Су тасқыны • 11 Сәуір, 2024

Сергелдеңге салған сел

43 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің кейбір аймағында тұрғындар тасқынмен алысып, қауіпсіз аймаққа көшірілсе, су басу қаупі сейілген өңірлер шығындарды есептеп, етек-жеңін жыя бастады. Қолайсыз ауа райының салдарынан ушыққан жағдайды әлі де болса қалыпты деп айтуға келмей тұр.

Сергелдеңге салған сел

Әскерилер – алдыңғы шепте

Төтенше жағдай режімі жарияланған аудан­дарға әскерилер жұмылып, суды бөгеп, тасқынның алдын алу іс-ша­ра­­ларына жәрдемдескен. Мысалы, өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-ша­раларға 1 500-ден аса әскери қыз­метші, 104 бірлік автомобиль техника­сы, 3 армиялық авиация тікұшағы тар­тыл­ған. Қорғаныс министрлігінің рес­ми өкілі Руслан Жангулин баспасөз мәс­­ли­хатында әуе көлігімен 39 адам қауіп­сіз аумаққа жедел жетіп, 4 тоннадан аса жүк тасымалданғанын айтты. Сол­түстік Қазақстан облысы аумақтық қор­ғаныс бригадасының жауынгерлері Петро­павл қаласының маңындағы Зареч­ный ауылының аймағына Есіл өзені­нің бөгетін нығайту үшін бірер күнде мыңдаған қап құм дайындапты. Әскери­лер мұны­мен шектелмей, Төтенше жағдай­лар депар­таменті, полиция қызмет­кер­лері­мен бірге Заречный тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарына араласқан.

– Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл аулында Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің әске­ри қызметшілері ауылдың айна­ласын нығайту үшін 8 мың қап құм толтырды. Екінші топ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сы» АҚ мамандарымен бірлесіп, Петропавл қаласының маңындағы айналма жолды нығайтып жатыр. Қалған екі топ жылыжай, жағалау ауылдарының төңірегін, сондай-ақ айналма жол бойымен құм салынған қаптарды төсеумен айналысты. Осы бөлімнің жүз әскери қызметшісі Петропавл қала­сының Заречное маңындағы бөгет­ті күшейтуге кірісті, – деді спикер.

Атырау облысының Құлсары қаласында Маңғыстау облысын­дағы аумақтық қорғаныс брига­да­сы­ның 187 әскери қызметшісі ауысыммен бөгетті қалпына келтіруге жұмылған. Мұз кептелістерін жою және су ағынын бәсеңдету үшін әскери инженерлер Құлса­ры қаласынан 30 шақырым қашық­тықтағы Жем өзенінде үзбей мұз жарып жатыр. Инженерлер осы уақытқа дейін бас-аяғы 8 жарылыс ұйымдастырған.

Ақтөбе облысы Ойыл өзенін­дегі паром өткелімен Қонаев гарни­зо­нының әскери инженерлері 235 азаматты эвакуациялап, 29 тон­наға жуық жүк тасымалдаған. Паром өткелінің көмегімен 817 азамат эвакуацияланған. Ақтөбе облысының Келешек елді мекені­нің тұрғындарының мүлкін қор­ғауға «Батыс» өңірлік қол­бас­шылығының әскери қызмет­шілері жұмылған.

Жалпы, 27 наурыз бен 9 сәуір аралығындағы жедел іс-шараларға Қарулы күштерден 3 мыңнан аса әскери қызметші, 173 бірлік әскери техника, 14 тікұшақ, 4 әскери-көлік ұшақ жұмылдырылған. Қару­лы күштердің жеке құра­мының көмегімен 2,5 мыңға жуық адам, оның ішінде 745 бала эвакуацияланды. Сондай-ақ 115 тоннадан аса жүк тасымалданыпты.

 

Мал шығыны қалай өтеледі?

Су тасқыны кезінде шығынды барынша азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары облыс әкімдіктерімен бірлесіп 88 мыңнан аса малды қауіпсіз аумаққа шығарған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдиннің хабарлауынша, соңғы деректер бойынша өлген мал саны – 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы басы – 514. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ малдың өлексесін жоюға қарқынды кіріскен. Премьер-министрдің тапсырмасымен бұл іс-шара күшейтілген режімде жалғасады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардабын жою жөніндегі республикалық штаб малынан айырылған тұрғындарға өтемақы төлеу алго­ритмін әзірлеп, бекітті. Мен­шік иелерін, сосын олардың шығын­дарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Яғни табиғи апат салдарынан малынан айырылған тұрғындар түлігі туралы мәліметті көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруге тиіс. Ұлттық статистика бюро­сы жариялаған малдың түрі, жас шамасы, нарықтағы құны туралы мәліметтер негізінде меншік иелерінің мүкәммал шығыны нақ­ты­ланады.

 

Еріктілердің ерлігі

Елдің 3 облысында төтенше жағдай режімі жарияланғанда 29 нау­рыздан бастап Астана қала­сында еріктілер қайырым­ды­лық ұйымдарымен бірлесіп гума­ни­тар­лық көмек жинау үшін  9 пункт ашқан. Бұл игі іске 30 волонтерлік ұйым жұмыл­ды­ры­лып, ағайыннан жеткен жылуды буып-түюмен айна­лысқан. Астана қаласы ерік­тілер фронт-офисінің басшысы Эльвира Есмұханова елордадан тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 550 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілгенін айтты. Игі іске кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар, ерік­тілер, сондай-ақ елдегі ахуалға алаң­дап отырған қала тұрғындары бір кісідей үлес қосқан. Өңірлерге азық-түлікпен қоса, жылытқыш техника, қайық, генератор, күрек, 400 мың қап балалар заттары, гигиена құралдары, шатыр, төсек-орын жаб­дықтары, тағысын тағы аса қа­жетті тұрмыстық заттар жө­нел­­тілген. Бұл – бір ғана Астана қала­сындағы ерліктілердің еңбегі. Тасқыннан аман өзге облыс, қа­ла­ның еріктілері де осылай бірі­гіп, қолдан келген көмегін аянып қалмайтынын байқатты.

«Қазгидромет» РМК болжа­мынша, алдағы күндері ел аумағы­ның басым бөлігінде ауа райы тұ­рақсыз болады. Солтүстік-ба­тыста, солтүстікте, шығыста, рес­­пуб­ликаның оңтүстік-шығы­сын­дағы тау­лы аймақтарда, елдің шығы­сын­да түнде жауын-шашын мол түседі. Батыс өлкелер де жауынды болады. Тек оңтүстік-ба­тыста, елдің оңтүстігінде ғана жауын жаумайды деген болжам бар. Біраз өңірді тұман басып, жел кү­шейеді деседі. Қазіргі қолайсыз ауа райына қарамастан су астында қалған өңірлерге көмекке асыққан құтқарушы, әскерилер, медицина мамандары мен еріктілерге амандық тілейміз.