Өндіріс • 16 Сәуір, 2024

Отандық өндірушілерді қолдау қарқыны

94 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуде жаңа өнеркәсіптік саясатқа көшу, қайта өңдеуде жоғары кластерлерді құру мен елішілік құндылықтарды арттыру міндеттеріне баса мән берілген. Өткен жылы біздегі тауар өндірушілердің дайын тауар айналымы шамамен 39,4 млрд долларды құраған.

Отандық өндірушілерді қолдау қарқыны

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елден экспортқа шы­ғарылатын өнімдердің дені металлургия мен химия өнер­кәсібінің өнімдері – мыс пен мыс катодтары, ферроқо­рыт­па, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш және алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ. Олардан бөлек, бидай ұны, күнбағыс майы және минералды тыңайтқыштар үлкен сұранысқа ие. Жыл сайын 155,9 мың тонна күнбағыс майы сыртқы нарыққа шығарылады. 2022 жылдың қорытындысын­да күнбағыс майының экспор­ты 3 есе өсіп, 346,4 млн доллар болды. Былтыр маргарин өнімі­нің көлемі 2,7 есе ұлғайып, 88,8 млн долларға жетті. Бүгінде күнбағыс майына салынатын 20 пайыздық баж салығына қарамастан, осы өнімнің белсенді түрде экспортталып отырғанын айтып өту керек.

Майлы дақылдарды өңдеу­шілердің салалық қауымдастығы ұсынған мәліметтерге қарағанда, 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта 315,1 мың тонна күн­бағыс майы экспортталыпты. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жалпы сыртқы сауда бойынша еліміздің тауар айналымы 2023 жылдың 6 айында 67,2 млрд долларды құрап, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артқанын айтты. Сонымен қатар еліміздің шикізаттық емес тауар айналымы былтыр 22%-ға өсіп, 39,4 млрд долларды құрады. Дайын ауыл шаруашылығы өнімі негізінен Ресей мен Қырғызстанға жасалған экспорттың өсу есебінен 10%-ға ұлғайып отыр. Тауарлар арасында минералды сулар, темекі, шоколад және кондитерлік өнімдер мен сусындар жеткізілімінің артуы байқалады.

ТОП-3 шикізаттық емес экс­порттық тауарларлар қата­рына мыс, мыс катодтары, ферро­қорытпа мен уран кіреді.

Сауда және интеграция ми­нистрлігі тарапынан отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуын қамтамасыз етуде халықаралық көрмелер, биз­нес форумдар мен түрлі бағдар­ламалар аясында қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Биыл аталған бағдарлама шеңберінде тамақ өнімдері, химиялық заттар мен тоқыма бұйымдарын экспорттайтын 111 кәсіпорын таңдалып, сыртқы нарыққа өз өнімдерін таныстырмақшы. Сонымен қатар IT қызметтерді экспорттаушы отандық компаниялардың саны да едәуір өсіп жатыр. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасында сатуға мүмкіндік берді. Платформа арқылы сату көлемі бүгінде 300 млн доллардан асып жығылады.

ит

Иә, кәсіпкерлер үшін бизнесті ашу мен дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты шаралар қабылдап, қолдау көрсетіліп отыр. «Ұлттық жоба» шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредиттерге кепілдік, бұдан өзге де бағдарламалардың арқасында жеңілдікті қарыздар беріледі. Осы ретте мемлекеттік саясаттың жолсерігі бизнеске сенімді серіктес ретінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді. Олар жыл са­йын «Ұлттық өнім» көрмесін ұйымдастырады. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде қор жалпы сомасы 10,9 трлн теңгені құ­рай­тын 187,5 мыңнан астам кәсіп­керлік жобасының іске қосы­луына мұрындық болды. Екі жыл бұрын 1,5 трлн теңгеден астам несие сомасына ашылған 50,5 мыңға жуық жоба бүгінде эко­номиканың әр саласында жұ­мыстарын дөңгелетіп жүр. Жобалар импортты алмас­тыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ елдің экс­порттық әлеуетін арттыруға ықпал етіп жатыр.

Соның ішінде, фарфордан жасалған бұйымдар өнді­ретін «Зерде-Ақтөбе керамикасы» ЖШС ішкі нарықты қам­тамасыз ете отырып, өз өнім­дерін Ре­сейге, Тәжікстанға, Өзбек­станға, Қырғызстанға экспорттайды. Сондай-ақ бройлер етін өндіру және өңдеумен айналысатын «Прима Құс» ЖШС ірі құс ке­шені, қан сақтауға арналған сыйым­дылықтар өндірумен айна­­­­лысатын «Eira Med» кәсіп­орын­дары соңғы уақытта қар­қын­­­ды өндіріс тізбегін жолға қойды.

