Су тасқыны • 16 Сәуір, 2024

Апат айтып-ақ келді

48 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәл осылай түйін жасауымыздың өз себебі бар. Бұланды ауданындағы Иванковка бөгетінің қаусап тұрғанын өткен күздің орта шенінде жазып, мәселе көтерген едік. Әттең, айтылған сөзге құлақ асқан ешкім болған жоқ.

Апат айтып-ақ келді

Фото: www.gov.kz

Сау тамтығы қалмаған, әр жерінен опырылып, енді-енді құлап түскелі тұрған Иванковка бөгеті сонау 1975 жылы салынған. Сол уақыттан бері жөндеу көрмеген. Биылғы жағдай тіпті сұрапыл. Аудандағы төрт елді мекеннің 200-ден аса үйі ырық бермей тұрған қарғын судың астында қалды. Бұл жолы да Иванковка елді мекенінің тұрғындары көбірек зардап шекті. 76 үйдің он шақтысы ғана аман, қалғаны тегіс судың астында. 19 қара мал, елуден аса шошқа суға кетті. Тасқын жұтқан құс қаншама. Қазір ауыл тұрғындары Макинск қаласының қонақүйлерін паналап жатыр. Мол су Капитоновка, Купчановка, Журавлевка ауылдарын да басып қалды. Жолболды өзенінде жөңкіле көшкен тау-тау сеңдердің қарасының өзі қарадай иманыңды қасым етеді. Сірескен сеңдер үздіксіз соққылағаннан кейін электр бағаналары құлап, ауданның бірнеше елді мекені жарықсыз қалды. Мәселен, Журавлевка елді мекенінде екі тәуліктен бері не су, не электр қуаты жоқ. Демалыс күндері ауданда жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жария­ланды. Журавлевка ауылында халық уақтылы хабарландырылып, көшірілген екен. Елді мекеннің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету жұмыстары ұтымды ұйымдастырылып жатыр. Аз уақыттың ішінде электр­мен қамту мәселесі жолға қойылмақ. Қазір ауыл тұрғындары шеккен зияндарын заңдастырып, құжаттарын толтыра бастады.

Журавлевка ауылы тұрғындарының айтуына қарағанда, іргедегі Борсық өзені күрт көтеріліп, ернеуінен асып кеткен. Орталық көшеге дейін су басқан. Жергілікті билік қолынан келген жұмысын атқарғанға ұқсайды. Әйтеуір, дер кезінде елді құлақтандырып, егде адамдарды, төсек тартып жатқан науқастарды, балаларды қауіпсіз жерге шығарған. Өзен аңғарындағы кептелісті аршу үшін 700 кг жарылғыш зат пайдаланылған. Селолық округтің әкімі Татьяна Гингельбергтің айтуынша, ауылдағы 92 үйді су басып қалған. Көше бойлай орнатылған электр бағаналары құлаған. Әйтсе де, бірлігі бекем ел табиғаттың тарпаң мінезіне төтеп берген. Мал-мүліктің орны толар, адам аман.

– Біздің әулетте үш бірдей сырқат адам бар еді. Тіпті жүре де алмайтын. Қауіп төнді деген хабар келгеннен кейін телефонымда тыныштық болған жоқ, ұдайы хабарласып, хал-жағдайымызды біліп тұрды. Қарғын су төніп келгенде өздері жүре алмайтын туыс­тарымды көтеріп шығарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Бас аман болса басқасы табылар, – дейді тұрғын Татьяна Гооге.

Осы оқиғаларға байланысты Макинск қаласында жедел штабтың отырысы өткізілді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов қауіптің беті қайтқанын айта келе, әлі де қамсыз болмауға шақырды. Көмекті қажет ететін ешкімнің назардан тыс қалмауын мықтап тапсырды.

Қауіп-қатер де аз емес. Журавлевка елді мекеніне бара жатқан жолда өзен бойында су үстіндегі биіктігі 4-5 метрге жуық сең көрінді. Шағын өзеннің бойында дәл осындай сең көрдік десең, адам сенбес дүние. Демек, арқаны кеңге салуға әлі ерте.

Елдің жанашырлығында, бекем бірлігінде қапы жоқ. Макинск қаласында қайырымдылық көмекті қабылдайтын арнайы орын ашылған. «Светофор» дүкенінің қоймасына жергілікті кәсіпкерлер, қала тұрғындары жылы киім, су өткізбейтін етік, азық-түлік тәрізді қажетті заттарды жеткізіп жатыр. Қойманы жергілікті кәсіпкер Самат Жүсіпов уақытша пайдалануға беріп, өзі бас-көз болып жүр. Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Абылай Жақыпбеков көршілес Бурабай және Бұланды аудандарынан да көмек жеткізіліп жатқанын айтып, қуантып тастады. Елдің ет жүрегін елжіретер жақсы іске мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары да білек сыбана кірісіпті. Бүгін Старый Колутон ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына гуманитарлық көмек жөнелтілді. Степногорск қаласының жанындағы Заводское ауылының Мұстақым Хазірет мешітінің мұрындық болуымен қыруар дүние жиналған. Жергілікті кәсіпкер Бауыржан Бектасов пен мешіт имамы Бауыржан Иманов бас болып, жалпақ жұртты жақсылыққа жұмылдырып жүр.

Өңірдегі жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланған Бұланды, Астрахан, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласы тәрізді қызыл судың қаупі төнген жер – Атбасар. Атбасардағы апаттың беті алапат. 167 үй суға кеткен. 200-ден аса адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Олардың 35-і – бала, 12-і – мүмкіндігі шектеулі жан. Атбасар қаласының өзінде 127 үйді қызыл су басып қалған. Шуйское, Борисовка, Покровка, Тимашевка елді мекендерінде 40-тан аса үй суға кетті. 282 үйдің ауласы суға толды. Бірнеше білім ошағының жертөлесіне су кірді. Жергілікті атқарушы органның және азаматтық қорғаныс қызметінің өкілдері 800-ден аса жылқы, ірі қара, ұсақ малды қауіпсіз жерге жинады. Сәуірдің 11-і төтенше жағдай жарияланғаннан бері жергілікті жұрт жұдырықтай жұмылып, қызыл сумен алысып жатыр.

Бір тәуліктің ішінде Атбасар қаласынан 2 100 текше метр су шығарылды. Жеңіс, Морозов, Достық тәрізді бірнеше көшенің бойындағы еріген қар суы елді мекеннен су айдағыш насостардың күшімен сай-салаға айдалуда. Бұл жұмысқа 122 адам, 36 техника жұмылдырылған. Қарбалас шақта халықтың өтінішіне де назар аударылады. Бір тәуліктің ішінде 34 өтініш айтқан отбасына барып көмек көрсетіліпті.

 

Ақмола облысы