толтыру жұмысы жүріп жатыр. Өзен суы бөгеттердің топырағын шайып кетпеуі үшін 3 мың метр­дей полиэтилен целлофанмен қапталды. Целлофан берік тұруы үшін қаптарды құлып іспетті қылып орналастырып жатырмыз. Бөгетті нықтау, жағалауды бекіту жұмысымен Кирсановта 50 ауыл тұрғыны мен 100 сарбаз, Красноармейскте 30 тұрғын айналысып жатыр, – дейді Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы