Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Тасқынға қарсы күрес: спорт саласының 7 мыңнан астам өкілі атсалысып жүр

77 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі 32 спорт федерациясы апатқа тап болған өңірлерге материалдық, оның ішінде алтауы қаржылай көмек көрсеткен. Туризм және спорт министрлігі «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігімен күш біріктіріп, халыққа бірлесе көмек қолын созып жатыр. Спорт ұйымының өкілдері гуманитарлық көмекті қабылдау және халыққа тарату пункттерін ұйымдастыру бойынша ерікті ретінде еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тасқынға қарсы күрес: спорт саласының 7 мыңнан астам өкілі атсалысып жүр

Фото: Ведомство. Телеграм

Тасқынға қарсы іс-шараларға 7700-ден астам сала маманы мен спортшылар тартылған. Спортшылардың арасында аралас жекпе-жек шебері Василий Тахтай, грек-рим күресінен Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Асхат Ділмұхамедов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғали Тұрсынғазиев, «Қазақ күресі» ассоциациясының БҚО бойынша президенті Әсет Сұлтанұлы және тағы басқа белгілі спортшылар бар.

«Қазақ «апат айтып келмейді» деп бекер айтпаған. 5 облыста 13 спорт нысаны су астында қалды. Қысқа мерзімде аталған спорт кешендерін қалпына келтіру жоспарланған. Дегенмен халықтың ынтымақ-бірлігінің нәтижесінде бұл тығырықтан да шығарымыз анық. Ел Президенті өз үндеуінде атап өткендей, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», деді сала министрі Ермек Маржықпаев.