Спорт • 15 Сәуір, 2024

Азия федерациясының басшысы сайланды

22 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қыркүйекте Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойны өтетінінен көпшілік хабардар. Аталған дода әлемдік этностық спорт түрлерін насихаттаудың бірегей үлгісі ретінде бағаланып отыр. Осы орайда жоғарыдағы мәртебелі жарыстың алғашқы дайындығы іспетті Шымкент шаһарында тұңғыш рет жамбы атудан ересектер арасында Азия чемпионаты басталды.

Азия федерациясының басшысы сайланды

Бұл сайысқа Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан қатарлы 30 елдің 60-тан аса мергені «Мажар», «Азия», «Түркі» стильмен сайысқа түседі.

Аталған мемлекет өкілдерінің қаты­суымен тарихта тұңғыш рет қазақтың төл өнері «Жамбы ату» стилінен Азия құрлық федерациясы құрылып, басшылығына отандық бизнесмен Еркебұлан Ілиясов сайланды. Болашақта федерацияның кеңсесі Қазақстанда орналасатындықтан жиынға қатысушы өкілдер осы мекеменің атқарушы директоры ретінде ұсынылған Елнұр Иса­құлдың кандидатурасын бекітті.

Сондай-ақ жаңадан құрылған федера­цияның вице-президенті болып қытай елінің өкілі Джанг Ли мырза сайланса, төрешілерге төрағалық ету міндеті Оңтүс­тік Африка елінің азаматы Амали Рачкеге жүктелді.

Басқосу барысында Қазақстан жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Сәбитов жиналған көпшілікке Азия жамбы ату федерациясының алдағы бесжылдық жұмыс жоспарымен таныс­тырып, ұйым құрамына енген елдерге жамбы ату спорты бойынша болашақта қолдаулар болатынын жеткізді.

«Бүгін біз тарих бетінде із қал­дыратын ерекше оқиғаға куә болып отырмыз. Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты – қазақтың мергендік өнері «Жамбы ату» стилін 2030 жылы До­хада өтетін жазғы Азия ойындарына енгізу. Осы мақсатта Қазақстан тарапы федерацияға мүше мемлекеттердің мергендерін қолдауға дайын. Соның бір дәлелі – алдағы төрт жылда федерацияға мүше мемлекеттерге ешқандай жарна төлетпейді және қаржылық көмек көр­сетеді», деді Бақдәулет Маратұлы.

Жиында федерацияға жаңадан мүше болған мемлекет өкілдері сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Бұйыр­са, алдағы уақытта жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізіп тұруға тоқайласты.

 

Шымкент