Спорт • 17 Сәуір, 2024

Олимпиада ойындарына 100 күн қалды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына да санаулы айлар қалды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты додасы 26 шілде – 11 тамыз аралығында өтетіні мәлім. Париж Олимпиадасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстан делегациясының қоржынында 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Олимпиада ойындарына 100 күн қалды

Оның ішінде 5 жолдаманы жетісулық спортшылар жеңіп алған. Атап айтқанда, садақ атудан 3 жекелей және 1 жалпыкомандалық, тас жолдағы велоспорттан 1 жолдама бар. Лицензия саны бойынша өңірлер арасында Жетісу облысы үздік көрсеткішпен көш бастап тұр.

Осы орайда, облыс спортшылары олимпиадалық қозғалысты насихаттап, Париж-2024 ойындарына аттанатын спортшыларға қолдау білдірді.

Салтанатты іс-шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, Атланта олимпиадасының қола жүлдегері, Орталық және Шығыс Азия ойындарының чемпионы, І-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Жетісу облысының олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры Мәулен Мамыров, әлемдік аламанда топ жарып, ел намысын қорғап жүрген спортшылар, спорт қызметкерлері қатысып, барша спортшыларға Жетісу облысы атынан сәттілік тіледі.

 

ТАЛДЫҚОРҒАН