Отандық өндірушілерге қолдау көрсетуші тағы бір ірі компания – «Бәйтерек» холдингі. Ол экономиканың түрлі саласын, әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптегі бизнесті қолдауға айрықша назар аударады. «Бәйтерек» компаниялар тобы машина жасау, құрылыс, химия, тамақ, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 34 жобаға 468,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Холдингтің енші­лес ұйымдарының арасында «Қазақстанның Даму банкі» 358 млрд теңге шамасында 17 жобаны және Өнеркәсіпті дамыту қоры 109,4 млрд теңгеге 16 жобаны қаржыландырған. Аграрлық несие корпорациясы (АНК) өз қаражатынан 97 млн теңге кө­ле­мінде бір жобаға қаржы қарас­тырды.

Отандық тауар өндірушілер арасында жиһаз экспорты бір жыл ішінде үш есе өскен. Былтыр құны 14 млн долларға жуық өнім шетелге сатылымға шыққан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 31 пайызға артқан. Қазір елде жиһаз жасайтын 1500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Соны­мен қатар шет мемлекеттер тарапынан отандық локомотивтерге қызығушылық артып келеді. Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова, Әзербайжан, Түрік­менстан елдерінен тапсырыс түсу жиілеген. Локомотивтерді локомотив құрастыру мен электровоз құрастыру зауыттары іске асырады. Әр кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 100 техниканың деңгейінде. Бүгінге дейін локомотив құрастыру зауыты 517 локомотив жасап шығарған. Ал елордадағы электро­воз құрастыру зауыты темір­жол нарығында 2010 жылдан бері қызмет етеді. Зауыт –  Орталық Азиядағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі. Өткен жылы отандық машина жасау саласындағы өнім көлемі 25 пайызға артқан.

Отандық өндірушілерді қол­дау шаралары жөнінде Мем­лекет басшысының тағы бір тап­сырмасы – өнімдердің елімізден шыққанын растайтын тетіктерді қайта қарау мәселесі. Бүгінде жаңа тәсілдерде бірқатар үдерістерді автоматтандырып, цифр­ландыруды және өз өнім­дерін өзге елдерге экспорттай­тын отандық компаниялар үшін жүктеменің төмендетілу мүмкіндігі қарастырылып жа­тыр. Қаржы министрлігі отан­дық өндірісті қолдауға және оның дамуын ынталандыруға бағытталған бірқатар бұйрыққа түзету енгізетінін ресми жариялады. Ондағысы ел экономикасында шешуші рөл атқа­ратын сатып алуға қатысты бол­мақ. Мемлекеттік және ұлт­тық компаниялардың сатып алу қағидаларына енгізілген түзе­ту­лер отандық өндірушілерге бірқа­тар артықшылықты береді деп күтіліп отыр. Жеңіл­діктер қатарында 30% аванс төлеу, шарт­тың орындалуын қам­тама­сыз етуден босату, сондай-ақ міндет­темелерді орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын азайту бар.

Осы ретте мемлекеттік сатып алу аясында өзге елге экспортталатын тауарлар сертификатына қатысты да бірқатар түйткілді мәселе бар екенін айтып өткен жөн. Техникалық реттеу туралы заңнамада сәйкестікті растайтын өнімдер техникалық регламентке сай, сертификаттау кезінде аккредиттелген зертханалардың сынақ нәтижесін пайдалануға тиіс. «Самұрық-Қазына» қоры, «СҚ-Фармация» компаниясының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұзақмерзімді сатып алулары, тауарларды, оның ішінде еркін қоймалар мен еркін экономикалық аймақтан ЕАЭО елдеріне экспорттағанда бизнес өкілдері СТ – KZ және индустриялық сертификаттарын ұсынуы керек. Тек осы жағдайда ғана шығындар өтелетін болады. Бұл сертификаттардың әрқайсысы өз кезеңінде отандық өндірушілерді қолдауда белгілі бір рөл атқарады.

Сауда және интеграция вице-министрі құралдардың әрқайсысында кемші­ліктер бар екенін, мәсе­лен, аталған сертификат белгі­лі бір дәрежеде бір-бірін қайта­лайтынын айтады.

Сонымен қатар сараптамалық ұйымдарда біліктілігі мен жауап­кершілігін, салалық ерекшелік­терін растайтын талаптар болмай тұр. Өндірістің нақты бар-жоғын тексерудің мүмкіндігі жоқ. Өндірісті растау үшін өзара интеграцияланған бірыңғай мемлекеттік ақпараттық базаның қажеттілігі байқалады.