Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Мәулен Әшімбаев: Жаңа заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында әзірленді. Бұл туралы Мәулен Әшімбаев Палата отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Жаңа заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді

Фото: Н.Байбулин.

Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл заңдар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында әзірленген. Жаңа нормалар әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуды және жолын кесуді көздейді. Сенат Спикері әріптестерін заңдардың негізгі мақсаттарын дұрыс түсіндіруге және енгізілген ережелердің маңызын жұртшылыққа жеткізуге шақырды.

«Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда, ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді», деді Мәулен Әшімбаев.

Еске салайық, бүгін сенаторлар Палата отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және оған ілеспе «ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда мақұлдады.